Талшық орта мектебінде көп жыл еңбек еткен ұстаз Алтынай Жақыпованы зейнеткерлікке шығарып салу кеші өтті. Той иесін мектеп директоры Самал Бекбаева құттықтап, ұжым өнер көрсетті.
Алтынай Темірғалиқызы 1977 жылы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институтының неміс тілі факультетін тамамдап, 1978 жылдан бері Талшық орта мектебінде ұстаздық етті. “Оқу ісінің үздігі”, жоғары санатты, тәжірибелі, талай дарынды шәкірт ұшырған ұлағатты ұстаз.
Көптеген дарынды оқушылары неміс тілінен аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрді. Кейбір оқушылары неміс тілін өз өмір жолында пайдаланып жүр. Атап айтсақ, Алма Жұмабаева, Айнагүл Темірбаева, Айгүл Шурманова, Гүлмира Малғаждарова, Айнагүл Үсейінова, Дулат Ахметжанов сынды шәкірттері Германия фирмаларымен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаруда. Бұл оқушылар – Алтынай Темірғалиқызының мақтанышы. Ұстаз 1995 жылы облыстық деңгейде “Абай – Гете” тақырыбы бойынша ашық сабақ, іс-шаралар өткізіп, Абайдың 150 жылдығына арналған облыстық сайысқа қатысып, “Оқу ісінің үздігі” атағын иеленді. Осы кез кейіпкеріміздің жұлдызды сәті болды деуге болады.
Алтынай Жақыпова 2006 жылдан бастап, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарды. 2009 жылдан бастап қазақ тілі және әдебиеті пәндері бірлестігінің жауапты, талап қоя білетін, білікті жетекшісі. Ол неміс тіліндегі мақал-мәтелдерді қазақ тіліндегі баламаларымен салыстыра отырып, зерттеп, оқушысы Юлия Матвеевамен бірге ғылыми жұмыс қорғады. Үш тілді жетік меңгерген ұстаз оқушыларымен үш тілде сайыстар өткізді. Аудандық “Мен және сен – қазақша сөйлейміз” сайысында Ольга Медведева, Алена Матвеева жүлделі орындарды иеленгені – Алтынай Темірғалиқызының зор еңбегінің нәтижесі. “Жарқын болашақ” олимпиадасында, аудандық олимпиадада оқушылары 1-орындарды иеленіп жүрді. Алтынай Темірғалиқызы отыз бес жылдық еңбек жолында талай-талай тәжірибелі ұстаздармен қызметтес болғанын мақтан тұтады. Олардан кешегі жас ұстаз үлкен-кішіні сыйлауға, тәжірибе бөлісуге үйренді. Осылайша бір кездері арманын арқалаған бойжеткен – қазір ұлағатты ұстаз, аяулы ана, ардақты жар, асыл әже, бір сөзбен айтқанда, бақытты жан. Біз, жас буын, өзімізге үлгі болар ұлағатты әріптесімізді мақтан тұтамыз.
Қарлығаш МҰСТАФИНА,
Талшық орта мектебінің мұғалімі.
Ақжар ауданы.