«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙЫЛЫМ ЖАЙЫН КІМ ОЙЛАР?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист.

Ел ішіндегі малсақ қауым мал басын көбейтуге барынша ынталы. Өйткені, соңғы жылдары мал өнімдері, оның ішінде ет біршама қымбаттап, азын-аулақ мал ұстаған ағайынның бейнеті өтеле бастады. Ендігі орайда қолда бар мал тұқымын асылдандыру, оның ішінде сіңіре будандастыру арқылы тұқымын жақсарту – өте маңызды шаруа. Әйтпесе, соңғы жылдары қолда бар төрт түліктің тұқымы түгелге жуық азып, ұсақталып кеткендігі ешкімге жасырын емес. Баққаннан кейін еңбегіңе сай өнім алуың керек. Қазір ел ішіндегі жылқының азып, тайың жабағыдай, жабағың құлындай кейіпке еніп, көрер көзге қораш тартып, кішірейіп кеткендігі мал баққан шаруа адамдарын алаңдатып отыр.

Тәуір тұқым кезіге бермейді. Ал мал тұқымын жаппай асылдандыру – жекеменшіктің қолынан келетін іс емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасының арқасында мал тұқымын жақсарту қолға алынғалы малсақ қауымның еңсесі біршама көтеріліп қалды.  

Ендігі бір өткір мәселе – жайылымның жайы. Мал басы көбейгеннен кейін оны жаятын жайылым керек-ақ. Кешегі кеңес заманында сан ғасыр бойы тусырап жатқан Сарыарқаның сайын даласы жөнді-жөнсіз жоспар қуудың кесірінен ту-талақай болып, танаптар табалдырыққа дейін жыртылды. Сөйтіп, шөп қоры, шөптің тұқымы жоғалып кетті.

Жалпы, жайылымдағы шөп, көнекөз қариялардың пайымдауынша, үшке бөлінеді. Өліқау, ақ от және қара от болып. Бұрынғы даланың данышпандары шөптің атасы имажоңышқа, беде дейді екен. Беденің астық қуаты ересен болғанымен, қауіпті жағы да бар. Беде қалың өскен жайылымға жауыннан кейін мал жаймайды. Жайса іші кеуіп, жарылып өледі. Сондықтан, жайылым кепкен соң ғана мал жайса керекті.

– Мен ұзақ жыл даланың тынысымен тыныстап, қабілетім жеткенше сырын ұғуға тырыстым, – дейді айыртаулық Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов. – Әрине, біздің көргеніміз – бергі дүние. Егістік көлемін ұлғайтамыз деп жүріп, ауыл елдің онсыз да аз малына тиесілі жайылымның азайғаны да рас. Қойды, сиырды, жылқыны тоқымдай жерде топырлатып, иіріп баққан соң тақырға айналмағанда несі қалсын?! Мен малшы емеспін, диқанмын. Бірақ, қой мен жылқы жайылған жерде сиыр жая алмайтыныңды анық айта аламын. Өйткені, қой мен жылқының тісінің бітімі бөлек. Олар шөпті тамырына дейін қопарып жей алады. Ал тақырланған жайылымдағы қылтанақ сиырдың тіліне ілікпейді және біздің төңіректің қарияларының айтуына қарағанда, қой жайған жерге сиыр бағуға болмайды. Өйткені, бұрынғының көпті көрген даналары мұндай жағдайда жұқпалы ауру тарайды деп есептеген. 1980 жылдардың орта шенінде Жезқазған облыстық тәжірибе станциясында шыралжың, изен, бозғанақ, тарлау тәрізді өсімдіктерді ауыспалы егіс жүйесімен өсіріп, кейін басқа облыстарға таратқан болатын. Бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау, Рузаев аудандарының бірқатар алқаптарына да осы тәрізді екпе шөптер егілді. Кейінгі жылдары екпе шөп алқаптары тозып, өспей қалды. Уақтылы күтілмегендіктен.

Біздің ойымызша, елдегі малдың басын көбейту үшін қазір ең керегі – жайылым. Ауылдық округтерге қарасты жайылымдық жер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жекеменшіктің қолындағы мал басына шақталып, белгіленген ережеге сәйкес бөлінуі керек. Содан соң бос жатқан, қурай басқан алқаптарға екпе шөп егілсе, нұр үстіне нұр. Ел ішіндегі көпті көрген көнекөз қариялардың айтуынша, ойдым-ойдым қайың шоқтары көмкерген Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың Есілге дейінгі кең көсілген жайылымдарында мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақшағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу, кәріқыз, түйе-жапырақ, бәйшешек, қияқ, бидайық, қамыс, ұшхат, тораңғы, алабота, шоңайна, қоға, ши, қазоты, бетеге, есекмия, меңдуана, қымыздық, атқұлақ, райхан, ебелек, жуа, баялыш, теріскен, қараған, ошаған, таспажоңышқа, шырмауық, қара-өлең, құлаңшайыр, бұйрашайыр, изен, айырауық, текесақал тәрізді төрт түлік мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер ұшырасқан екен. Бүгінгі жұрт осы шөптердің өзі түгіл, атын да білмеуі мүмкін.

Мал басын көбейтуге бел буып отырған бүгінгі таңда ата кәсіптің қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді, пайдалы түрлерін тозып кеткен жайылымдық жерлерге ауыстыру қажет. Онда да жерсініп, өсетіндерін. Дәл осындай игі қадам жасалса, бірер жылдан соң Есілдің екі жағалауындағы иен елдің жайылымы жайқалып шыға келеріне кәміл сенесің. Жыл өткен сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өсіп, бағасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Сондықтан жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі назардан тыс қалмауға тиісті. Әйтпесе, Жер-Анадан тілеуіміз, сұрауымыз көп болғанымен, беріп жатқанымыз шамалы.

Жетек шанышсаң, арба өсіп шығады делінетін құйқалы да құнарлы Солтүстік Қазақстанда төрт түлік малға құт болған жайылымдар аз емес еді. Есілдің салалары Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды, Қалмақкөл, Салқынкөл, Ащылы, Жекебояқ жайлауларынан қазір тоқымдай да жер қалған жоқ. Ендігі мәселе қурай басып, бос жатқан жерлерді есепке алып, көпжылдық екпе шөп егу керек. Сонда ғана елдегі малсақ қауым қолда бар малын көбейте алады. Әйтпесе, жылқыны қайдам, қара малдың өзін-өзі ақтауы қиын. Мамандардың айтуына қарағанда, сіңіре будандастырылған асылтұқымды мал он сегіз айдың ішінде тірідей салмағы 400 килограмдық межеге жетуі қажет. Одан ұзақтау бақса, өзіндік құны қымбаттап кетеді. Ал жекеменшік шаруаның бұл деңгейге жеткізе алатындығы күмән туғызады. Өйткені, оның малға берер жемшөбі сайма-сай емес. Шындығын айтқанда, шөптен басқа мал қорегі бар ма? Оның өзі шықса, жақсы. Ал сабан мәселесі қазір елдегі шаруаларды қатты қинап тұр. Соңғы кезде танапқа түскен шетелдік комбайндар бұрын-ғыдай сабан атжалдарын қалдырмайды, турап тастайды. Бәлкім, өздеріне қолайлы шығар.

Сайын Сарыарқа жұпар исі аңқып, жайнаған гүлдермен, орман-тоғайлардың жасыл желегімен бой салып, жасанып тұр. Тек күн өткен сайын жайлаудың өрісі тарылып келе жатқандығы жанымызға батады.

Қазақтың көрнекті ақыны Ілияс Жансүгіровтің “Жер түгі” деп аталатын өлеңінде неше қилы өсімдік атауы кездеседі:

Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,

Сүттіген, еңлік мүйіз, киізкиік.

Ақшалғын, көкемарал, бетеге, раң,

Жапырақтеңге, бұйра, қисық, иық.

Балдырған, у қорғасын, атқұлақты,

Елік жүр сонысында соны қиып.

Желкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр,

Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп.

Мың тамыр, жуа, рауаш, жаужапырақ,

Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ.

Сыбызғы жалғыз, құлмақ, қарақияқ,

Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ.

Ішінде сол қурайдың сұлу болар,

Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ.

Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып,

Бөлінеді жуалар мен таусарымсақ.

Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,

Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ…

Бұл жыр жайлау дегенде жадыңа оралады да. Әйтпесе, осы өсімдіктердің атауы жұрт есінен шыққалы не заман?..

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp