Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.
Өткен жұма-сенбі күндері аудандардың әкімдерін тағайындау үдерісі жалғастырылды. Өңір басшысы Самат Ескендіров Мағжан Жұмабаев ауданы мәслихатының кезектен тыс сессиясында аудан әкімдігіне Қайрат Пішенбаевтың кандидатурасын ұсынды.
Қайрат Пішенбаев тағайындауға дейін бірқатар басшылық лауызымдарда қызмет атқарған. Өзін кәсіби маман ретінде жақсы жағынан көрсете білді. Ол Ақжар және Қызылжар аудандарында әкім, сондай-ақ “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген. Депутаттар облыс әкімі ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.
Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Қайрат Пішенбаев өзіне көрсетілген сенім үшін өңір басшысы Самат Ескендіровке алғыс білдірді. Сондай-ақ өзі туып-өскен ауданның әлеуеті жоғары екендігін де тілге тиек ете келіп: “Мен өзіме жүктелген міндетті абыроймен орындауға уәде етемін”, – деді ол.
Самат Ескендіров Қайрат Пішенбаевқа алда атқаратын бірқатар тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімі әлеуметтік салаға және ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлу керектігін атап өтті.
***
Облыс әкімі Жамбыл ауданының жаңа әкімінің кандидатурасын да мәслихат депутаттарымен талқылады. Бұл лауазымға Орал Қаппасов лайықты деп танылды. Ол өз еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Қызылжарлықтарға облыстық Білім басқармасының бастығы және Қызылжар ауданының әкімі ретінде танылған.
Орал Қаппасовтың кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары қолдау білдірді.
“Кәсіби маман ретінде туған ауданымның дамуына өз үлесімді қосамын”, – деді өз кезегінде жаңа әкім.
Самат Ескендіров жаңа тағайындалған аудан әкімінің алдына нақты міндеттер қойды.
* * *
Айдана ДЕМЕСИНОВА,
журналист.
Облыс әкімі Самат Ескендіров Тайынша аудандық мәслихатының кезектен тыс 16 сессиясына қатысты. Мұнда ауданның жаңа әкімін тағайындау мәселесі қаралды. Бұл қызметке Серік Салтықовтың кандидатурасы ұсынылды. Ол Новороссийск университетін, “КИМЭП” және Шеффилд университеттерін тамамдаған. Еңбек жолын Балқаштағы “Цветавтоматика” кәсіпорнында бағдарламашы қызметінен бастапты. Серік Төлеуұлы Оңтүстік Африка Республикасындағы “Сингента Қазақстан” фирмасының өкілдігінде де жемісті жұмыс атқарған. Осы күнге дейін Алматы қаласындағы “Сингента Қазақстан” ЖШС басқарма төрағасы болды.
“Серік Салтықов – білімді, тәжірибесі мол адам. Сол себепті, ол Тайынша ауданын дамытуға зор үлесін қосады деп ойлаймын”, – деді оны таныстырған облыс әкімі.
Аудандық мәслихаттың депутаттары Серік Салтықовтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Ол өз кезегінде өзіне сенім артылғаны үшін алғысын білдіріп, ауданның өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Самат Ескендіров Тайынша ауданының жаңа басшысына бірқатар тапсырма жүктеді. Ең алдымен, мұнда ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажет.
Самат Ескендіров бұл күні Уәлиханов ауданына да ат басын бұрды. Өңір басшысы мұнда аудан әкімінің қызметіне Аман Төрегелдиннің кандидатурасын ұсынды. Ол 1975 жылы дүниеге келген. Осы уақытқа дейін Петропавлдағы “Төрегелдин және Серіктестер” салық агенттігі” ЖШС директоры қызметін атқарған.
Үміткер аудандық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болды.
Самат Ескендіров ауданның бұрынғы жетекшісі Серікбай Тұралиновке абыройлы қызметі үшін алғысын білдірді.
Уәлиханов ауданының жаңа әкіміне облыс басшысы ауылдағы кәсіпорындарды Индустрияландыру картасына қатыстыруды және бизнестің дамуына жол ашып, инвестиция тартуды, тұрғындардың жағдайын жақсартуды міндеттеді.
***
Самат Ескендіров Ақжар аудандық мәслихаттың сессиясына да қатысты. Халық қалаулылары мұнда Мұхит Тұрысбековтың кандидатурасын қарастырды. Ол – кәсіби инженер-құрылысшы, халықаралық экономикалық қатынастар жөніндегі маман. Осы тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы болған. Қаржы министрлігінде 20 жылдай жұмыс істеген. Бұл кандидатураны да депутаттар қолдады.
Жаңа аудан басшысына Самат Ескендіров бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыруды, кәсіпорындарды Индустрияландыру картасына қатыстырып, ауданның индустриялық-инновациялық дамуына жұмылдыруды тапсырды. “Ауылдағы кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап, жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етіңіздер. Абаттандыру жөніндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік-жеке серіктестік аясында кәсіпкерлермен жұмысты жалғастыру маңызды. Тұрғындарды жұмысқа тартып, олардың жағдайын жақсарту керек. Жергілікті жастар арасында ауылға қажетті мамандықтарды меңгеру және оларды қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылуы тиіс”, – деді облыс әкімі.
***
Ақжар ауданының бұрынғы әкімі Ағзам Тастеміров Айыртау ауданы әкімінің қызметіне үміткер ретінде ұсынылды. Ол да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Ағзам Тастеміров өзіне артылған сенімді ақтайтынын тілге тиек етті.
Айыртау ауданының бұрынғы әкімі Амантай Сейфуллин ынтымақтаса жұмыс істегендері үшін активке алғысын білдірді.
Самат Ескендіров Айыртау ауданының жаңа басшысына агроөнеркәсіп кешенін дамытуды және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда кәсіпкерлерге көмек көрсетуді тапсырды.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.