Мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка орта мектебінің мұғалімімін. Өзімнің 26 жылдық еңбек өтілімнің 25 жылында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ бердім, биыл алғаш рет қазақ сыныптарын да алдым. Білім ошағы аралас мектеп болғандықтан, қазақ балалары мен кейбір жас ата-аналар өздерінің салт-дәстүрлерін біле бермейді. Оның үстіне қазіргі жас ұрпақтың тәрбиесіне, жүріс-тұрыстарына да көңіліміз толмайтыны анық. Сондықтан бүгінгі буын өкілдері ата-салтымызды біліп, ұлттық тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп өссін деген ниетпен мектебімізде “Алтын көмбе” клубын аштық. Өзім сол клубтың жетекшісімін. Клубтың аяқалысы жаман емес. Оның жұмысына оқушылар белсене қатысады, ата-аналардың да пікірі жақсы.
“Алтын көмбе” клубы жоспарға сай жұмыс істейді. “Қыз қылығымен”, “Қазақ отбасындағы ұл бала тәрбиесі”, “Текті білу – тегін емес”, “Үміт пен сенім”, “Ер намысы, қыз абыройы”, “Тізеңнен сүрінсең де, тіліңнен сүрінбе!”, “Әдеппен сөйлеуге әдеттен”, “Келін мен ененің қарым-қатынасы” сияқты тақырыптарда әртүрлі іс-шаралар өткіздік. Бұл шараларда “Қызға – қырық үйден тыю” демекші, қыз баланың әдебі, жүріс-тұрысы, қоғамдық жерлерде өз-өздерін ұстаулары, келін мен ененің қарым-қатынасы, олардың бір-біріне сыйластығы сөз болса, ұл бала тәрбиесінде отбасындағы ер-азаматтың рөлі туралы айтылды. “Үміт пен сенім” шарасында өздерінің қабілеттеріне сенімсіздікпен қарайтын оқушылардың бойында үміт отын жағу, оларды өмірге психологиялық даярлауды көздедік. “Тізеңнен сүрінсең де, тіліңнен сүрінбе!” шарасы Қазақстан халқы Тілдері күніне орайластырылып өткізілді. Бұл шаралардың өскелең ұрпақтың бойында ұлттық тәлім-тәрбиенің қалыптасуына, ұлдарымыздың намысты, қыздарымыздың қылықты да абыройлы болып өсуіне тигізер септігі мол деп есептеймін. Бүгінгі мектеп оқушылары – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтар. Ендеше тәрбиені бүгіннен бастағанымыз абзал.
Күлшара ӘБІЛМӘЖІНОВА,
Возвышенка орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Мағжан Жұмабаев ауданы.