Мектеп бағдарламасында ғылыми жобаға баланы дайындауға арналған “Жас зерттеуші” факультативтік сабағы берілген. 33 сағатқа бөлінген арнайы факультативтік сабақтарда ұсынылған түрлі тақырыптар бойынша оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша 1-сынып оқушысы Аида Қожақ таяуда “Нұрлы көжек” байқауында 3-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Аиданы қызықтырған “Күнбағысты үй тұрмысында өсіру” тақырыбы болды. Кішкентай Аида желтоқсан айында зерттеу жұмысын бастаған болатын. Сәуір айында зерттеу жұмыстары бойынша мектепішілік қорғау өтті. Мектепішілік қорғау жұмысында Аиданың жүйелі жұмыс жасағаны белгілі болды. Биолог мұғаліммен кездесіп, ақыл-кеңес алды. Бастапқыда күнбағыс дәнін үйдегі гүлдің топырағына отырғыза салған, онысы өспеді, оның себебі топырақтың құнарсыздығынан екенін білді. Сондықтан қарашірігі мол, арнайы топырақ сатып алып, зерттеуімізді әрі қарай жалғастырдық. Оқушым өсімдіктің өсіп-жетілуі үшін оның топырағының құнарлы болуымен қатар, күн сәулесі мен ауаның келіп тұруының да маңызы зор екенін аңғарды.
Аида желтоқсан айында үй жағдайында отырғызған дәнді үнемі бақылауда ұстап, ол бойынша көрген-білгенін арнайы күнделікке жазып отырды. Оның күнделігінде дәнді екі күн суға салғаны, топырақтың құнарлысын таңдап алғаны, бір аптаның ішінде алғашқы екі жапырақ өсіп шығып ашылғаны, осылайша әр аптада екі жапырақтан қосылып отырғаны туралы жазбалар пайда болды. Осылайша биіктігі өсіп, түйіншігі пайда болып, жапырақ ашқаннан кейін алғашқы шыққан жапырақтарының кезекпен түскенін де оқушым байқады. Менің “Төмендегі жапырақтары неліктен солып түсті деп ойлайсың?” – деген сауалыма “Судың мөлшері көбірек, барлық минералды заттар дәннің, яғни шемішкенің өсуіне керек болды”, – деген тұжырымын айтты. Оның бақылауында болған күнбағыс сәуір айына дейін өсіп, гүлдеп 35 сантиметрге жетті. Әрине, ол шемішке шыққанын бақылап көрген жоқ. Өйткені, қыстың ішінде ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл уақыт аралығында шемішке шығып үлгермеді. Бірақ бастаған ісін неде болса аяғына дейін жеткізуді көздеген Аида шемішкені ермексаздан жасап, оны түрлі түсті қағаздармен безендіріп, солай қорғап шықты. Көптеген мәліметтерді Интернет желісінен, энциклопедиялардан қарастырдық. Қазақстанға күнбағыстың келу тарихына үңілдік. Оның Солтүстік Америкада арамшөп ретінде өскенін зерттеп білдік. Ғылыми жоба жазу кезінде оқушым күнбағыстан техникалық май өндіру үдерісіне зерттеу жүргізіліп жатқанын, машинаның майын тек мұнайдан ғана өндірмей, күнбағыстан да алуға болатынын білді.
Оқушыларды бастауыш сыныптарда оқып жүрген кездерінен ғылыми жобалар жазуға үйрету олардың ой-өрістерін кеңейтіп, өз беттерімен жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Сонымен қатар осындай жұмыстар барысында ата-ана-оқушы-мұғалім арасындағы байланыс та нығая түсері анық.
Әсем ӘБІЛОВА,
қазақ мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі.
Петропавл қаласы.