«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘН ӘЛЕМІНЕ ЖЕТЕЛЕЙМІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мектепке дейінгі жастағы балаларға берілетін тәрбие саласының бірі – эстетикалық тәрбие. Эстетикалық тәрбие өнер құралдары бойынша, яғни музыкада – дыбыс, суретте – бояу, тіл дамытуда сөз арқылы жасалған көркем бейнелер негізінде баланың дүниетанымын арттырып, өмірдің шындығы мен әсемдікті сезіну қабілетін дамытуға жағдай жасайды. Музыкалық тәрбиенің негізгі мақсаты жеке адамның жан дүниесінің үйлесімді қалыптасуын және рухани байлығын дамыту болып табылады.

Балабақша тәрбиеленушілері қиялшыл болып келеді. Мысалы, ертегі айтқанда олар көз алдына сол оқиғаны елестетіп отырады. Ән айтқанда да, музыка тыңдағанда да, музыкалық-ырғақтық қимылдар жасағанда да дауысы, интонациясы, дене қимылы арқылы сол шығарманың сипатын дәл жеткізуге тырысады. Бұл балалардың бойындағы шығармашылық қасиетті дамытуға игі ықпалын тигізеді. Балалардың шығармашылығын, әрине, шын мәнінде өнер деп қарауға болмайды, бұл – балалардың музыкалық саладағы ізденісінің көрінісі. Іздене отырып балалар өздері байқамаған жаңалықтар ашады.

Менің “Күншуақ” балабақшасында музыка жетекшісі қызметін атқарып жүргеніме 4 жылдай уақыт болды. Балалармен жұмыс істеу – мен үшін бір ғанибет. Себебі, әр бала өзінше ерекше, өзінше сүйкімді, ал мен бұдан жаныма ләззат алам. Біздің балабақшаның балалары түгелдей шығармашыл деп айта алмаймын, дегенмен арасында өнерлі, музыкаға құмар, дарынды балалар да аз емес. Ондай балалармен көбірек қарым-қатынас жасап, музыкалық қабілеттерін дамытып, шығармашылыққа төселдірген жөн. Мен өзімнің аз ғана жұмыс тәжірибемде талай сыннан өттім. Күн тәртібіндегі жұмыс жоспарынан тыс балабақша әкімшілігіне әртүрлі сайыстар, салтанатты жиналыстар жайындағы факс-хаттар түсіп жатады. Оған, әрине, әрқашан дайын болу керек. Сондықтан дарынды, өнерлі балалармен жеке-жеке үйірме жұмыстарын өткіземіз. Аудан көлемінде өткізіліп жатқан іс-шараларға белсенді қатысып, әрдайым жүлделі орындарға ие болып жүрміз. Бұл – ата-аналар үшін де, балабақша үшін де үлкен мәртебе. Сондықтан жастайынан балаларға көбірек музыка тыңдатып, ырғақтық қимыл-әрекеттер жасату, шығармашылыққа баулу артық емес деп ойлаймын.  

Сәуле БАЙМАҒАНБЕТОВА,

“Күншуақ” балабақшасының музыка жетекшісі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp