«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫРДАҒЫ ЕРЛІК – “ЕЛІМ-АЙ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абзал БӨКЕН,

ақын, Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі.

Үстіміздегі жылғы 21 маусымда Қожаберген жыраудың 350 жылдығына орай облыс әкімі Самат Ескендіровтің қолдауымен Петропавл қаласында “Елім-ай!” деп өткен есіл ер” республикалық мүшәйрасы болып өткені мәлім. Осынау жыр додасының жеңімпазы – қарағандылық белгілі ақын Абзал Бөкеннің аталмыш мүшәйраға жолдаған өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынуды ұйғардық.

ҚОЖАБЕРГЕН

Азап пенен ғажаптың
Бұл өмірде сыны көп.
Олпы-солпы қазақтың
Жүре алмады ол бірі боп.

Шырақ етпей шындығын
Шығам демес шыңға бір,
Толыбайдай сыншының
Толғағынан туған ұл.


Үрлеп үміт ұшқынын
Ұсынбасын неге өнер,
Кеніш ойлы үш биден
Кеңес алған кемел ер?!

Балаң шақта Бұхар мен
Үргеніште сүрді өмір,
Батырлық пен білімнің
Бап екенін білген ұл.

Өткізерде өмірдің
Жиырма бес көктемін,
Ордабасы сайлану
Оңай кәсіп деп пе едің?!

Аларда ел алғысын
Жау қарғысын қоса алған.
Әз Тәукенің Жарғысын
Жаза ала ма осал жан?!

Тентегі мен телісін
Тізгіндеген төте кеп.
Жөнге салды ел ісін,
“Жеті жарғы” жетелеп.

Елдің шетін торымай
Еңкейсе де жатпаған.
Жырдағы ерлік – “Елім-ай!”
Қырдағы ерлік – “Ақтабан”…

Діңкелетіп төбеңнен
Дүйім жұртқа төнсе сын,
Сол “Елім-ай!” көтерген
Езілгеннің еңсесін.

Арайланған арманнан
Алқабына дарып нұр,
“Ақтабаннан…” сау қалған
Қаратабан халық тұр.

“Бұлт ала да, жер шола
Булықтырған шерім-ай.
Шұбыру жоқ болса да,
Әлі айтылад “Елім-ай!”.

Жоңғария жоқ, ғажап деп
Жүргендер бар боп мазақ.
Қазақия бар,
Қазақ деп,
Жанын үзген жоқ қазақ.

Көзін сүзген сәніме
Көршім бейне шырмауық.
Сейілмей тұр әлі де
Секемі зор бір қауіп.

Ұлттың жүгін жүгім деп
Ұл қалмады бөгелер.
Қат болып тұр бүгін де
Қожаберген деген Ер.

 

 

1. Тебіну

Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Шыдам атты шарт үзді
шығырымды.
Орыс, қытай құтыртқан
Цван Рабдан
Ойрандамақ ту тіккен
тұғырымды.

Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Тегі тарпаң тарих – бұл,
түбі мұңлы.
Босқан халық…
Алдан жау тосқан халық
Кім төлейді қан-қасап
шығынымды?

Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Түнек түнге батырмақ бүгінімді.
Самалды бел, саумал көл
жауда қалды
Сауғаға алды бұйрат бел –
Бұғылымды.

Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Шәуліңізді шаптыққан
шыбын ілді.
Айла таппай, алқынды
ақылды хан,
Амал таппай, мұң басты
тұғыр ұлды.

Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Отап кетті көк өрім шыбығымды.
Төрт ғасырға созылған бұл
шайқастың
Жарылқары белгісіз түбі кімді.
Шұбырынды,
Шұбырынды,
Шұбырынды…

 

2. Сарыжеліс

Қалмақтан қанжоса боп тамам елі,
Қазақтың қалжыраған заманы еді.
Бірі ойда, ағайынның бірі қырда,
Аулақта ат шалдырып аман ері.

Сөйлесе ерітетін сары майша
Қосағы Қожаекеңнің ару Айша
Төркіндеп туған елге бармақ болды,
Аңсатып Сыр бойының бағы майса.

Боларын кім біліпті, қандай заман,
Қалмағың аласұрған аңдай жаман.
Әкесі Қабылан би қартаң тартты,
Ер еді шүберекке жан байлаған.

Сипаты көрсетсе де кәрі нарды
Қожаның жол жүрердей халі бар-ды.
Шын сүйіп, сыннан өткен жан жарының
Қайт қылмай, айтқан сөзін қабыл алды.

Қырынан әрең шыққан қиын қыстың,
Сәуірі ед мың жеті жүз жиырма үштің.
Төрт ұлмен қайын жұртқа келіп жетті,
Түбіне жеткендей боп түйінді істің.

Көрісіп екі жағы көзайым боп,
Айшасын әке құшты: “Боз айым!” – деп.
Торқасы қуаныштың сәлден соң-ақ
Тұрғанын сезбеді ешкім тозайын деп.

“Түнектен басқа түк жоқ төбеңде өзге”, –
Дегендей демде тиді тебен көзге.
Қоршауда қалып қойды Қожаберген
Еліне енді аттанам деген кезде.

Аптапта кеткендейін ақпан ұлып,
Бір құйын ойнап өтті лақпа, бүлік.
Қалың қол бейқам елді таптап өтті,
Қапыда кеткен селдей ақтарылып.
“Шал-шауқан, – деп жатпады, –
кәрі білем”,
Жасанған жау деп ұқты бәрі кілең.
Қылышы қарақшының жалаң қағып,
“Ойнады” жүкті әйелдің қарынымен.

Тыл күшті, тылмен бірге шебі күшті
Тексіздер наһақ қанды тегін ішті.
Беті ауған жаққа қашқан бейбақ қауым
Сеңдей боп бір-бірімен соғылысты.

Айырмай жауы қай бет, елі қай бет
Қамықты Қожаберген: “Елім-ай!” – деп.
Белсенді берік туған емен тұлға,
Теңселді: “Текпі көрген жерім-ай!”, деп.

Наймандар Алтай таудан ажырады,
Арқаны сарыуайым сазы ұрады.
Қаратал, Іле менен Шу, Балқашың
Қалмаққа қорек болды қазыналы.

Құтырып Шона Даба дүрегейің,
Зеңдірді зеңбірекпен Іле бойын.
Дулат пен жалайырды дөң асырып,
Шілдей қып шашыратты шүрегейін.

Көріп ед бұрында да жау шапқанды,
Ал, мынау қан қасапқа саусақ малды.
Төле би амалсыздан Шуға шұбап,
Қаңлының қара орманы қаусап қалды.

Әр күнді, әуре қылып әр жұманы,
Қастықтан қарашы жұрт қалжырады.
Қоршауда қалып кетіп сіргелілер,
Шанышқы, Ошақтымен зар жылады.

Өмірдің өлмес жаңға өкімі – сын,
Қазақсыз қараорманның жетімі шын.
Қараусыз қараң қалған қайран жұртқа
Орнатты орыс келіп бекінісін.

Арман-ай, қазағымның жері қандай,
Малына шөбі – шұрат, көлі балдай.
Шалғыны соғып аттың омырауын,
Ойпаңда қалушы еді көріне алмай.

Тек қана қалмақ емес қимылдаған,
Бұл жерге Бұхар, Хиуа, ұйғыр да алаң.
Тек жатқан түркімен тұр тап бергелі,
Сөйтеді боларында пиғыл жаман.

Орыстың зеңбірегі осып көкті,
Ойраттың мейманасы өсіп кетті.
Топ оқтан өлгені өліп, қазекеңнің
Қалғаны жаяу-жалпы босып кетті.

Күйіктен күңіреніп қарғап көкті,
Қазақтан сансыраған салмақ кетті.
Арал мен Түркістанның арасынан
Басқа жер… басы бүтін қалмаққа өтті.

Не қалды енді қазақ хандығынан?..
Күн туды арты – тұман, алды – бұлаң.
Қайғыдан қан қақырған Қожаберген
Қамығып, ат үстінде салды бір ән.

Сүйекті сырқыратқан дені қайғы,
Сол әннің өшпес аты – “Елім-ай!”-ды.
Алайда, әнге сыймай шер қайғысы
Дастан боп жүйе-жүйе желі жайды.

Қағаз не, қаламың не ақпа арынға?!
Қожаекең шығарды оны ат жалында.
Ұрпаққа өлеңімен ұран салды,
“Қалма, – деп, – қу қалмақтың
қақпанында”.

“Елім-ай!” – күш-қайраты тасып екі,
Жанардан тамып түскен жасын оты.
Тірілген өшіп барып бұл қазақтың
Тағдыры,
Тауқыметі,
Қасіреті.

“Елім-ай!” – еңіреген ана үні,
Бала үні – жолда қалған балалығы.

3. Тізгін тартар 

Аққан жоқ теңіз теріс, тоған кері,
Үш ғасыр өте шықты содан бері.
“Алқакөл, сұламадан” аман қалған
Жазылды бүкірейген қоғам белі.

Мінәжат еткен естіп сыбырымды
Тәңірім нәсіп етті бұ күнімді.
Өкшесі тасқа тиген “ақтабан” жоқ,
Жоқ және “сұламалы шұбырынды”.

Қарсы алып сенімменен біз бүгінді,
Қолыма алсам-дағы тізгінімді,
Әлі де асыл бабам, Қожаберген,
Естігім келіп тұрар ізгі үніңді.

Ер керек бүгінге де елді ойлаған,
Пендеңіз елді ойламай, болмайды
адам.
Ұрпағың өскен де жоқ, өшкен де жоқ
Сойлы емес,
Емес және соры қайнаған.

Қиқулап салғанымен қырқа дүбір,
Ұлт болып өспей қойды ұлпа ғұмыр.
Қан төккен бабаларым байтақ жерде
Қазақтың бір-ақ уыс ұрпағы жүр.

Десеңіз құмықпасын қазған тұма,
Дем берер бір іс керек аз халқыма.
Жоңғар жоқ.
Тек, жоңғарды айдап салған
Қос көрші жүріп жатыр бәз
қалпында.

Дертіме жасырмаған ем етіңдер,
Ауруын бүркеп бағар өлетіндер.
Әлі бар Қазақстан аймағынан
Өз “станын” көргісі келетіндер.

Алсам да азаттықтың ерте төрін,
Білемін бейқамдықтың мерт етерін.
Сақтығым қалғып бара жатқан сәтте
Есіме ап “Елім-айды” селк етемін.

Жан баба!
Қадым күннен төте келген
Мың сәлем қадамыңа мекен-елден.
Елді Сіз көтергендей “Елім-ай!”– деп
Халқымды “Халқым-ай!” – деп
көтерем мен.

Қанымда қыр ұлының салты
қайнап,
Жаныма жебеу болған жалқы
байрақ.
…“Елім-ай!”– дейін десем, ел
орнында,
Халқымды іздеп кеттім
“Халқым-ай!» – лап…

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp