«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨНЕ МЕКТЕПТІҢ МҰРАЖАЙЫ көп нәрседен сыр шертеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектепке – биыл 85 жыл. Бұл шаңырақта білім нәрінен сусындаған түлектерден талай қайраткерлер шыққан. Осы мектептің қабырғасында өзінің балалық шағын өткізіп, ой-өрісін кеңейтіп кеткен түлектердің саны қаншама?!

Орыс және қазақ тілінде білім беретін оқыту мекемесінде бүгінде 63 мұғалім қажырлы еңбек етуде. Оның 50 пайызы – жоғары білікті мамандар. Аталмыш мектептің директоры, осы қызметте үздіксіз 25 жыл еңбек етіп келе жатқан Тұрлыбек Оспановтың басты ұстанымы – білікті де білімді ұстаздар ортасын қалыптастыру. Нәтижесінде бұл мектеп білім беру сапасы бойынша өңірлік білім мекемелерінің алдыңғы қатарында. Алысқа бармай-ақ соңғы үш-төрт жылдың көрсеткішіне тоқталар болсақ, 2009 жылы бұл оқу орны облыс бойынша ауыл мектептері арасында он үздіктің ішіне енген. Бұл көрсеткішті 2012 жылы да қайталапты. Биылғы түлектердің біреуі “Алтын белгісін” қорғай алса, екеуіне “Үздік аттестат” берілген. Осы жылғы ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 84 балды құрайды.

Бұл мектептің әр жылы ондағы мұражайға тарих болып жазыла береді. Мұражайдың қабырғасы 2008 жылы қаланған. Алайда, ондағы жәдігерлерді жинауға мектеп ұжымы екі жыл ғана арнапты. Бұл мұражайды аталмыш білім шаңырағының ғана емес, ауданның тарихы десе де болады. Онда мектептің алғашқы директоры Сабыр Мәліковтен бастап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолын ұрпаққа үлгі ететін суреттер мен заттардың барлығы құнды жәдігерлерге айналған. Мәселен, мектептің алғашқы директоры, оның білім ошағы болып қалыптасуына зор үлес қосқан Сабыр Мәліков 1928-1955 жылдар аралығында қызмет атқарып, Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылдың белді азаматтарының қатарында жүріп, қаншама адамды аштықтан құтқарған, елдің тірлігі мен бірлігін сақтау үшін үлкен еңбек сіңірген. Сондай-ақ сөрелердегі Ыбырай Серкебаев, Бекмұхамед Серкебаев, Шәмші Тәттіғожин сияқты ірі тұлғалардың да суреттері мен қысқаша өмір жолдары мектеп оқушылары мен қонақтар үшін тарих қойнауының алтын қазынасы саналады. Ашаршылық жылдар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының жауынгерлерін құрмет тұту – ұрпаққа міндет. Осы тақырыптағы жәдігерлер оларға мол мағлұмат береді. Тіпті, осы мектептің ұстаз-ардагері Олжабай Мұқановтың майдан даласында жүргенде су ішуге қолданған ыдысының майысқан кейпі соғыс жылдарындағы ауыр күндерден белгі беретіндей. Сондай-ақ бұл ауданнан 12 Социалистік Еңбек Ері шығыпты. Әрине, ондай ардагерлердің еңбек жолы мектеп оқушыларына қашанда үлгі.  

Мұражайдың бір бөлмесі қазақтың салт-дәстүрі мен тұрмыстық бұйымдарына арналған. Этномәдени мұралардың арасындағы ата-бабамыздың қолданған музыкалық аспаптары мен киген киімдеріне, жиһаздары мен тұрмыстық заттарына, тіпті, елін қорғауға аттанған кезде қолына ұстаған шоқпарына қарап, өткен өмір белестерін көз алдымызға елестетуге болады.

Ал Кішкенекөл елінің тумасы Шөже Қаржаубайұлының үлкен портреті мұражайдың көркін аша түседі. Кезінде бұл баба туралы Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде көп жазып, танытып кетіпті.

Мұражайдың бір қабырғасы толығымен еңбек адамдары мен спортшыларға арналған. Онда медицина ғылымының докторы Серік Тоқпановтың, атақты Ермек Серкебаевтың, опера әншісі Қайыржан Жолдыбаевтың, КСРО-ның екі дүркін чемпионы Ахметжан Қазымбетовтың, белгілі спорт саңлақтары Сансызбай Қалиевтің, Малғаждар Омаровтың, Бекім Жапаровтың, Әубәкір Бектеміровтің, Бектай Хасеновтың, Серік Қайыржанұлының еліне сіңірген еңбектері туралы үлкен мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ мұражайдағы ең көне жәдігер – осыдан 100 мың жыл бұрынғы мамонттың сүйегі. Оны 2005 жылы Мырзағұл ауылының маңынан Қуанышбай Қабынов тауып алыпты. Жалпы бұл мұражайдағы жәдігерлерді жинау, жылдан-жылға толықтыру жұмысында тұрғындардың сіңірген еңбегі зор. Мәселен, Сәкен Жүнісовтің елде қалған туыстары ол туралы деректерді мұражайға молынан табыстапты.

Мұражайдағы биылғы мектептің 85 жылдығына орай ашылған жаңа мүйіс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Оның мектеп қабырғасындағы күнделігі мен дәптерлерінің суреттік көшірмесі, еңбек еткен орындары, қайраткерлігі мектеп оқушыларына үлгі ретінде алға тартылады. Ал мұражайдың “Алтын кітабы” құнды жәдігер, оған ауданның белгілі тұлғаларының есімдері жазылып, ол тізім жылма-жыл толық-тырылып отырылады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: мұражайдан көріністер әрі жәдігерлер.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp