«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕР САПАРЛАРЫ ӘСЕРГЕ ТОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің әр қаласы біздің баға жетпес құндылықтарымыз болса, Астана – ұлттық рухтың ордасы. Оның өсіп-өркендеуі елдің ғана емес, әлемнің көзайымына айналуы әрбір қазақстандықтың көңіліне мақтаныш болып орныққан.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.

Бүгін елордамыз көсіліп жатқан бұрынғы Целиноград қаласы менің студенттік жылдарым өткен шаһар еді. 1965-1970 жылдар аралығында Целиноград ауыл шаруашылығы институтында білім алдым. Сол кезде қаланың ең үлкен көшесі Мир деп аталушы еді. Қаладағы 4 жоғары оқу орнының студенттері соның бойында қыдырушы едік. Себебі, жастар серуендеп, бос уақыттарын өткізетін басқа жер болмайтын. Бұл қазіргі Астананың жастарына күлкілі естілуі мүмкін. Бүгінгі таңда ол көше Бейбітшілік даңғылы деп аталады екен. Әрине, алға жылжу мен даму бар жерде өзгеріс үнемі болады. Бұл – заңдылық.

Астанаға жылына кем дегенде екі-үш рет барамын. Елордаға әр барғанымда мені өзгерістер күтіп тұрады. Сәні мен сәулеті жарасқан қала ай сайын түрленеді. Кімді болсын тамсандырған, мақтанған сәулеті өзгеше ғимараттардың қатары жыл сайын артуда. Жуырда Орталық Азияда теңдесі жоқ, көрген адамның көзі сүйсінетін зәулім “Астана опера” Мемлекеттік опера және балет театры салынды. Шынында, бұл алып театр тек ел басшылығының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналуға тиіс. Айтқандай, ол аумағы жөнінен, тіпті, атақты Копенгаген театрынан да үлкен көрінеді. “Астана операның” бой көтеруі тек мемлекетіміздің өміріндегі ғана емес, бүкіл әлемдік мәдени кеңістіктегі айтулы оқиға деп бағалануда. ХХІ ғасырда ең ауқатты, бақуатты деген Еуропаның өзінде небәрі 2 опера театры ғана салыныпты. Оның бірі 2005 жы­лы – Копенгагенде, екіншісі 2008 жылы Ослода тұрғызылған екен. Жас мемлекеттің өз төрінде алып опера театрын салуы көп жайтты аңғартады. Мәдениетті асқақтатқан ел азбайды. “Астана опера” өзінің сәулеттік келбеті жөнінен – классикалық, ал ішкі жарақтандырылуы тұрғысынан “асатразаманауи” театр болып отыр. Осылай өркендеп, гүлденіп жатқан Астана – жастардың қаласы, аға буынның мақтанышы. Осы орайда өңірімізде бірнеше жыл бұрын аға буын өкілдері – соғыс, тыл ардаерлерін елордаға экскурсияға апару қолға алынған болатын. Бүгінде оның жөн екендігіне көзіміз жетіп отыр. Жастайынан еңбекке араласып, балалық шақтың бал дәуренінен ерте айырылып, талай қиындықты көрген ардагерлер тыныштық орнаған елінің қалай дамып жатқанын көрулері тиіс. Олардың өз немерелері мен шөберелері арман қуып кеткен Астананы көргісі келетіні анық. Өткен 2 жарым жылдың ішінде тек Петропавл қаласынан Астанаға 306 ардагер барды. Олар Астанаға сапарлары барысында қаланың көрікті жерлерін аралап, елден естігендерін, теледидардан көргендерін өз көздерімен тамашалады. Астанаға ардагерлерді Петропавл қаласы ғана емес, аудандар да жіберуде. Осы айдың ішінде Астана қаласының 15 жылдық мерейтойы қарсаңында елордаға тағы бір топ ардагер сапар шекпек. Ардагерлерді Астанаға жіберудің қаржысы облыс тұрғындарының сенбіліктерде аударған біркүндік еңбекақылары есебінен жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірімізде 92 мың 960 ардагер болса, оның 416-сы – соғыс ардагерлері. Олардың қатары күн санап азаюда. Осыдан екі жарым жыл бұрын осы қызметке келгенде өңірімізде 657 соғыс ардагері болатын. Осы орайда қарияларын ардақтаған ел ретінде олардан қамқорлығымызды аяғымыз келмейді. Жыл сайын солтүстікқазақстандық ардагерлер бас қалаға жол тартады. Астанаға сапарға баруға ардагерлердің өздері де өтініш жасап жатады. Себебі, қатарластарымен бірге елорданың көрнекті жерлерін аралағанға не жетсін?! Олардың қатарында бас қалаға бірнеше мәрте барып келгендері де бар. Әр ардагер Астанадан мақтаныш сезімімен оралады. Ертеңгі күндеріне сеніммен қарап, балаларының болашағы жарқын болатындығына шүбә келтірмейді. 15 жастағы Астанаға қарияларымыз таңдана да, тамсана да қарайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp