«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДА БАР “АСТАНА” САЯБАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Академик Қаныш СӘТБАЕВ:
“Ақмола – өзінің географиялық орналасуына қарай, төрт бағыттан келетін темір жол, тас жол, әуе жолының осы жерде түйісеріне қарай болашақта республиканың экономикасы, мәдениеті мен ғылымы ересен даму алатын қала”.
(1958 жылдың күзінде Қазақ КСР Ғылым академиясының
Қарағандыда өткен сессиясында сөйлеген сөзінен. “Етжеңді” “Егемен Қазақстан” 2002 кітабынан. Астана. 2003 жыл. 196-бет.).

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Астанаға қарап, облыс орталықтары түгіл, ауыл-аймақ та бой түзей бастады. Аудан тұрғындарының өз ауылдарымен мақтануы үшін демалыс орындары көптеп ашылуда. Солардың қатарында “Астана” деген атпен белгілі саябақтар да бар. Бұл ауылдарды көркейтудің бір жолы ғана емес, ел астанасына көрсетілген құрмет те. Сондай-ақ аға буынға бас қаланы таныстыру болса, жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуге өз септігін тигізбек.

Өткен жылы дәл осындай саябақ Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда ашылды. Оны салу үшін Новоишим ауылының оралығынан 0,9 гектар жер бөлініп, бюджеттен 20 миллион теңге қаржы қарастырылды. Қостанай қаласынан арнайы шақырылған суретші-дизайнер Лариса Конобеева “Астана” саябағының жоспарын жасады.  

Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының ең сүйікті демалыс орнына айналған аталмыш саябаққа Астана қаласындағы 13 көрнекті нысанның макеті қойылған. Сонымен қатар 70 шырша егіліп, 20 кішкентай субұрқақ пен қолдан жасалған су ұңғымалары орнатылды. Онда жасанды көкқұтан, қызыл қаз, дала үйректері жүзіп жүр. Астана қаласындағы көпірлерді көзге елестету үшін қолдан жасалған тоғанның үстіне көпір орнатылған. Осы әдемілікті жақыннан көруге мүмкіндік беретін саябақ ішіндегі жолдарға ұлттық ою бейнелеген өрнек тастар төселген. “Астана” саябағының жобасын жасаушы суретші-дизайнер Лариса Конобееваның айтуынша, еліміздің жүрегі іспеттес болған “Бәйтеректің” маңайында қолдан жасалған су ұңғымаларының жасалуы елдің рухани тазалығын білдіреді. Саябақ ішіндегі жолдардың шеңбер тәріздес болуы – еліміздегі тыныштықтың, береке-бірліктің, өзара үндестіктің белгісі. Сол себепті аудан тұрғындары: “Астананы көріп, болашаққа көз тастаймыз”, деген сөзді жиі айтады екен.

  Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp