Бүгінгі таңда дүниежүзінде Қазақстанға қызыға да, қызғана да қарайтын мемлекеттер жетерлік. Айналдырған жиырма екі жыл ішінде адам сенгісіз жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра білген еліміз бар-жоғы 15 жылдың ішінде ғажайып елордасын тұрғызды. Осыған орай Астана күні қарсаңында елордада білім алып, жұмыс істеп жүрген солтүстікқазақстандық жастардың арасында сауалнама жүргізген едік.
Әлия БАЛТАБЕКОВА,
Ұлттық биотехнологиялар орталығының кіші ғылыми қызметкері.
Бүгінде 15 жылдық мерейтойын тойлап жатқан Астана – Қазақ елінің болашағының қаласы. Себебі, ол – мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің, тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыз жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналды.
Астанаға арман қуып келген жастардың қатарында мен де бармын. Осы жерде 3-4 жыл тұрғаннан кейін Астана туған қалам Қызылжардай ыстық бола бастады. Өйткені, менің арманымды орындаған Астанада өмірім өтуде. Қазір “Мен астаналықпын!” деп мақтанышпен айта аламын.
Уақыт өткен сайын Астанада өзімдей жастар көбейіп, қазақ тілінің тілдік ортасы қалыптаса бастады. Астананың дамуына, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосатын жастардың қатары да көбейді. Сондықтан болар, өскелең ұрпақ өкілдері Астананы “Жастар қаласы” деп атап жүр. Түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, оларды жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген Қазақстанның елордасы әсемдігімен өзіміздің ғана емес, шетел азаматтарының да жүрегін жаулады.
Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астана қаласы күннен күнге өркендей түсетініне сенімім мол.
***
Самат ҚАЛИЕВ,
“Электро-Вид-А” ЖШС-нің өндірістік-техникалық
бөлімінің инженері.
Қазақтың кең-байтақ жерінде әсемдігі көздің жауын алатын көрікті жерлер баршылық. Солардың бірі – Астана қаласы. Еліміз егемендік алған 22 жылдың ішінде экономикалық тұрғыдан дамуда адам айтса нанғысыз ерлік жасалды. Ал соңғы 15 жылдың ішінде бой көтерген Астанамыз өзінің бар сұлулығымен әлемге танылып үлгерді. Бүгінде әлемнің назарын өзіне аударған елорда сұлу шаһарлардың қатарында лайықты орнын алды. Сәні мен сәулеті келіскен, аспанмен таласқан әсем ғимараттар Астананы ерекше ажарландыра түсуде.
Бүгін барша қазақстандықтар Сарыарқа самалымен тербеле өскен Астанамыздың 15 жылдық мерейтойын тойлауда. Бір қуантарлығы, тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы – Астана шаһарында жүргізіліп жатқан құрылыс қанатын кеңге жаюын бір сәт те тоқтатқан емес. Сол себепті күн санап көркейген Астанаға қарап көңілің тасиды. Бірінен бірі әсем болып салынған сұлу ғимараттар мен әдемі көшелер көркімен ерекшеленсе, жаз мезгілінде қазақтың оюларымен өрнектелген гүлзарлар таңдай қақтырады.
Астананың құрылысына тоқталуымның да өзіндік себебі бар. Мен Алматыдағы бас сәулет-құрылыс академиясын ойдағыдай тамамдап, дипломымды алғаннан кейін Астанаға жол тарттым. Сол уақыттан бері біраз жыл өтсе де, өзімді Астанаға бірінші рет келген адамдай сезінемін. Себебі, шетелдік сәулетшілердің үздік жобалары бойынша салынған заманауи ғимараттар әсемдігімен көз тартады. Осындай нысандардың қатарына шетелдік қонақтардың сүйікті орындарына айналған “Бәйтерек” монументі мен “Хан шатыр” ойын-сауық кешені өзіндік сымбатымен ерекшеленсе, “Қазақ елі” монументі алыстан “мен мұндалайды”.
Өзге қатарластарым сияқты елордаға алғаш келген кезімде мен де біраз қиындықтарды бастан кешірдім. Бірақ төзімділік таныттым. Нәтижесінде құрылыспен айналысатын “Электро-Вид-А” ЖШС-іне жұмысқа кіріп, қазір табысты еңбек етудемін. Енді өз өмірімді өзге қалада елестете алмаймын.
Бүгінде Астана күні алғаш тойланған күннен бастап жалпыұлттық мерекеге айналды. Астананың бүгінгі бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктері жетерлік. Барша қазақстандықтар үміт артып, үлгі тұтып отырған бас қаламыздың қарышты қадамы шынында да мақтан етуге лайық.
***
Ертай ТАСБОЛАТОВ,
№3 Астана қалалық перзентхананың жансақтау бөлімінің қызметкері.
Тәуелсіздік алғалы бері еліміз талай тарихи маңызы жоғары қадамдарды жасады. Соның бірі – еліміздің астанасын Жетісудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көшіруіміз. Бүгінде Астана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында ең көрікті қалалардың біріне айналды. Президент сонау қиын-қыстау кезеңде маңызды да жауапты бастаманы көтеріп, тәуекелге белін бекем буған кезде бұған қарсы болғандардың қарасы қалың еді. Бүгінде бұл шешімнің қаншалықты маңызды әрі дұрыс болғанына әрбір қазақстандық көз жеткізіп отыр. Сол бастаманың арқасында бой көтерген жаңа астана халықтың санасына, елдің дамуына тың серпіліс әкелді. Ал жас Астана болса, жыл сайын жайнап, көркейе түсуде. Бас-аяғы он бес жылдың ішінде әлем жұртшылығы таныған айбыны асқақ шаһарлардың қатарына қосылды. Жыл сайын өсіп келе жатқан қала еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар халқымыздың мәдени өмірінің темір қазығына да айнала бастады.
Қазір мен осы қаланың тұрғынымын. Мектепті бітіріп, медициналық колледжді тамамдаған соң жоғары білім алуды көздедім. Сол кезде арман қуып, Астана медициналық университетіне сырттай оқуға түстім. Аталмыш оқу орнында білікті ұстаздардан сапалы білім ала жүріп, жұмысқа да орналастым. Әр адам туған жерін қалай сүйетін болса, мен үшін туған өлкем де, Астана да бірдей қымбат. Солтүстік Қазақстан облысында өмірге келсем де азамат ретінде шыңдалған жерім – Астана қаласы.
Жан-жақты дамыған, мәдениеті мен өнері өркендеген Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Яғни, иманды, білімді, мәдениетті болып ержеткен ел жастары Қазақстанның небір асуларды бағындыру жолында өз үлестерін қоспақ. Сондай-ақ Астананың гүлденіп, келешекке қанат жаюы әлі жалғасын таба бермек. Біз Астанамыздың болашақта әлемдегі ең әсем қалалардың біріне айналарына сенеміз.