«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЗІНЕ ЖАС АЛМАҒАН КӨРЕРМЕН БОЛМАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлы ақын жайында түсірілген тұңғыш фильмді көрем деушілер сәрсенбі күні кешке облыс орталығындағы “Қазақстан” кинотеатрына лық толды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

… Сасықкөл жағасы. Атын шомылдырып, көкжиекпен астасқан кең далаға қолдарын сермеп, бала Мағжан желмен жарыса шауып келеді. Бар дауысқа салып: “Бұл – менің жерім, бұл – менің елім!” дейді. Көзінде от лаулаған бала Мағжан медреседе қатарластарының сұрауы бойынша парсы тілінде шығарған өлеңін оқуда. Міржақып Дулатовтан (М.Дулатов рөлінде – әнші Сәкен Майғазиев) тәлім алған Мағжан. Ұстазының көмегімен “Қазақ” газетінде жарық көрген алғашқы өлеңі. Бақытты Мағжан. Жарқын болашаққа сенген Мағжан.

55 минуттан тұратын фильмде Мағжан өмірінің әр белесі суреттелген. “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағының басылып шығуы, “Алашорда” партиясының құрылтай съезіне қатысып, мүшелігіне сайлануы, баспа беттерінде өлеңдер топтамасының бірінен соң бірі басылуы, “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға қамалуы, сүйікті жары Зейнеп пен тұңғышы Гражданның қайтыс болуы, артынша “Бостандық туы” газетінің жарық көруі, Ташкент пен Мәскеу қалаларында тұрып қызмет етуі, Мәскеудегі Жоғары әдебиет-көркемөнер институтына оқуға түсуі, “Бутырка” түрмесіне қамалуы, ату жазасы және ақын өмірінде орын алған өзге де оқиғалар шынайылықпен бейнеленген. Мағжанның үстіне киген киімі, ақын рөлін сомдаған актерлердің бас кейіпкермен ұқсастығы, сол жылдардан хабар беретін тарихи ғимараттардың дөп келуі кинофильмнің сәтті шығуының бірден-бір себебі боларлықтай.

Түсірілімі бір жыл бұрын басталған фильмнің кейбір көріністері Қызылжар өңірінде түсірілгені белгілі. Таныс табиғат, облыс орталығындағы көзге ыстық тарихи ғимараттар. Кинофильмде сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Мұстафа Шоқай және өзге де ұлт зиялылары бейнеленген. 

Фильмнің түпнұсқасы қазақ тілінде түсірілгенімен, қызылжарлық көрермен кинотуындыны Пушкин тілінде тамашалады. Айта кету керек, жалпы аталмыш фильм әлемнің бірнеше тіліне аударылмақшы. Жуық арада кино-туындыны көрермен ағылшын және түрік тілдерінде көре алады.

Кинофильм Мағжан жазған күнделік желісімен құрылды. Сол арқылы көрермен ақын өлеңдерін тыңдап қана қоймай, оның ішкі ойларына үңілуіне мүмкіндік алды. Фильмдегі ең әсерлі сәт Мағжанның 1938 жылы қайта қамауға алынып, абақтыда көрген қасіреті. Сияның орнына өз қанын пайдаланған шағы. Өмірін кілт үзген ату жазасы… Көзіне жас алмаған көрермен болмады.

Солтүстікқазақстандықтармен бірге хроникалық-қойылымдық деректі фильмді облыс әкімі Самат Ескендіров тамашалады. Өңір басшысы да толқуын жасыра алмады. Ол жерлес ақын жайында фильм түсіріп, оны көрермен назарына ұсынған түсіру тобына ризашылығын айтып, басты кейіпкерді сомдаған актер Дарын Қалиев пен Дулыға Ақмолданы Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде режиссер Марат Қоңыров фильмнің түсірілуіне демеушілік көрсеткен облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, Самат Ескендіровке фильмнің дискісін сыйға тартты. Түсіру тобына көрермен ортасынан алғыс айтқандар да көп болды. Жиналған кәрі мен жас көз жастарын тия алмады. Сондықтан да болар, көрермен фильм аяқталысымен орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады.

Суретті түсірген

  Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp