Бақыт Алдабергенованы алғаш рет республика көлемінде екінші жыл өткізіліп отырған “Үздік педагог – 2013” байқауының облыстық кезеңінде сайысқан 13 ұстаздың арасынан көрген болатынмын. Сол сайыста Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Бақыт Ерікқызы өз әріптестерінің арасында оза шауып, “Үздік педагог – 2013” байқауының жеңімпазы атанған еді. Енді онымен жүзбе-жүз кездесіп, емен-жарқын әңгімелесудің реті келді.
– Ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Әр мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты тетігі – ұстаз берген білімде. Өзіңіздің осындай жауапкершілігі мол мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Өзімнің туған жерім – Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылы. “Үздік аттестат” ала алмадым, бірақ орта мектепті кілең 5-пен аяқтадым. Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалау жүрегімнің қалауымен болды. Өйткені, мектепте оқып жүргенде химия пәнінің мұғалімі Бағиза Қосыбаеваға қатты еліктедім. Ол кісі менің пәнге деген қызығушылығымды оята білді. Химия пәнінен өтетін мектепішілік, аудандық олимпиадаларға дайындап, талай додаларға салатын еді. Сол кезден бастап химия пәнін өте ұнаттым. Осылайша менің химия пәнінің мұғалімі болуыма мектептегі сүйікті ұстазым себепкер болды. Бүгінде қызығы мен қиындығы мол мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Еңбек өтілім – 7 жыл, бірінші санатты мұғаліммін.
– Әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұған сіздің қосып жүрген үлесіңіз қандай?
– Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Қазір барлығы өзгеріс үстінде, сондықтан жас мамандар заман талабынан қалмауы керек. Ең бастысы – ұстаздың алдына қойған мақсаты және соған жетуге деген ұмтылысы болуы. Бүгінде “Жаңа технология элементтерін сабағымда қолданып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ізденушілігін арттыру” мәселесі бойынша жұмыс істеп жүрмін. Сондай-ақ “Модульдік технология”, “Сын тұрғысынан ойлау технологиялары”, “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” сияқты жаңа сабақ элементтерін көбірек қолдануға тырысамын. Осы заманауи технологияларды тереңдете меңгеруіме “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында” үш деңгейлік бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курсында оқығанымның септігі көп тиді. Онда жаңа идеяларды қолдану арқылы оқушының білім сапасын, өмірге бейімділігін арттыру жолдарын, өздігінен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруды тез арада, аз күш жұмсап, көп нәтижеге жетуге үйрендік. Сонда білген-түйгенімді енді жұмысымда пайдаланып, оқушыларымның игілігіне жаратып жүрмін. Балаларға жаңа үлгіде оқу ұнайды, сабақ үстінде мүлгіп отыратын оқушы жоқ.
– Сіз Қызылжар ауданының “Жыл мұғалімі – 2013” байқауының да жеңімпазысыз. Біз білмейтін тағы қандай жетістігіңіз бар?
– Аудан көлемінде 18 мұғалім 5 тапсырма бойынша сайысқа түстік. Ең қиыны бөтен аудиторияда сабақ беру болды. Новокаменка мектебінің 10-сыныбында “Фосфор және оның қасиеттері” тақырыбын өттім. Фосфордың қасиеттерін түсіндіру кезінде электрондық оқулықты пайдаландым. Біз оқушыларды оқытып қана қоймай, өмірге дайындауымыз керек. Сондықтан тақырыбымды өмірмен байланыстырып отырдым. Қазылар еңбегімді бағалап, 1-ші орынды иелендім. Кейін Қызылжар ауданы мұғалімдерінің атынан облыстық сайысқа қатыстым. Облыста 13 мұғалім бақ сынадық. Сайдың тасындай іріктелген тәжірибелі мұғалімдер алдында біраз қобалжыдым. Бағым жанып, облыстық кезеңде де “Үздік педагог – 2013” атағын иелендім. Таяуда Астана, Көкшетау қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде істейтін мұғалімдерден құрылған комиссия облысымыздағы құрылысы жүріп жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебіне мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға конкурс өткізді. Сол конкурста осы мектепке химия пәнінің мұғалімі ретінде ұсынылып, резервке алындым.
– Көп жыл еңбек етпесеңіз де, жинақтаған тәжірибеңіз бар екен. Оны тарату жағынан не тындырдыңыз?
– Үш әдістемелік құралым бар. Олар: 8-сыныпқа арналған “Химия пәнінен сарамандық жұмыстар” тәжірибелік жұмыстар әдістемелігі. Оны Тайынша қаласының химия пәнінің мұғалімі Бағдат Кәкімовамен бірлесіп шығардық. Өзім өткізген “Зерделілер” мен “ХХІ ғасыр көшбасшысы” сайыстарының негізінде “Химия пәнінен сыныптан тыс жұмыстар” деген әдістемелік құралым жарық көрді. Үшінші әдістемелік құралым 11-сыныптарға арналған “Дәрі-дәрмек ғылым негіздері” нұсқаулығы ретінде шықты. Оны мектебіміздегі химия-биология пәндерінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі Сағат Елеукина екеуіміз бірлесіп дайындадық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.