«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТYСТІ АРАША САН СOБИГЕ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Әнші Яна Богова қайырымдылықпен айналыса бастағалы “Солтүстік Қазақстан” газеті оның бірде-бір концертін қалт жіберген емес. Адамгершілік асыл қасиетті бойына сіңіріп, ізгіліктің жарқын көрінісін жерлестеріне өнеге етіп жүрген, бүгінде Қытайда тұратын петропавлдық әншіні жуырда туған қаласында жолықтырып, сұхбаттасудың сәті түсті.

 

– Петропавлға келуіңіздің себебі не?

– Мен 2010 жылдан бастап туған қаламда қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып жүргенімнен өздеріңіз жақсы хабардарсыздар. Бұл жолғы сапарымның да басты мақсаты – қайырымдылық. Жуырда “Алматы” мейрамханасында Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылында орналасқан кәмелетке толмағандарға арналған Балалар үйі тәрбиеленушілеріне арнап концерт ұйымдастырдым. Концертімнен түскен 200 мыңдай теңгенің бір тиынын қалдырмай солардың керегіне жұмсадым. Мекеме директоры Сәуле Омароваға көмегімді қаржылай ұсынып едім, ол кісі қажет заттарды өзімнің сатып әперуімді ұсынды. Сондықтан бұл сапарымда дүкен аралауға да уақыт табуға тура келді (жымиды).

– Қайырымдылықпен айналыса бастауыңызға не түрткі болды?

– Қайырымдылық жасау менің бала кезімнен бері келе жатқан арманым болатын. Бәлкім, мұның себебі кішкентайымнан әке-шешемнің емес, ата-әжемнің тәрбиесінде болғанымнан шығар. Әжем Надежда Триголосты анам деп есептейтінмін. Сондықтан әрдайым соларға көмектескім келіп тұратын. “Өскен кезде атам мен әжеме конвертке салып, көп ақша жіберіп тұрсам, олар оның қайдан, кімнен келіп жатқанын да білмей, тек қуанышпен қабылдаса ғой”, – деп армандайтынмын…

Мен кішкентай кезімде өте аурушаң болдым. 14-ке толғанша аурудан көз ашқан емеспін. Одан кейінгі тағы бір себеп – өз ұлым да науқас болып туды. Дем ала алмай булығатын баламмен бірге бес жыл бойы ауруханадан шыққан жоқпын. Ол кезде қазіргі СҚМУ-дің сазды-педагогикалық факультетінің 2-курсында оқып жүр едім. Босанған соң үш айдан кейін емтихан тапсыруыма тура келді. Оның үстіне дәл сол кезде құйымшағым сынып, екі орындықта отырғаным әлі есімде. Сондықтан сол бес жылым менің санамда қатты сілкініс жасады. Қайырымдылыққа бет бұруыма да осы жайттар септесті.

– Дегенмен, содан соң бірден қайырымдылыққа бет бұрмай, бұл шаруаны кейінірек қолға алуыңызға не себеп?

– Бұл кезең 90-шы жылдар еді. Ауыр кез болды. Өз күніңді көру қиындап кеткентін. Сондықтан, әрине, қайырымдылық туралы сөз де болған жоқ. Ол кезде мен күнкөрістің қамымен жүргенім жасырын емес. Сәбилі болсам да, ауруханалардан шықпасам да, жоғары оқу орнын академиялық демалыссыз, уақытында аяқтадым. Оқытушылардан екі сағат сайын үйге баланы емізіп, не ойнатып келуге сұранатынмын. Оның үстіне баланы ата-әжесіне қалдырып, Польшаға тауар алып келуге де барғанмын. Бұған қоса әжемнен азагүл жасауды үйреніп, сол бұйымдарымды жерлеу бюросына апарып тапсыратынмын. Қазір соның бәрін қалай үлгергеніме өзім де таңғалам. Өйткені, үнемі ақша табу керек еді. Маған бала кезімнен осы ой маза бермейтін. Әрине, күйеуім бартұғын, бірақ оның тапқан ақшасы жұқ та болмайтын. Балам шамалы өскеннен кейін, бизнеске бет бұрып, киім-кешек сатумен айналыстым. Сөйтіп күн көрдік.

– Ата-әжемнің тәрбиесінде болдым деп қалдыңыз. Ал ата-анаңыз туралы білуге бола ма?

– Анамды ешқашан көрген емеспін. Оның осы қалаға ара-тұра келіп тұрғанын, әжем оны ана құқығынан айырмағанын білемін. Бірақ ол менімен бірге болғысы келмеді… Ал әкем Виктор Воробьев мен 1-сыныпқа барғанша бізбен бірге тұрды. Мені мектепке де өзі жетелеп апарды. Ол суретші, ақын еді, театрда қызмет істеді. Еркіндікті аңсады. Кейін Владивостокқа кетіп қалып, мен 17-ге толғанда, қайтып келді. Сөйтіп, он жыл бойы әкемді де көрген жоқпын. Бірақ хат жазысып, хабар алысып тұрдық. Ал былтыр қараша айында, 64 жасында дүниеден өтті… Оның өлеңдерін жинастырып, кітап құрастырам ба деген ойым бар.

Ата-әжем мені кішкентайымнан отансүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиеледі, тек қана жақсылық жасауға үйретті. Қариялар Құдайын аузынан тастамайтын иманды адамдар еді, мені де жасырын түрде шіркеуге апара жүріп, кеудеме имандылық иірімдерін ұялатты. Әжем мұқтаж жандарға жиі көмектесетін. Өзі жасаған азагүлдерді, кедей-кепшікке тегін таратып, батасын беретін. Дворян әулетінде туып-өскен ол өмірдің ауыртпалықтарына қарамастан, ақсүйектік қасиетін сақтап қалды. Мені адамгершілікке, тазалыққа баулыды. Мен осының бәрін көріп, бойыма сіңіріп өстім. 16 жыл қоларбаға байланған әжем де 88 жасында, биыл ақпан айында дүниеден озды.

– Әкеңіздің тегі Воробьев болса, Сіздің Богова болуыңызда қандай сыр бар? Әлде бұл сахналық лақап атыңыз ба?

– Николай Богов – менің атам, яғни әкемнің әкесі. Атам өте дарынды сағат шебері болған екен. Ленинград түбінде туғанын, сонда екі жыл лагерьде отырғанынан хабардармын. Атам туралы бұдан басқа ештеңе білмеймін. Ол үшін мұрағаттарды ақтарып, мәліметтер іздестіру керек. Әжем Николаймен соғыстан кейінгі саяси қуғын-сүргін кезінде лагерьде танысыпты. Менің әкем де сол тар жерде туған. Оның тегі Богов болуы керек еді. Бірақ олар Петропавлға келгеннен кейін, әжеме “халық жауының әйелі және баласы” деген айыптан және қудалаудан құтылғың келсе, баланың тегін өзгерт деп кеңес беріпті. Сөйтіп, әжем менің әкеме өзінің қыз кезіндегі тегін қойған екен, тіпті, некесін де тіркемепті. Мен атамның осы тегін сахналық тек етіп алғанды жөн көрдім. Онымды әжем де қуана қоштады.

– Дәстүрлі сұрақ – өнер жолына қалай келдіңіз?

– Менің әрқашан өзімнің сүйікті ісіммен айналысқым, яғни ән айтқым келетін. 17 жасымнан бастап вокалды-аспаптық ансамбльдерде ән салдым. 18 жасымда сол кездегі троллейбус паркіне әнші болып жұмысқа орналастым. Мұнда көптеген адамдардың, соның ішінде ел басқарып отырған азаматтардың алдында өнер көрсетуге тура келді. Ол кезде мен ансамбльдің сүйемелдеуімен Алла Пугачеваның әндерін орындайтынмын. Оның дауысын айнытпай келтіргеніме бәрі таңғалушы еді. Бір концертімнен кейін үйге бір себет раушан гүлін алып келгенім әлі есімде. Бұл менің алғашқы триумфым еді.

Одан кейін оқуды бітіріп, сауда-саттықпен айналысып, екінші сәбилі болып, сахнадан қол үзіп кеттім. Ал 2000 жылы жақын құрбым қайтыс болғаннан кейін, қайтадан сахнаға шықтым. Өйткені, ол дүниеден өтерінің алдында маған сахнаға оралуды тапсырып, уәдемді алған болатын. Сөйтіп, мен концертке қатысып, сахнаға шығу үшін 200 теңге төлеп, құрбыма ән арнадым. Содан кейін сол кездегі “Домино” (қазіргі “Қазақстан”) клубының басшылығы мені жұмысқа шақырды. Осылайша мен өнерге қайтып оралдым.

– Білуімізше, Сіз өзіңіз орындайтын әндеріңіздің сөзін де, әнін де өзіңіз жазасыз…

– Иә, ол рас. Сахнаға қайтып оралғанымнан кейін де мен Алла Пугачеваның әндерін орындап жүрдім. Өйткені, оған ұқсағым келетін, одан ән айтуды үйренетінмін. Бірақ көп ұзамай бәз біреулердің мені Алла Борисовнаның фонограммасымен тек аузын ашып қана тұрады деп айыптағаны құлағыма жетті. Олай емес екенін дәлелдеу үшін концерттерімде музыканы сөндіріп, өзімнің таза даусыммен ән айтуға да тура келген кездер болды. Дегенмен, өнерде өзіндік қолтаңбаны да қажет еттім. Мектепте оқып жүрген кезімнен бастап, өлең жазатынмын, сурет салатынмын, үнемі редакциялық алқа мүшесі едім. Өлеңдерім мен суреттерім түрлі байқауларда әрдайым 1-орын алатын. Бірақ өлеңдерімді өзім оқыған емеспін. Өйткені, оларды оқуды оқу озаттарына тапсыратын. Ал мен оқуда үздік болдым деп мақтана алмаймын, екпінді болдым. Өлеңдерім өзім оқыған №1 мектепте біраз уақытқа дейін сақтаулы еді. Бірақ бір жылы мектептің кітапханасы су астында қалып, олар жойылып кетті. Яғни, жазу қабілетім бойымда кішкентайымнан болған, бірақ есейіп, өзім жеке әншіге айналған кезде бұл қабілетім ашыла түсті.

Мені тәрбиелеген әжем ертегіші еді, 4 сыныптық қана білімі болғанына қарамастан, өзі де ертегі құрастыратын. “Егер оқыған, сауатты болсам, жазушы болар едім”, – дейтін. Соның өзінде ара-тұра өлең жазумен де шұғылданатын. Өлеңдері менде сақтаулы. Ән айтудан да құралақан емес еді. Әжем мен әкемнің шығармашылық қабілеттері маған да қонған ғой.

2001 жылы өзімнің алғашқы әнімді жаздым. Ол “Сон мой” деп аталатын. Бұл туындымды өңірімізге танымал әнші Маргарита Смотровамен бірге орындадым. Бұл біздің алғашқы жеке дара концертіміз болатын. Осы концерттен кейін әндерімді өзім жазуға бел будым. Шабыттанғанда әннің сөздері сазымен бірге келеді. Алдымен жекелеген сөздер санама маза бермейді, содан соң ырғақ пайда болады да, таңғы 4-5-ке дейін ұйқымды қашырып, маза бермейді. Содан соң аяқ астынан 5-6 секундтың ішінде бәрі рет-ретімен өз орындарына тұра қалады да, сол кезде тез жазып ала қоямын. Әр туындының өмірге келуі – өте қиналысты сәт. Ешқашан “саусақтан сорып” ән жазған емеспін. Алдымен не туралы жазғым келетінін ойланып, өзіме мақсат қоямын. Мысалы, “Слушай свое сердце”, “Астана”, “Казахстан и Россия” әндерін солай жаздым. Қазір әндерімді өзім ғана емес, басқа әншілер мен топтар да орындап жүр. “Казахстан и Россия” деген әнім Омбыда хитқа айналыпты дегенді де естідім. Оны алғаш рет 2011 жылы қайырымдылық концертімде орындап, сол жерде дискілерді саудалап, ақшасын балаларға жұмсағанмын. Сол концертке келген ресейліктер сатып алып кеткен болуы керек.

– Қазақша әндер де жазып, орындап жүргеніңізден хабардармыз. Бұған не себеп?

– Өмірімде ең алғаш рет сахнаға шыққанда қазақ биін билеген едім. Балабақшаға барып жүрген кезім. Әжем маған қолдан көкірекше тігіп, әртүрлі жылтырақтармен безендірді. Түрлі түсті қағаздан көздің жауын алатын сәукеле жасап берді. Сол жолы мен биден бірінші орын алған едім. Содан кейін де барлық мерекелерде балабақшада, тіпті, драма театрында концерттерге қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрдім. Билеуді өзім үйрендім. Мұндай қасиет бойыма қайдан дарығанын өзім де білмеймін. Ол кезде облысқа танымал биші Валерий Хренов әкемнің досы еді. Сол кісі менің түр-тұрпатыма қарап, бимен айналысуға кеңес бергені есімде. Бірақ би үйірмесіне барған емеспін. Қазақтың билерін, барлық қимылдарын өзім жатқа білетінмін. “Арай”, “Кировчаночка” ансамбльдерінің қазақ билерін билегенін кейін көріп, өзім де таңғалдым. Бұл билердің бәрі менің қаныма о баста сіңіп алған еді.

Жалпы атап өткім келетіні – тағдыр мені өмірімде қазақтарға жиі жақындастырды. Қазіргі күйеуімнің де ұлты қытай болғанымен, жартылай қазақ. Қызым Петропавлда қазақ-түрік лицейінде оқиды. Яғни, қазақ ұлтына жақын болу пешенеме жазылғаны ғой…

– Қайырымдылық концерттеріңіздің нәтижесі туралы айтсаңыз.

– Алғашқы концертім қайырымдылық шарасы емес еді, бірақ қалтаны қампайтудың да амалы еместін. Біз екі жарым сағат бойы көрермендеріміз үшін ән салдық. Бұл шара маған қатты әсер етті. Дәл сол сәттен бастап қайырымдылық концерттерін ұйымдастыру туралы ой келді. Бұл тұрғындардың көбі жұмыссыз қалған қиын кезең болатын, Жетімдер үйлеріндегі жағдай тіптен мүшкіл еді. Қытайдан Петропавлға келіп, өз әндеріммен қайырымдылық концертін қойғым келетінін айтып, “Парк-сити“ клубының директоры Наталья Кондратоваға хабарластым. Ол мені бірден қолдады. Оған менің алдымда ғана “NS” радиосының директоры Татьяна Чепухина мен “Беташар СК” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лариса Ельцова хабарласып, жүрек ақауы бар балалар үшін қайырымдылық концертін өткізу туралы ұсыныс жасап, шығармашылық адамдарымен хабарласуын өтініпті. Мен олармен жолықтым. Оларға қойған жалғыз ғана шартым – жиналған қаржыны отаға мұқтаж нақты балаға біреу арқылы емес, өз қолымнан тапсыру болатын. Кейін анықталғанындай, қаржыны мемлекеттік мекеменің есепшоты арқылы емес, тек қоғамдық бірлестіктің есепшоты арқылы ғана алуға болады екен. “Беташардың” сондай есепшоты бары бізге көп көмек болды. Бұл есепшоттың ашықтығы сондай, қаржының қайда, қанша кетіп жатқанын сайт арқылы бақылап отыруға болатын. Бірінші концерттен түскен қаржы түгел туа біткен жүрек ақауы бар Кирилл Сухомлиновтың анасына табыс етіліп, олар Түменге ота жасауға аттанды. Қазір оған тағы да ота жасау қажет. Басында маған ешкім сенбеген. “Ақша мұқтаж балаларға жетпейді. Кейін қайда жұмсалғанын да ешкім білмейді. Мұның бәрі белгілі жағдай”, дескен. Қайырымдылық концерттерімнің алғашқысынан бастап жүргізіп келе жатқан Владимир Лебедев өзінің терең мағыналы сөздерімен жұрттың көзін жеткізіп, иландыруға тырысты. Науқас балаларды концертке алып келіп, отаға мұқтаж екендіктерін көрсеттік. Екі бала ота жасатып үлгерді, біреуі ақша жиналуын күтіп, Түменнің ауруханасында жатқанында қайтыс болғаны өкінішті-ақ… Жиналған қаржыны Мирослав Логутцевке де жұмсадық. Қатты ауырып, көкпеңбек болып жүретін, қазір ол есейді. Сөйтіп, екі баланың жүрегіне ота жасатуға септестік. Бұған қоса онкологиялық ауруға шалдыққан бес балаға 150-200 мың теңгеден болса да қаржылай қолдау көрсеттім. Осы жылдар ішінде қанша қаражат жиналғанын қазір дөп басып айта да алмаймын. Бірақ, бір тиынын да өзіме жұмсаған емеспін.

– Өзіңіз қалай күн көресіз?

– Отбасылық бизнесіміз бар. 8 жылдан бері Қытайда “Эльдорадо” деген экспорттық-импорттық сауда компаниямыз жұмыс істейді. Кәсіптің барлық дерлік түріне лицензия алғанбыз. Зауыттар, шағын зауыттарды өсімпұлсыз сатып ала аламыз, техника сатамыз, мұнай-газ саласын да қамтимыз. Ресеймен, Қазақстанмен, шетелдермен бірлесе жұмыс істейміз. Петропавлға келген сайын алаңдарда, мейрамханаларда ән айтып, кәдімгі әртіс ретінде жұмыс істеймін.

– Демеушілеріңіз бар ма?

– Концерттік костюмдерімнің, әндерімнің жазбаларын, жасатып жүрген дискілерімнің шығынын күйеуім Сун Джан көтеретінін ешкім білмейді. Қытайда тұратын оның қазақстандық науқас, не жетім балаларға ешқандай қатысы жоқ. Басында ол маған: “Саған осының не керегі бар?” – деп кінә артқан. Бірақ алғашқы концертімнің бейнежазбасын көзіне жас ала отырып көргеннен кейін бұл ойынан айныды. Содан бері қолдап келе жатыр. 9 жылдан бері Қытай мен Қызылжар арасында жүрмін. Қолдаушыларымның бірі – ұлым Игорь Қытайда Ғылым және техника институтында оқиды.

Сонымен бірге қызылжарлық әншілер – өзімнің әріптестерім қолдайтынын атап өткім келеді. Алена Маринецтің “Экспромт” би тобы менің барлық концерттеріме қатысады. Осы жолы “Праздник” агенттігі қол ұшын созды.

Әрине, атам Яков Дементьевич пен әжем Надежда Тимофеевнаның аруақтары да мені үнемі желеп-жебеп жүретінін сезінемін.

Әртүрлі алаңдарда, мейрамханаларда ән айтқанымнан ешкімге айтарлықтай пайда әкелмейтінімді ұғындым. Балаларға көмектесіп, өмірлерін сақтап қалуға атсалысқым келді. Құдай берген өнерімді осы жолға пайдалануға бекіндім. Менің бұл қадамымды біреулер құптайды, кейбіреулер жазғырады, кейбіреулер мені мүлдем жек көретіні де жасырын емес. Мені түсіну үшін менің көргенімді көріп, менің өмірімді бастан өткеру керек-ау, шамасы…

– “Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің” деген сөз бар қазақта. Ізгі істеріңіздің қайырын көре беруіңізге тілектеспіз! Рақмет!

Әңгімелескен Роза ШӘКЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp