Махаббат БАЛТАБАЕВА,
журналист.
Тарих ғылымы қоғамды тәрбиелеуде, оның ой-санасын қалыптастыруда және мемлекеттілікті нығайтуда жетекші рөл атқарады. Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осыны ерекше атап көрсетіп, тарихшылар жаңа заманның жаңа тарихын жазуы тиіс деген байлам жасаған болатын. Осы орайда М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Өңірдегі жоғары оқу орындарында ұлттық тарихты зерделеу: қазіргі жағдайы мен келешегі” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, тарихшылар, мектептер мен колледждердің оқытушылары, мұражай қызметкерлері қатысты.
Фархад Қуанғанов өз сөзінде Астанадағы алқалы жиында көтерілген өзекті мәселелерге тоқтала келіп, тарих ғылымын оқытуда әдістемелік-тұжырымдамалық әдісті қолдану маңызды екіндігін, қазіргі кезде арнайы топтар құрылып, елімізде жиындар өтіп жатқандығын, бүгінгі отырыстағы ой-пікірлер, тұжырымдар Қарағанды қаласында өтетін мәжіліске ұсынылатындығын атап айтты.
Астана қаласынан келген Еуразия гуманитарлық институтының бірінші проректоры, тарих ғылымының докторы Қадыр Ахметов солтүстік өңірдің тарихын терең зерттеп, ақтаңдақ беттерін ашып, Қазақстан тарихына жастардың қызығушылығын арттырып, ұлттық патриотизмді қалыптастыруымыз қажет деген ұстанымды алға тартты.
Аталмыш шарада Қазақстан мәдениеті тарихы, тарихи ескерткіштерді сақтау, мұрағаттар қызметі, Солтүстік Қазақстанда тарихи зерттеудің болашағы мен осы бағыттағы еңбектерді жүйелеу сынды мәселелер қозғалды.
“Тарихты зерделеу, барды бағалай білу – біздің ортақ міндетіміз. Сондықтан еліміздің тарихы толықтай зерттеліп, бір ізге салынғаны жөн”, – десті “дөңгелек үстелге” қатысқандар.