Талдықорған қаласында велоспорттан өткен Қазақстан Республикасының ұлттық біріншілігінде жерлесіміз Бахтияр Қожатаев алтыннан алқа тақты. Дүбірлі додаға еліміздің барлық облыстарынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл сында өңір намысын қорғауға 20-дан астам велошабандоз қатысқан болатын.
50 шақырымдық критериум кезеңінде велоспорт бойынша ҚР спорт шебері Бахтияр Қожатаев мәреге бірінші болып жетті.
Спорттың бұл түрімен 11 жыл айналысып келген Бахтиярдың осы уақытқа дейінгі жетістіктері аз емес. Мәселен, спортшы былтыр “Тур де Әзірбайжан” көпкүндігінде үшінші нәтиже көрсетіп, таулы кезеңнің дарасы атанған. Канадада өткен әлем кубогында да қоладан алқа таққан жерлес велошабандоз шілде және тамыз айларында Францияда өтетін әлем кубогына дайындалуда.
* * *
Облысымызда велошабандоздар арасында КСРО спорт шебері Владимир Мезевті еске алуға арналған жарыс өз жалауын көтерді. 6 күнге созылатын додаға еліміздің 12 қаласынан 127 спортшы қатысты.
Дода 6 күнге созылды. Бақ пен бап таластырған велошабандоздар “Новокаменка-Архангелка”, “Явленка”, “Соколовка” және “Омбы” тас жолдарын бағындырды.
Сайыс қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша топ жарған солтүстікқазақстандық велошабандоздарға сары түсті жейде тарту етілді. Астаналықтар мен талдықорғандық спортшылар екінші және үшінші орынға табан тіреді.
Сондай-ақ марапаттау рәсімі барысында жергілікті велоспортшы Арман Турлинге “Белсенді шабандоз”, ал қостанайлық Даниил Марухинге “Ең жас шабандоз” жүлдесі табыс етілді.
Велокөпкүндік соңында жеңіс тұғырынан көрінгендер ақшалай сыйақыға ие болды.
Облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.