«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖИЫРМА АЛТЫ ЖОБА облыс экономикасына сүбелі үлес қосу үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

 

 

 Республикамызда 29 маусым – 5 шілде аралығында “Еліміздің индустриялық өмірінің апталығы” өтіп жатыр. Соған орай Қызылжар өңірінде мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (МҮИИДБ) аясында атқарылып жатқан жобалар жайында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Тотыкамал Құлжанованың ақпаратын газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Тотыкамал ҚҰЛЖАНОВА,  

облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.

Индустрияландыру жалпыұлттық бағдарлама болып табылады. Аталмыш құжатты жүзеге асыруға облыстық басқарма, мемлекеттік органдардың аумақтық филиалдары мен республикалық даму институттары, аудандар мен Петропавл қаласының әкімдіктері, өнеркәсіп кәсіпорындары мен бизнес құрылымдары жұмылдырылған.

Әр мемлекеттік органның мақсатты индикаторлары мен міндеттері айқындалған.

Не атқарылды?

Индустриялық бағдарламаны жүзеге асыруды үш кезеңге бөлуге болады:

Бірінші кезең (2010 жыл) – аталмыш бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін жүйелі шараларды әзірлеуге арналған ұйымдастыру кезеңі.

Бұл – экономиканың басым секторларын және бизнесті қолдау бағдарламаларын дамыту жөніндегі салалық бағдарламаларды (өңірлердің қатысуымен республикалық деңгейде) әзірлеу және бекіту. Индустрияландыру картасын қалыптастыру және бекіту.

2011 жыл – қабылданған шараларды жүзеге асырудың алғашқы кезеңі.

Осы жылы аумақты дамыту бағдарламасы әзірленіп, бекітілді, оның ішінде 2011-2015 жылдарға арналған Солтүстік Қазақстан облысы аумағын дамыту бағдарламасы.

Осы кезеңде заңнаманы жетілдіруге арналған жұмыс жүргізілді.

2012 жыл – МҮИИДБ-сын жүзеге асырудың белсенді сатысы.

Бұған дейін қабылданған шаралар өткен жылғы әлемдік нарықта қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, толық күшінде жұмыс істеп, айта қаларлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

МҮИИДБ-сын жүзеге асыру аясында мемлекет тарапынан бизнеске 100-ге тарта мемлекеттік қолдау тетіктері көмек көрсетті.

Экономиканы белсенді әртараптандыру.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырған 3 жылдың қорытындысы бойынша экономикада оң өзгерістер байқалады.

МҮИИДБ-ның негізгі индикаторларының бірі – 2014 жылы өңірдің номиналды жалпы өнімін (ӨЖӨ) 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайызға өсіру болып табылады.

Облыс бойынша ӨЖӨ мынадай: 2008 жылы – 0,4 трлн. теңге; 2009 жылы – 0,4 трлн. теңге; 2011 жылы – 0,5 трлн. теңге; 2011 жылы – 0,7 трлн. теңге; 2012 жылы – 0,7 трлн. теңге. Былайша айтқанда, базалық 2008 жылға қарағанда номиналды ӨЖӨ 1,7 есе өсті.

ӨЖӨ құрылымында ұқсату кәсіпорындарының үлесі де өсті: 2008 жылы – 7,0%, 2009 жылы – 7,9%, 2010 жылы – 8,5%, 2011 жылы – 7,8%, 2012 жылы – 9,3%.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі де жыл сайын көбейе түсуде: 2010 жылы – 100,2%, 2011 жылы – 107,1%, 2012 жылы – 102,3%, 2013 жылы (қаңтар-мамыр) – 104,5%, оның ішінде ұқсату кәсіпорындарының нақты көлемінің индексі 2010 жылы – 99,2%, 2011 жылы – 107,1%, 2012 жылы – 102,1%, 2013 жылы (қаңтар-мамыр) – 106,1%-ды құрады. Тамақ өнеркәсібінде өнім шығару көлемі – 4,7%-ға, машина жасауда 10%-ға көбейді.

Экономикаға инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың қорытындысы.

2010 жылдан 2013 жылғы қаңтар-мамырға дейін МҮИИДБ-ны жүзеге асыру кезінде облыс экономикасына 237,2 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Ұқсату кәсіпорнына тартылған жеке инвестицияның көлемі 19,9 млрд. теңгені құрады.

Қазақстандық экспорт.

Есепті кезеңде Солтүстік Қазақстан облысының экспорты 648,4 млн. АҚШ долларына жетті.

Облыс кәсіпорындары дәнекерленген болат құбырлар, мұнай сорғыларының қосалқы бөлшектерін, электр оқшаулағыш материалдар, темір жол кешені үшін электротехникалық өнімдер, полиэтиленнен жасалған суайдағыш құбырлар, астық, ұн, макарон өнімдерін экспорттайды.

Индустрияландыру картасы

Облыстың индустрияландыру картасына жалпы сомасы 40,8 млрд. теңгенің 30 инвестициялық жобасы кіреді.

Құрылыс кезінде 1818, пайдалануға берілген кезде 1839 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Облыстың ерекшелігіне қарай 20 жоба агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығында жүзеге асырылады. Машина жасау саласындағы – 3 жоба, құрылыс индустриясындағы – 2 жоба, тау-кен өндірісі саласындағы 3 жоба облыс үшін өзекті болып саналады. Қалайы кенін өндіруге арналған тау-кен металлургиясы комбинатын салу жобасы тау-кен металлургиясы саласын, жел энергиясы қондырғыларын салу жобасы “жасыл экономиканы” дамытуға жағдай жасайды.

Индустрияландыру картасы аясында үш жарым жылда жалпы сомасы 25,8 млрд. теңгенің 26 жобасы пайдалануға берілді, оның ішінде 2012 жылы – 8,7 млрд. теңгенің 7 жобасы. Олардың ішінен мына индустриялық жобаларды ерекше атауға болады:

“Сүт өнімдері” ЖШС-не Швецияның, Германияның, Францияның жоғары технологиялы құрал-жабдықтары орнатылды. Шығаратын өнімдері: “Мумуня” сауда маркасындағы ультрапастерлеуден өтіп, стерилденген сүт және “Наше молоко”, йогурттың 4-5 түрі, “Колибри” шырынды сусынның 8 түрі.

“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-інде полиэтиленнен диаметрі 20-дан 1200 мм.-ге дейін құбыр шығаруға арналған төрт жаңа технологиялық желі іске қосылды. Полиэтилен құбырларын жерастымен тарту және жылу сақтау үшін арнайы полиуретан көбігімен қапталады.

“Мұнаймаш” АҚ “Өнімділік – 2020” бағдарламасына қатысу арқылы өндірісті жаңғыртумен, өнім түрлерін көбейтумен, сол арқылы еңбек өнімділігін арттырумен жүйелі түрде айналысып келеді. Отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат кәсіпорынның “ҚазМұнайГаз” компаниясымен 8 млрд. теңгеге келісімшарт жасауына мүмкіндік туғызды, бұл – таяудағы 4 жылға берілген тұрақты кепілдік. “БРК-Лизинг” АҚ-мен 1,5 млрд. теңгенің жобасын қаржыландыруға келісім жасалып, құрал-сайманмен қамтамасыз етушілерге тиісті қаржы аударылған болатын. Соның арқасында цехтарда Жапонияның, АҚШ-тың және Бразилияның 12 заманауи жоғары технологиялық жабдығы өндіріске енгізілді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың “жасыл экономикаға” көшу жөніндегі тапсырмасына орай Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында “Зенченко және К” КС германиялық екі жел энергиясы қондырғысын орнатты. Оның жобалық қуаты 1,5 Мвт, жылына 8 млн. квВт/сағат электр қуатын өндіре алады. Ол ауылдағы әлеуметтік және шаруашылық нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ететін болады.

Индустрияландыру картасы арқылы үш жарым жылда пайдалануға берілген өндіріс орындары облыс экономикасына 22 млрд. теңгеден астам үлес қосты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp