«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛҚЫ БАҚУАТТЫ ЕЛ – БАҒЫ ЖАНҒАН ЕЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елдің әлеуметтік жағдайын халқының әл-ауқатына қарап бағалайды. Балалары оқитын білім ордасы, жұмыс орны, уақытында төленетін зейнетақы мен еңбекақысы, ішер ас, киер киімі барда елдің әлеуеті төмен болмауы тиіс. Осы орайда өңірімізде тұрғындардың әлеуетін жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ресми деректерге сүйенсек, 2001 жылы өңіріміздегі кедейшілік деңгейі 9,2 пайызды құрапты. Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіш – 0,5 пайыз. Кедейшілік деңгейі, әсіресе, соңғы жылдары күрт төмендеген. Бір қызығы, бұл оң өзгеріс Еуропа елдерін жайлаған дағдарыс кезеңіне тұспа-тұс келеді. 2009 жылдары дағдарыстың салдарын жеңілдетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жасалды. Соның бірі – “Жол картасы” бағдарламасы. 2009-2010 жылдары “Жол картасын” жүзеге асыру үшін өңірімізге республикалық және жергілікті бюджеттен 9,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл сома өңіріміздің дағдарысқа қарсы шараларын толықтай орындауға мүмкіндік берген. “Жол картасының” аясында 323 жоба жүзеге асырылып, 23 мыңнан астам адам жұмыс орындарына ие болды. Сумен жабдықтау, кәріз, жылумен қамтамасыз ету, электр жүйелеріне қосымша жөндеу жүргізуге мүмкіндік берді. Жолдарды жөндеу бойынша, сондай-ақ облыс орталығы мен ауылдардың әлеуметтік нысандарына қосымша жөндеу жүргізілді. Шатырды, жылыту жүйесін, ғимараттардың қасбетін жөндеу сияқты бірінші кезектегі мәселелер шешімін тапты. Халыққа аса сапалы медициналық қызмет көрсетуге жағдай жасалды. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі қабылданған шаралар жалдамалы жұмысшылардың санын 4416 адамға арттыруға септігін тигізді. Осының арқасында 2010 жылы жұмыссыздық деңгейі 6,3-тен 5,8 пайызға төмендеді.

Әрине, жұмыспен қамту жайлы сөз болғанда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін айналып өте алмаймыз. Себебі, жұмыссыз жас – қоғам кеселі. Осы орайда қазақстандық жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың тәжірибедегі біліктіліктерін арттыру үшін “Жастар практикасы” бағдарламасы жасалды. Бағдарлама қатысушыларына сұранысқа ие техник-электрик, техник-механик, станокшы, техник-құрылысшы, тракторшы-машинист, ағаш шебері, балташы, сылақшы, жүргізуші, электргаз-дәнекерлеуші, фельдшер, мейірбике, агроном, наубайшы, аспаз, кондитер, хатшы-референт, шаштараз және басқа да мамандықтар оқытылды. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында 2011 жылдан бері 3954 адам “екі қолға бір күрек” тапқан. Жұмыс берушілердің қолдауының арқасында 2554 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылды. Бірер жыл жеке бағдарлама ретінде өмір сүрген “Жастар практикасы” “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына енгізілді. Осылайша келер күннен күтері көп жастардың жұмысқа орналасу жайы елдің басты мәселелерінің бірі ретінде күн тәртібіне қойылды.  

Жастың да, жасамыстың да, ауылдың да, шағын қаланың да мәселесін шешуге бағытталған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы 2011 жылдан бастап қолға алынып, көздегені – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болды. Осы орайда көзделген жоспар қаншалықты орындалды деген заңды сұрақ туындайды. Бағдарлама жүзеге асырылған күннен бастап 373 қарызгерге 801,5 миллион теңге көлемінде кредит беріліп, 600 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Кредит алып, өз кәсібін бастағандар 255 жұмыс орнын ашқан. 293 пәтерлік 281 үй пайдалануға беріліп, оған 265 отбасы қоныс аударды. 323 адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. Ал әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi орташа немесе жоғары ауылдық елдi мекендерде және шағын қалаларда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін өткен жылы 29 жоба қолға алынып, 481 жұмыс орны ашылған. Ал үстіміздегі жылы 41 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырған кезде 688 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осы жерде “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына енгізілген “Жастар практикасына” тоқталғым келеді. Дара болмаса да ауқымды бағдарламаның бір парасына айналған “Жастар практикасына” техникалық және кәсіби білім беру, ортадан кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының 29 жасқа дейінгі түлектері арасынан жұмыссыз жастар қатысуда. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері “Жастар практикасына” 1346 жас маман жіберілді. Бүгінде ай сайын жастардың жұмысқа орналасу мониторингін жүргізіп отырған облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген дерегіне сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде жұмыспен қамту органдары арқылы 20385 жасқа жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіліпті. Аталмыш шаралардың арқасында жастар арасындағы жұмыссыздық біршама төмендеген.

Халқын жұмыспен қамтамасыз еткен елде еңбекақы төлеу мен оның көлемі басты орынға шығары анық. Бүгінде елімізде орташа еңбекақы көлемі 100 мың теңгенің үстінде болса, өңірімізде 2013 жылғы қаңтар-ақпанда бір жұмыскердің орташа айлық еңбекақысы 68 мың теңгенің маңайында болды. Бұл республика бойынша ең төменгі еңбекақы көлемі болғандықтан, бүгінде облыс әкімі аталмыш мәселеге зор мән беруде. Жалпы өткен екі жылда орташа еңбекақы көлемі тиісінше 20,2 және 17,7 пайызға артқан. Статистика Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы көлемі өткен төрт жылда 1,8 есеге артқанын көрсетеді. Яғни, күрт жоғарылау болмаса да, алға жылжу бар.

Мұның барлығы өңіріміздегі он екі мүшесі сау, “тепсе темір үзетін” жандар үшін жасалған жағдай мен көрсетілген көмек. Ал мүгедектер ше?

Көмекке мұқтаж мүгедектердің елдің азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне қатысуын қамтамасыз ету – зайырлы мемлекеттің, зиялы қоғамның басты парызы. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қол қойған Қазақстанда мұқтаж кембағал жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылған. Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттің барлық түрлерінен 255,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Бөлінген қаражат толық игеріліп, мемлекеттік тапсырыс аясында мүгедектерді тегін қамтамасыз ету үшін мүгедектік кресло-арбалар, сурдо-тифло-техник, санаторийлік-курорттық емделуге жолдамалар сатып алынды, протездік ортопедиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, мүгедектер міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етілген. 2012 жылы жергілікті бюджеттерден жұмсалған шығыстардың жалпы сомасы 101,6 миллион теңгені құраған. Ал үстіміздегі жылы мүгедектерді оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге 275 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Оңалту құралдарын жыл сайын сатып алу олардың қажеттілігін уақтылы өтеуге мүмкіндік беріп отыр.

Жоғарыда айтылған жобалар – еліміздегі тұрғындардың әлеуетін көтеруге арналған жұмыстың бір бағыты ғана. Себебі, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстарды бір мақаланың ішінде толық баяндап шығу мүмкін емес.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp