Әр жылдың түлектерінің арасында бетке ұстар озығы болады. Биылғы оқу жылында ерекше жарқырап, жұрт назарына іліккен Әсел Сұртаева болды. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеуде облыс түлектерінің арасында ең көп – 122 ұпай жинап, “Алтын белгіге” білімін дәлелдеді. Сөйтіп, өзінің қанатын қатайтып, ұшырған мектебінің ғана емес, облыстың мақтанышына айналды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Әсел Қайыркенқызы Қызылжар ауданындағы Шаховское елді мекенінде қарапайым отбасыда дүниеге келген. Әкесі ауыл қырманында таразышы, шешесі үй шаруасында. Қайыркен мен Майра Сұртаевтар көздерінің ағы мен қарасындай қос құлындары – Айгүл мен Әселдің бақытты болашағы үшін тер төгуде.
– Әр ата-ананы баласының жетістіктері бақытқа бөлейді. Біз де қызымыздың мектепті жақсы аяқтап, облыс түлектерінің арасында ең жоғары балл алғанына ерекше қуандық. Бұл жеңіс Әселге оңайлықпен келген жоқ. Бұл – оның тынымсыз еңбектенуі мен табандылығының нәтижесі. Үлкен қызымыз Айгүл де орта мектепті жақсы аяқтаған болатын. Өз білімінің арқасында Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің биотехнология факультетіне түсіп, оны “Қызыл дипломмен” тамамдады. Бүгінгі күні сол білім ордасында жемісті еңбек етіп жүр. Балаларымыздың бұл жетістіктеріне алдындағы оқушыларына сапалы білім беріп жүрген ұстаздардың да қосқан үлесі зор, – дейді Әселдің анасы.
Әсел басқа құрдастары сияқты алты жасынан мектеп табылдырығын аттап, өзіне әлі жұмбақ дүниенің қыры мен сырын ана тілінде меңгерген. Бала күнінен білімге деген құштарлығы есейген сайын еселеніп, орта буынға келгенде ағылшын тілі мен биология пәндеріне ерекше аңсары ауады.
– Биология пәнінің мұғалімі Людмила Чукуеваның сабақтары ерекше тартымды болатын. Осы ұстазымның сабақ бергеніне қызығып жүріп, кейін биология пәнін де сүйіп оқитын болдым. Ал ағылшын тіліне өзім қызықтым. Ағылшын тілінің мұғалімдері жиі ауысатын, бірақ ол менің пәнге деген қызығушылығымды бәсеңсіте алмады. Кейін Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де бесінші пән ретінде ағылшын тілін таңдадым. Ағылшын тілінен 25 сұрақтың 23-іне дұрыс жауап бердім. Ал ең жоғары 125 балға ағылшын тілінен – екі, Қазақстан тарихынан бір ұпайым жетпей қалды.
ҰБТ тапсыруға бізді жан-жақты дайындаған ұстаздарымның, әсіресе, мектеп бітірген түлектердің қай-қайсысынан болсын ақыл-кеңесін аямай, қамқорлық жасап, өмірдің ащы-тұщысына дайындаған сынып жетекшіміз – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Толқын Рияпованың еңбегі өлшеусіз. Сонымен қатар, әр кез маған қолдау көрсетіп отырған ата-анама алғысым шексіз. Өмірде бір жетістіктерге қол жеткізсем, осы кісілердің арқасы, – дейді Әсел Сұртаева.
Әсел бала күнінен әпкесі Айгүлге еліктеп өсіпті. Оны өзіне үнемі үлгі тұтқан. “Ол шыққан биіктерден мен де көрінсем” – деп армандаған. Арманына жету үшін алдына қойған бірінші мақсаты мектепті үздік бітіру болыпты. Ол орындалды. Енді Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің халықаралық қатынастар факультетінің студенті атануды көксейді. Алла жазса, ол арманына да жететініне сенімді.
Әсел бүгінгі күні қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін де жетік меңгерген, болашақта араб, қытай тілдерін де үйренуді мақсат етіп отыр. Адамда арман таусылған ба, тағы нені армандайсың деген сауалыма ол:
– Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасып, өз ісін жетік меңгерген маман болуды, мектеп қабырғасында алған білімімді одан әрі шыңдап, ел игілігі үшін жұмсауды армандаймын. Сол арманымды жүзеге асыру үшін Астана қаласына жол тартпақпын, – деді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.