ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Тілеген Қаскиннің төрағалық етуімен облыстық Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда жеті мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік істер қаралды.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавлдағы “Планета” туристік орталығының директоры Жеткіншек Нәбиев, “Арай” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Зәукен Галимова мен ветеринарлық станция директоры Ибраим Күрпенов Тәртіптік кеңес мүшелерінің ұйғарымымен қызметтеріне толық сәйкес емес деп танылды. Бұл тұлғалар салық органдарына табыс және мүлік туралы декларацияны кеш тапсырғаны үшін осындай қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Заң талабы бойынша олар декларацияны қызметке тағайындалғанға дейін тапсырулары керектін. Үшеуі де өз кінәларын мойындап, аталмыш декларацияны қай уақытта тапсыруымыз керектігін білмедік деген жауап қатты.
Облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департаменттің материалдары негізінде “СҚО бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМКК-ның Шал ақын ауданындағы филиалының бұрынғы басшысы Ақан Торсановтың қызметіндегі олқылығы талқыланып, оған қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту жариялау ұйғарылды. Өйткені, қаржы полициясы тексеріс жүргізу нәтижесінде 2012 жылы мемлекет қаржысына сатып алынған тұрғын үйлердің жалпы аумағына қатысты сәйкессіздіктерді анықтаған. Қаржы полициясының инспекторы Мұрат Базарбаевтың айтуынша, аталмыш филиал дайындаған техникалық төлқұжаттарда сатып алынған тұрғын үйлердің аумағы біршама үлкейтіліп көрсетілген.
Келесі тәртіптік іс Тайынша ауданының Драгомиров ауылдық округі әкімі аппаратының бас бухгалтері Айнұр Утюгуноваға қатысты болды. 2012 жылдың 23 сәуірінде сот орындаушысы “БТА Банк” АҚ-ның пайдасына Драгомиров ауылдық округінің әкімінен 1 742 131 теңге көлемінде берешекті өндіру туралы атқарушылық іс қозғаған. Сот орындаушысынан келіп түскен құжат талабына сәйкес бас бухгалтер берешек сомасын әкімнің еңбекақысынан аталмыш банк шотына ай сайын аударып отыруға міндеттелген. Алайда, мемлекеттік қызметші бір жылға жуық уақыт бойы бұл талапты орындамай келген. Тәртіптік кеңес Айнұр Утюгуноваға өз қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту беруді ұсынды. Петропавл қалалық ІІБ 2-інші полиция бөлімінің тергеушісі Мейрам Басыбаевқа да осындай жаза беру ұйғарылды. Полицей прокуратура актілерінде көрсетілген тергеу амалдарын жүргізбестен, күдікті Б.Копчиковқа қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату жөнінде заңсыз шешім қабылдаған.