Петропавлдағы әскери оқу орнының негізгі міндеті – еліміздің әскеріне білікті офицер мамандарды даярлау болса, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген сарбаздар оқу үдерісінің қамтамасыз етілуіне жауап береді. Алматы қаласынан келген осындай жауынгерлердің бір легі маусымның 29-ы күні Әскери институттың мұражайында ант қабылдап, еліне аянбай қызмет етуге серт берді.
Руслан ЖАНГУЛИН,
Ішкі әскер Әскери институтының баспасөз хатшысы.
Қазақстан халқы мен оның Президентіне адал болу – әскери антты қабылдардағы негізгі қағидалардың бірі. Жауынгерлер мұны жақсы түсінсе керек, өз өмірлеріндегі алғашқы әскери салтанатты рәсімге мықтап дайындалыпты. Бұған оқу қосыны офицерлерінің қосқан үлестері баршылық. Бұл күні бір ай бойы әскери өмірге бейімделуден өткен жас сарбаздардың Жарғы талаптарына дағдыланып қалғандары байқалып тұрды.
Жауынгерлердің ант қабылдау рәсіміне ата-аналары мен туған-туысқандары арнайы келді. Ұлының Отан алдында серт беру сәтін көру – ата-ана үшін бір жағынан қуаныш болса, екіншіден, толғаныс. Алыстан ат терлетіп келген қатардағы сарбаз Айбек Бегаділдің анасы Күлбибі Өмішева ер-азаматтың әскер қатарында азаматтық борышын өтеуді дұрыс деп санайды. Салтанатты сәтте сөз сөйлеген ол ата-аналар қауымы атынан жауынгерлерге қызметтерін абыроймен атқаруға сәттілік тіледі. Әскери анттың қабылдануымен сарбаздарды институт бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Марат Батыров құттықтады. Ардагерлер атынан сөз сөйлеген әскери оқу орны ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Әлібек Салықов ант қабылдаған сарбаздарға қиын да күрделі қызметтің ауыртпашылықтарына төтеп беру үшін мықты болу керектігін жеткізді.
Жас жауынгер Дидар Ерқасбаев: “Қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлы “Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті” деп бекерге айтпаса керек. Біздің ата-бабаларымыз ежелден қолына қару алып, еліміздің Тәуелсіздігі мен тұтастығын жан аямай қорғап өткен. Кешегі Ұлы Отан соғысында майдангерлер мен ардагерлер ерен ерліктің үлгісін көрсеткен. Сондықтан, әскери ант қабылдай отырып, біз, өзімізге Отанымызды қорғау жолында зор жауапкершілік жүктейміз” дей келе, өз замандастарына әскери қызметті абыроймен атқаруға сәттілік тіледі.
Ішкі әскер қатарына келген жас сарбаздар енді ел алдындағы біржылдық міндетін институттың оқу үдерісімен қамтамасыз ету батальонында өтейтін болады.