«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ БАҚЫТЫ — ШӘКІРТ ЖЕТІСТІГІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін, одан кейін СҚМУ-ді мектепке дейінгі және бастауыш сыныптарды оқыту теориясы мен әдістемесі мамандығы бойынша бітірдім. Шал ақын ауданындағы Бірлік негізгі мектебінде еңбек етіп жүргеніме 20 жылдан асты. Бүгінгі күні бастауыш сыныптарының мұғалімдігіне қоса мектептің шағын орталығында әдіскермін. Шағын орталықта әртүрлі жастағы 18 бала тәрбиеленеді.

Қазіргі уақытта мектептегі 52 оқушыға 12 мұғалім сабақ береді. Олардың 2-еуі – жоғары санатты, 7-еуі – бірінші, қалғаны екінші санатты мұғалімдер. Өзімнің санатым – бірінші. Бүгінгі таңда мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін түрлі сайыстар өткізіліп тұрады. Өзім осы сайыстардың өтуі дұрыс деп санаймын. Бұл ұстаздарды жақсы жұмыс істеуге, өз білімдері мен тәжірибелерін кеңінен таратуына ынталандырады. Биылғы жылы “Үздік педагог – 2013” байқауының аудандық кезеңінде екінші дәрежелі дипломмен марапатталдым.

Осы жылдар аралығында алдымнан талай шәкірттер тәлім-тәрбие алды. Алды жоғары оқу орындарын бітіріп, өздерінің қалаған мамандықтарының иелері атанды. Оқушыларымның көбі жоғары оқу орындарында оқып жүр, грантпен оқитындары да бар. Көбінесе бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбегі еленбей қалады. Білім негізі бастауышта қаланатынын ескерсек, ол балалардың жетістіктерінде менің де үлесім бар екендігі қуантады.  

Еліміздегі білім деңгейін көтеру мақсатында оқушыларды түрлі олимпиадаларға, ғылыми жобалар сайыстарына, басқа да байқауларға іріктеп даярлау олардың ғылымға деген ықыласын арттырады. Сондықтан оқушыларымды түрлі сайыстарға қатыстыруға тырысамын. 1-сынып оқушысы Лаура Ермекова “Кәдімгі ғажайып ас тұзы” тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізді. Бұл тақырыпты алған себебіміз еңбекке баулу сабақтарында теңіз тұзынан түрлі мүсіндер, гүлдер, басқа да бұйымдар жасадық. Сол сабақта баланың қызығушылығы оянды. Ол тұздың әртүрлі болатынын, оның қасиеттерін зерттей бастады. Оқушым тұзды тамаққа ғана қолданбай, басқа да мақсаттарға пайдалануға болатынына және оның пайдасымен қатар зияны да бар екеніне тәжірибе жасау арқылы көз жеткізді. Нәтижесінде балалар тұз жоғалмай, тек еритінін, азық-түліктің бүлінбей, ұзақ сақталуына тұздың әсері болатынын білді. Лаура оны да тәжірибе жасау жолымен дәлелдеді. Алдына қойған мақсатына жетті. Оның зерттеулеріне үйде ата-анасы да бағыт беріп, қадағалап отырды. Мектепке дейінгі мекемелер тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылатын облыстық “Нұрлы көжек” байқауы – оқушы, ата-ана, ұстаздар біріге отырып ізденіп, көп еңбек етуді талап ететін жоба. Аталмыш байқауда оқушым Лаура Ермекованың зерттеу жұмысы ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Байқау қатысушылардың әрқайсысын көп ізденіп, ғылым жолында талмай еңбектенуге жетелегені сөзсіз.

Бұл – білім әлеміне аяқ басқан кішкентай қыздың алғашқы жетістігі. Ол ғылымға деген талпынысы зор екенін көрсетті. Оқушыларымның әр жетістігін көру мен үшін бақыт. Кішкентай ғалымдарға ғылым жолында сәттілік тілей отыра, байқауды ұйымдастырушыларға шын ниеттен ризашылығымды білдіргім келеді.

Күләнда ҚАСЫМОВА,

Бірлік негізгі мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

 

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp