«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫР ПАЙҒАМБАРЫН АРДАҚТАДЫ ЖЕРЛЕСТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медет БЕКІШЕВ,

қоғамдық тілші.

Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай ақын атындағы ауданның мәдениет мекемелері кешенді шаралар ұйымдастырып, өткізуде. Бүгінгі таңда ақын шығармашылығын насихаттауда үлкен жұмыс атқарып отырған мәдениет мекемелерінің қатарында аудан кітапханалары, Сарытомар ауылының Мәдениет үйі мен Мағжан Жұмабаевтың және аудандық тарихи-өлкетану мұражайлары бар.  

Осы аты аталған шаралардың қорытындысы ақынның туған күніне орай өткізілген салтанатты митинг пен аудандық мұражайда өткізілген “Жер жүзіне ер атағым жайылған” атты әдеби-шығармашылық кеште шығарылды.

Салтанатты митинг Мағжан Жұмабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан әрі Мағжанның өлеңдері оқылды.

“Жер жүзіне ер атағым жайылған” атты әдеби-шығармашылық кеш басында сөз алған аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Нұрқайдарова аудан бойынша ақынның өмірі мен шығармашылығын халық арасында насихаттап жүргендерді Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында аудандық “Мағжан жұлдызы” газетінің тілшісі Мекебай Оңай, “Подлесок” әдеби-көркем үйірменің жетекшісі Татьяна Егорова, әдеби-драмалық үйірме жетекшісі Бибігүл Кокушева, аудандық орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімі, Сарытомар орта мектебі және осы ауылдағы Мағжан Жұмабаев мұражайының директоры Айгүл Жүнісбаева бар.

Шара одан әрі ақын шығармаларын мәнерлеп оқу, оған арналған өз шығармаларын оқу және ақын өлеңдеріне шығарылған әндерді немесе халық әндерін орындау сияқты аталымнан тұратын сайыспен жалғасты.

Бірінші аталым бойынша қатысушылардың қатары көп болды. Ақын шығармаларын, негізінен, мектеп оқушылары жатқа айтты. Осы аталым бойынша Қанат Өтемұратов “Жауынгер” өлеңін нақышына келтіре орындағаны үшін жеңімпаз атанса, Екатерина Близнецова “Қазақ тілі” шығармасын оқуда тілінің тазалығы үшін екінші орыннан көрінді, ал Ақсәуле Ялгашева нәзіктігі мен сахнада өзін-өзі ұстау мәнері үшін үшінші орынды иеленді.

Мағжан Жұмабаевқа арнап өлең шығару байқауына бас-аяғы сегіз адам қатысты. Сол сегіздің арасынан қазылар алқасы бірінші орынға Байшілік орталау мектебінің мұғалімі Жамила Досованы лайық деп таныса, екінші, үшінші орындарды сәйкесінше Әлия Қожасбаева мен Ақдана Умарова иеленді.

Ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындау немесе халық әндерін орындау аталымының жеңімпазы болып жиналған қауымды өз өнерімен тәнті еткен сарытомарлық Мейіргүл Әбілмәжінова танылды. Дарина Күдіренова екінші орыннан көрінсе, Баққонды Адамов үшінші орынды иеленді.

Кештің қорытындысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Балқия Өтеуленова өз ұйымдары атынан ақынның мерейтойы қарсаңында жарияланған ұлттық салт-дәстүрді жандандыру және патриоттық сезімді ояту мақсатында ұйымдастырылған “Мағжанды оқи отыра” атты шығармашылық сайыстың қорытындысын шығарды. Балқия Сағындыққызы жүзден жүйрік шыққандарға грамоталар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Олардың қатарында Қызыл Қазақстан орталау мектебінің екі оқушысы Бәден Қапезова және Алтынбек Ғабдолла, Возвышен орта мектебінен Анастасия Моложенко, Полтавка орта мектебінен Яна Бондаренко, Ұзынкөл орта мектебінен Бәтима Нұрмағамбетова және сайыстың ең кішкентай да талантты қатысушысы Светлана Иванова (Бастомар орта мектебінен) бар.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp