«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢСЕСІ БИІК ЕЛОРДАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ибрай ИЛЬЯСОВ,

зейнеткер, тыл еңбеккері.

Алдымыздағы 6 шілдеде Астана қаласына 15 жыл толғалы отыр. Астана – жаңа қала, Еуразия құрлығының нағыз орталығында 1998 жылы бой көтерген. Бұл жаңа, сәнді қаланы елімнің жүрегі деп санаймын. Елордамыз – бүкіл әлемді таңғалдырып, жылдам өсіп келе жатқан сәнді қала. Астана – Қазақ елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, сауда орталығы. Астанада көптеген халықаралық форумдар, конференциялар және тағы басқа үкіметаралық жиындар өтеді. Осы саяси жиындар ешқандай мүлтіксіз ұйымдастырылып, келген делегаттардың ойынан шығып, қазақ халқының кеңпейілділігін, достыққа деген ынтасын білдіруде, әлемде қазақ деген халық бар екендігін танытуда, Қазақстанға зор сеніммен қарауға болатындығын аңғартуда.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақмола қаласын Қазақстанның орталығына айналдыруға деген ойын кезінде кейбір скептиктер қолдамай, тіпті, ашық қарсы шыққандарына біз, қариялар, куәміз. Бірақ та Нұрсұлтан Әбішұлы өз ойынан қайтпады, Парламент депутаттарының көпшілігі Елбасыны қолдады. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл да көреген саяси шешімімен Ақмола қаласы Қазақстанның елордасына айналды. Міне, қазір Астана қаласы көркейіп, дамып келеді. Қазақстанның нағыз орталығына айналды. Алматы қаласы да артта қалған жоқ. Қазақстанның – екінші орталығы.

Астана – біздің мақтанышымыз, Қазақстанның тірегі. Келешекте “ЭКСПО – 2017” көрмесінің Астанада өтуін бүкіл әлем қолдап, қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Бұл да – біз үшін үлкен мақтаныш. Астананың жанында қосымша үлкен жаңа қалашық пайда болмақ. Мұнда бүкіл әлем өз жетістіктерін көрсетеді. Жер қойнауындағы байлықтар азайып барады, сол себепті күннің көзін, жел қуатын және т.б. балама қуат көздерін қалай пайдалануға болатындығы туралы ғылыми жаңалықтар көрсетіледі. Астана қаласы “ЭКСПО – 2017” өтуіне лайық деп, жер жүзі қолдап отыр.

Осындай абырой атаққа ие болған ару Астанамыз ел игілігіне өсіп, көркейе берсін деген тілегімді білдіремін.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp