Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімдігі Петропавл қаласындағы “Боулинг” орталығында БАҚ өкілдерімен ынтымақтастық турнирін өткізді. Облыс әкімі Самат Ескендіровтің бастамасымен мұндай шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов өңір басшысының атынан құттықтау сөзбен ашты.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Турнирге жиналған қауым алты топқа бөлініп, жанкүйерлік көңілмен қызу сайысты. Ойын мәресіне жеткеннен кейін қазылар алқасы ынтымақтастық турнирінің қорытындысын шығарды. Фархад Қуанғанов журналистика саласында қажырлы еңбек етіп жүрген республикалық “Қазақстан” телеарнасының облыстық филиалының шеф-редакторы Федор Денисенко мен “Добрый вечер” қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Диана Слиньковаға облыс әкімінің Құрмет грамотасын, ал Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының бұрынғы төрайымы Галина Воробьеваға өңір басшысының Алғыс хатын табыс етті.
Одан кейін салтанатты шара ойыншылардың ойынына қорытынды жасаумен жалғасты. Боулинг ойынында ең көп шарды құлатқан ер және әйел адамға арналған аталым бойынша “Мистер боулинг” атағын Айдарбек Балғабеков жеңіп алса, “Миссис боулингке” Дарья Тушина ие болды. Қазылар алқасы ең үздік ойыншылар деп Закиржан Мамлютов пен Юлия Пронинаны атады. Сондай-ақ аз шар құлатып, өздерінің ойынға аса ебі жоқ екенін танытқан ойыншылар да болды, қолдарына алғаш шар ұстағандар аталымы бойынша оларға да сыйлық табыс етілді. Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – Сәби Байбосынов пен Назгүл Сүлейменоваға бұйырды. Бұл күнгі сайыс командалық сипатта болғандықтан, топтардың ойынына да қорытынды жасалып, бірінші орынды “Жігер” тобы қанжығасына байласа, екінші және үшінші орындарды “Бәрін бірден соқ” пен “Ақ киімді адамдар” бөлісті.
“Көрермендер көзайымы” жүлдесі Фархад Қуанғановқа берілді.