«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰБТ-ның ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚАНАҒАТТАНДЫРАДЫ-АУ, БІРАҚ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталып, толық қорытындысы шығарылды. Облыс бойынша мектеп бітірген 4326 түлектің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқаны – 2410 оқушы. Еліміз бойынша ең жоғары орташа ұпай Алматы қаласында – 84,7, Ақтөбе облысы – 78,7, Астанада – 78,5. Біздің облыстың орташа балы – 77,42. Басқа өңірлермен салыстырғанда солтүстікқазақстандық түлектер 4-ші сатыда. Республика бойынша бұл осал көрсеткіш емес. Дегенмен, тестік сынаққа қатысушыларға талдау жасай келе, жыл сайын оған қатысуға ниет білдірушілер саны кеміп келе жатқандығы анықталды. 2010 жылы – 73,5%, 2011 жылы – 70%, 2012 жылы – 61,1%, 2013 жылы – 55,7%-ды құрайды. Әсіресе, Мамлют, Тайынша, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Аққайың аудандары мен облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары ҰБТ-ға қатысуға құлықсыздық танытқан. Мамандар оның себебін Интернетте орналастырылған “ҰБТ-сыз ЖОО” жарнамалық жобалармен және түлектердің көпшілігінің колледждерге түсуімен байланыстырады.

ҰБТ қорытындысы бойынша түлектері жоғары білім деңгейін көрсеткен облыстың 10 үздік мектебі анықталды. Оларды іріктеу кезінде мына үш өлшемге назар аударылған.  

– Өлшем бойынша сыныптағы оқушылар саны 15-тен кем болмауы керек, оқушылардың 75%-ы ҰБТ-ға қатысуы тиіс және мектептің орташа ұпай көрсеткіші есептелді. Осы көрсеткіштер бойынша үздік ондыққа енген мектептер қатарына облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернаты (19 оқушысы тестілеуге қатысқан, орташа – 105,26 балл), облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейі (24 оқушы – 101,91 балл), “БЭСТ” гимназиясы (62 бала – 100,66), Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін бірінші лицей (30 түлек – 96,3), Петропавлдағы №9 орта мектеп (16 оқушы – 95,68 балл), М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейі (36 бала – 94,63), Уәлиханов ауданындағы Бидайық орта мектебі (17 түлек – 91,5), Петропавлдағы “Дарын” мектеп-лицейі (22 бала – 87,09), Петропавл қаласындағы бірінші гимназия (46 түлек – 87,0) және Петропавлдағы №7 орта мектеп (16 оқушы – 84,06) жатқызылды. Облыс бойынша 48 түлек халықаралық марапаттарға ие болып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды. “Алтын белгіге” үміткер 111 оқушының 29-ы (2012 жылы – 36), “Үздік аттестатқа” дәмелі 88 оқушының 20-сы ғана сенім биігінен көрінді, – дейді облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Күлпаш Қалғожина.

Оның айтуынша, түлектердің өз білімдерін дәлелдей алмауына сынақ кезінде толқып, қобалжулары, әсіресе, ауылдық мектептерде дайындықтың тиімділігін арттыруға оқушылардың өз-өздерін ұстауларына, ойларын жинақтап, шешуші кезеңде сезімге ерік бермеуге ықпал ететін психотехникалық дағдының жетіспеуі де кері әсерін тигізген.

Енді “жүзден жүйрік” оқушыларды дайындаған қандай мектептер екенін де оқырмандарға таныстырып өтейік. Өңірімізде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген облыстық дарынды балаларға мамандандырылған білім беру мекемелерінің ішінде қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатынан 4 түлек – “Алтын белгі”, 1 түлек – “Үздік аттестат” және 19 бала халықаралық марапатқа ие болып, ҰБТ-дан босатылған. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 2 оқушысы – “Алтын белгі”, 2-еуі – “Үздік аттестат” пен 16-сы халықаралық марапатқа ие болған. “ЛОРД” мектеп-лицейінің 3 оқушысы “Үздік аттестат” және 2-еуі халықаралық марапатты иеленген.

– Ауылдық мектептердің ішінде Қызылжар ауданынан 3 оқушы “Алтын белгіге” ие болды. Олардың біреуі – Бескөлдің мектеп-гимназиясының, екіншісі – “Парасат” мектеп-лицейінің, үшіншісі Шаховское орта мектебінің түлегі. Бір айта кетерлігі, биылғы жылы ҰБТ-да облыс бойынша ең жоғары ұпай (122 балл) жинаған жалғыз оқушы да осы Шаховское орта мектебінің оқушысы болды. Айыртау ауданынан 2 оқушы “Алтын белгіні” растады, оның біреуі – Казанка орта мектебінің түлегі. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан да екі оқушы “Алтын белгі” (Новоишим №1 ОМ және Чистополье ОМ) алса, тағы біреуі “Үздік аттестатқа” (Тоқсан би атындағы ОМ) ие болды. Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл №1 және №2 орта мектептерінің әрқайсысынан бір оқушыдан “Алтын белгіні” дәлелдесе, 5-еуі “Үздік аттестатқа” ие болды. Олар Бидайық, Елтай, Кішкенекөл №2 ОМ (2 оқушы) және Кішкенекөл мектеп-гимназиясынан бір-бір оқушыдан. Шал ақын ауданынан да екі оқушы “Алтын белгіні”, тағы біреуі “Үздік аттестатты” дәлелдеді. “Алтын белгінің” екеуі де Кривощеково ОМ-нің оқушылары және “Үздік аттестатқа” қол жеткізген бір оқушы – Жаңажол орта мектебінен. Бір қуанарлық жайт, бұл ауданда ауылдық мектептер көш бастап тұр. Естеріңізде болса, өткен жылы да Кривощеково ОМ-нің түлегі Айдана Қайырова 125 ұпай жинап, Айды аспанға шығарған болатын. Бұл аталмыш мектеп мұғалімдерінің біліктілік деңгейін көрсетеді. Ақжар (Ленинград №1ОМ), Аққайың (Иваново ОМ) аудандарының әрқайсысынан бір оқушыдан “Алтын белгі” иегерлері шықты. Тайынша ауданының оқушылары 1 “Алтын белгіні” (Тайынша №1ОМ) және екі “Үздік аттестатты” (Алабота ОМ мен Келлер ОМ) дәлелдеді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Пролетар орта мектебінің бір оқушысы “Үздік аттестатқа” қол жеткізді. Сонымен қатар, ауылдық мектептерде халықаралық марапатқа ие болған 2 оқушы бар. Олар: Есіл ауданындағы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 орта мектеп пен “Парасат” мектеп-лицейінің оқушылары, – дейді Күлпаш Қалғожина.

Петропавл қаласы бойынша 9 “Алтын белгі” мен 4 “Үздік аттестат” иегерлері шықты. Олар: М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейден 2 “Алтын белгі”, 3 “Үздік аттестат”, 2 халықаралық марапат иегері, қалалық классикалық гимназиядан 2 “Алтын белгі”, 1 “Үздік аттестат”, 1 халықаралық марапат иегері білімдерін дәлелдеді. Сондай-ақ “Дарын” мектеп-лицейінен (1), жалпы білім беретін қалалық бірінші лицейден (1), бірінші гимназиядан (2), Бірінші лицейден (1) “Алтын белгіні” растады. Халықаралық марапат иегерлерінің арасында Петропавл қаласындағы әл-Фараби мектеплицейінен (3 оқушы), Петропавл қаласындағы №26 орта мектептен (2 оқушы), Петропавлдағы №4 орта мектептен 1 оқушы бар.

Күлпаш Қалғожинаның айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектері ең төменгі орташа ұпай жинап, көш соңында қалғандар қатарына Жамбыл (67,70), Ақжар (69,72 ұпай), Ғабит Мүсірепов атындағы (70,36) аудандар енеді. Бұған қоса, облыс бойынша ең төмен білім деңгейін көрсеткен 10 мектепті де атап кетуге болады. Олар: Уәлиханов ауданындағы Қайрат орта мектебі (ҰБТ-ға қатысқан 5 оқушының орташа көрсеткіші – 39,20, бұл шекті деңгейден де төмен), Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Володар орта мектебі (2 оқушы – 50,50 ұпай) және Шұқыркөл ОМ (5 оқушы – 52,00), Жамбыл ауданынан Мирное ОМ (3 оқушы – 52,00), Айымжан ОМ (3 оқушы – 54,33), Архангелка ОМ (3 оқушы – 54,66), Тайынша ауданының Қарағаш ОМ (2 оқушы – 52,50), Севастополь ОМ (1 оқушы – 53), Тайынша №2 ОМ (6 оқушы – 54,50) және Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ОМ (4 оқушы – 55,50). Аталмыш мектептердің артта қалуына білім ошақтарының оқу-тәрбие үдерісін жүргізу деңгейлерінің әртүрлілігі, педагогтердің кәсіби шеберлігінің төмендігі, материалдық-техникалық базаның қазіргі талапқа сай келмеуі салдарын тигізген.

Тестік сынаққа енгізілген пәндер бойынша ең төменгі нәтижені қазақ тілінен (16,61) Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның, орыс тілі (14,94) мен Қазақстан тарихынан (12,48) Жамбыл ауданының және математикадан Ақжар (9,9) мен Жамбыл (9,92) аудандарының түлектері көрсеткен.

ҰБТ біздің облыста еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда ыңшыңсыз, тыныш өтті. Дегенмен, ойланарлық жайлар да бар. Біз өз пікірімізбен бөлісіп, ой тастадық, түйін шығару Сіздің құзырыңызда, құрметті оқырман.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp