«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУЛЫШОҚТЫҢ ҚАЙРАТЫ — ауыл тірегіне айналған азамат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жүз жылдық тарихы бар Сулышоқ ауылы – бүгінде 40 отбасы түтін түтеп отырған шағын елді мекен. Оның бүгінгі тұрғындары – өткен ғасырдың соңғы жылдарында көптеген ауылдастар қоныстарын аударып жатқанда кіндік қандары тамған жерге қаққан қазықтай тұрақтап қалғандар. Солардың қатарындағы Қайрат Жәнібековке жолығып, оның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосып жүрген үлесі мен еліне жанашырлығын байқаған едік.  

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қайрат Сапарғалиұлы – ауылдағы “Жәнібеков” шаруа қожалығының басшысы. 2007 жылы құрылған шаруашылық өз еншісіндегі 76 гектар жерге бидай егіп, аграрлық кәсіпке қадам басқан болатын. Осындағы басқа шағын шаруашылықтар бірер жылдан кейін жұмыстарын тоқтата бастаған кезде Қайрат Жәнібеков жолындағы қиындықтарға еш мойымай, өз ісін жалғастыра берді. Уақыт озған сайын тәжірибе жинап, біліктілігін арттырып, іскерлігімен танылған Қайратқа ауылдастарының сенімі артып, олар да жер үлестерін бере бастады. Бүгінде аталмыш шаруа қожалығының 1700 гектар егіс алқабы бар. Тәжірибесі артқан сайын ол ауыл шаруашылығы саласының тиімді жақтарын бағалай білетін, жолындағы қиындықтарды оңай еңсеретін маманға айналды. Оның үстіне агроқұрылым саласында талай жыл еңбек еткен әкесінің де тәжірибесі Қайраттың ақылына ақыл қосады. Сондықтан бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысқан маманға жалғыз егіншіліктің берері аз екендігін түсініп, мал шаруашылығын да дамыту тиімді екендігіне көз жеткізгендердің бірі де – Қайрат Сапарғалиұлы.

– Мен – қазақстандықпын. Сондықтан Үкіметіміз агроқұрылым қызметкерлерін ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытуға белсенді үлес қосуға шақырса, оны қабылдау менің азаматтық борышым деп білемін. Оның үстіне өзіңе және айналаңдағыларға сенім болса, оны жүзеге асырудың еш қиындығы жоқ. Сондай-ақ мемлекет тарапынан біздің салаға үлкен қолдау көрсетілуде, – дейді кәсіпкер.

“Жәнібеков” шаруа қожалығы былтыр “Сыбаға” бағдарламасы бойынша иеленген 13 миллион 300 мың теңге қаржыға 69 бас тайынша сатып алған. Ал тұқымды жаңарту үшін Ақмола облысындағы мал фермасынан үш герефорд бұқасын алдырады. 4-5 жылдың ішінде кәсіпкердің қорасындағы малдың барлығы асылтұқымды болады деген болжамы бар. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қатар алып жүрсе, екі сала бір-бірін толықтырып отыратынына көз жеткізген ол былтыр екі үлкен қора салдырып алыпты.

– Жаңа туған төлдерді қосқанда бүгінде қорамызда 140 бас ірі қара бар. Мақсатым – сиыр малының басын 200-ге жеткізу. Күзде еркек малды етке өткізіп, алған несиемізді тездетіп жабуға тырысамын. Содан кейін шаруашылықты одан әрі кеңейтудің басқа жолдарын қарастырамыз, – дейді қожалық басшысы.

Жалпы бұл қотанда мал бағуға мүмкіндік мол. Ауылдың маңы жайылымға бай, су мәселесі ешқандай қиындық тудырмайды. Тіпті, кеңес дәуірінде бұл өңірде үлкен кеңшар болып, онда бір жарым мыңнан астам ірі қара өсірілген. Осындай жайттар Қайратқа бала күннен таныс болғандықтан, ол малдан ырыс көретініне сенімді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру үшін жоғары сапа көрсеткіші қажет екенін білетін маман шаруашылықта техникаларды жаңғырту шараларын да қолға ала бастаған.

–“ҚазАгроФинанс” арқылы лизинг алып, оған бірқатар техника сатып алуды көздеген едім, бірақ аталмыш қаржы институтына жиналатын қағаз әлегі қолбайлау болды. Сондықтан өзімдегі бар ақшаға бір комбайын сатып алдым. Ал егер оны лизинг арқылы құжаттасам, онда екі техника алудың мүмкіндігі болар еді. Шаруашылықтарға лизинг беру – біз үшін үлкен көмек. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалатын осынау қолдауды құжаттау жолдарын әлдеқайда жеңілдетсе деймін. Шаруашылық барымен базар қылып, өзінің техника базасын ұтымды пайдаланады. Әзірге ескіні жөндейтін мамандар бар. Бірақ жаңаша жұмыс істеуді көңіл қалайды, – дейді басшы.

Бұл, әрине, істе мақсат пен арманның қатар жүретінін білетін адамның ойы. Сондай-ақ ауылдың тумасы болғандықтан, кішкентайынан осы елдің әр тұрғынын жақсы танып өскен ол кейбір жерлестерінің өмір салтына қапа болатынын да жасырмады.

– Шаруашылыққа еңбек ететін адам жетпей жатады. Ауылдың кейбір жұмыссыз отырған тұрғындары еріншектікке басады. Үйінде бір зейнеткері немесе мектепте жұмыс істейтін адамы болса, соған разы. Білмеймін, бүгінде ер адамның түсінігі таязданып кеткен бе? Жұрттың барды қанағат тұтып, артық табыс табуға талпынбайтындығы таңғалдырады. Иә, ауылдың кейбір тұрғындары малды жақсы ұстайды. Өз малының соңында жүргендерге өкпе жоқ. Бүгін біреудің шаруашылығында еңбек етіп, қаржы жинап, ертеңгі күні өз кәсібіңді ашу да – ойлы, еңбекқор адамның өз қолында. Мемлекеттің көмегі іскерлік танытқысы келген кез келген адамға көрсетіледі, – деген ойын ортаға салды.

Іскер азамат шамашарқынша ауыл тірлігіне де қолғабыс тигізіп тұрады. Ол өз шаруашылығында 12 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдағы әр үйдің орамына су құбырын тартып берген. Мектептің мерекелік шараларына қаржылай көмек көрсету де Қайраттың мойнында. Сондай-ақ ауыл ақсақалдарына құрмет көрсетуді де ұмытпайды. “2010 жылы ауылдың 100 жылдық тойын ел болып өткіздік. Оған дайындық кезінде ауылды көркейтіп те алдық. Менің арманым – қашанда елде бірлік болып, бір-бірімізді түсініп жүру”, – дейді ол.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

  Мағжан Жұмабаев ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp