«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ ҰЗАҚМЕРЗІМДІ СТРАТЕГИЯСЫ әлем сарапшыларының назарында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мәскеу қаласындағы “Дағдарыстан кейінгі әлем институты” халықаралық зерттеу қоры үстіміздегі жылғы ақпан-мамыр айлары аралығында зерттеу жүргізіп, оның қорытындысын “Перспектива – 2050: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы” деп аталатын жинақта жария етті. Аталмыш еңбекте осы кезеңде бүкіл дүниежүзінде қалыптасып отырған жағдай кеңінен сөз болады. Одан біздің егемен Қазақстанымыз да шет қалмаған.

Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

“Дағдарыстан кейінгі әлем институты” халықаралық зерттеу қоры – тәуелсіз сараптама орталығы, “Общественное мнение” қоры (www.fom.ru), “Бизнес-солидарность” ТК (www.kapitalsty.ru), “Центр развития фондового рынка” қоры (www.crfr.ru) сияқты Ресейдің бірқатар ұйымдарының бастамасы бойынша 2009 жылдың басында Мәскеу қаласында құрылған. Институт сараптау қауымдастығы, іскер орталар, азаматтық қоғам мен үкіметтік құрылымдар арасында дағдарысқа қарсы және дағдарыстан кейін тиімді шешім қабылдауға, бірінші кезекте, шағын және орта бизнестің нәтижелі дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуға байланысты диалогты дамытуға мүмкіндік жасау бағытын ұстанады. Соған орай қор дағдарыс дүмпуіне шалдыққан төрткүл дүниенің “жүрек соғысына” барлау жасап, оның қай елде қандай сипатқа ие болып отырғандығына және оның содан кейінгі сүреңі қалай өрбитіндігіне болжам білдіреді.

Аталмыш қордың біз сөз етіп отырған “Перспектива – 2050: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы” зерттеуіне әлемнің 63 елінен таңдап алған 303 сарапшы қатысыпты. Нақтырақ айтатын болсақ, сауалнамаға ТМД, Батыс және Шығыс Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы, АҚШ, Канада, Австралия сияқты елдерде жұмыс істейтін экономистер мен қаржылық сарапшылар, жетекші компаниялардың иелері мен топ-менеджерлері, экономикалық және саяси тақырыптарды жазатын журналистер, жаратылыстану, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар салаларының ғалымдары, саясаткерлер мен шенеуніктер тартылыпты. Оларды өз елдерінде әлдеқандай бір өзекті мәселелер жөнінде шешім қабылдай және соған байланысты қоғамдық көзқарас қалыптастыруға ықпал жасай алатын тұлғалар деуімізге әбден болады. Осы 303 сарапшыға 2050 жылға дейінгі келешекті болжауға бағытталған алуан түрлі сауалдарға жауап беру ұсынылған. Былайша айтқанда, аталмыш қор өзінің бұл жолғы зерттеуінің басты тақырыбы ретінде адамзат баласының 2050 жылы ғаламдық деңгейдегі басты проблемасы не болмақ екенін анықтауға күш салады. “Сол кезеңде бүгіннен аян берген өзекті мәселелердің шешімі табыла ма, табыла қалса, олар қандай ресурстардың негізінде жүзеге асады?” – қор алға тартқан сауалдар салмағы осындай. Байыптап қарайтын болсақ, “Дағдарыстан кейінгі әлем институты” қоры бұл тақырыпты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауынан алғанын анық байқауға болады.

 Сонымен, қор сауалнамаға қатысқан сарапшылардан 2013 жылғы әлемнің ахуалына сипаттама беруді сұраған. Респонденттердің 29 пайызы жаһанның бүгінгі жағдайын “ықпал ету аумағын бөліске салу”, 23 пайызы “дендей түскен дағдарыс”, 13 пайызы “дүниені дүрліктірген дүрбелең”, 11 пайызы “тұралатқан тоқырау” деп, алаңдаушылыққа толы тұрғыда анықтамалар беріпті. Сауалнамаға жауап берушілердің 30 пайызға жуығы әлемнің қазіргі ахуалын ықпал ету аумағын қайта бөліске салу сипатында суреттеген. Олар дамуға ынталылық ескі өркениетті орталықтан (Еуропа, АҚШ және т.б.) жаңа дами бастаған әлемге, Азияға қарай ойысып барады және солардың ықпалы арта бастады деген сипатта баға береді.

Сарапшылардың енді бір тобы қаржы-экономикалық дағдарыс зардаптарын жеңу арқылы ғана кемел келешекке жетуге болады десе, келесілері ілгері өрлеушіліктің ізін адамзат дамуының векторы ретінде қарастырады. Осындай анықтамаларды саралап шыққан қор мамандары қазіргі замандағы прогреске қатысты түсініктерді төрт түрлі өлшемнің шеңберінен іздестіреді. Біріншіден, бүгінгі прогресті оның тура ХХ ғасырдағы тұлғасы тұрғысында қабылдауға болмайды. Екіншіден, ендігі жерде прогресс бір сызықтың бойымен жүруден қалады: келер ұрпақтың тұрмысы бүгінгіден де төмен болуы ықтимал деген болжам өсіп келеді. Үшіншіден, прогресс орталықтан шалғай аумақтарға тарау бағытын ұстана бермейді және оның “даму ошағы” өзгереді. Төртіншіден, прогресс енді өте-мөте экономикалық немесе технократтық тұрғыдағы өсу ретінде қабылданбайды және ол өте-мөте нарықтық әдістермен жүзеге асырыла бермейді.

 

“2013-2050 жылдардағы өтпелі кезеңде адамзат үшін қандай проблема басты болмақ?” Қор ұсынған ең негізгі сауал осы болған. Ол бәрімізді де ойлантады. Міне, осы мәселе Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясында біршама толыққанды талданған. Президент оны өз Жолдауының “ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатері” деп аталатын екінші тарауында көтереді. Олар Жолдауда тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи қорлардың сарқылуы, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы, әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупі тұрғысында аталып көрсетіледі. Ал “Дағдарыстан кейінгі әлем институты” қорының сарапшылары жоғарыдағы сауалға жауап іздеу үстінде осылардың бәрін бірауыз сөзбен жинақтай келіп, “табиғи қорлардың тапшылығы” деген анықтамаға тоқталыпты. Бұл тұжырымды сауалға жауап берушілердің жартысы қолдайды.

Осыған орай әлемді кең ауқымда бөліске салу мәселесі уақыттың алға қойып отырған басты ұраны секілді болып көрінеді. Себебі, табиғи ресурстар – көмірсутегі шикізатының (бірінші кезекте), ауызсу мен азық-түлік тапшылығының барған сайын айқын білінуі осыған жетелейді. Ал Жер шарындағы халық санының өсуі мен тұтыным деңгейінің көтерілуі бұл проблеманы бұрынғыдан бетер күшейте түседі.

Мағынасы жағынан екінші болып табылатын келесі мәселе кең ауқымды экологиялық және климаттық проблемаларды қозғайды. Сауалнамаға қатысушылар экономикалық проблемаларды экономикалық өсімнің екінші қыры ретінде атайды. Сол себепті оларды сарапшылар ресурстардың жетіспеушілігі жөніндегі мәселемен бірге қарастырады. “Қазақстан – 2050” Стратегиясындағы: “Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы. Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр. Соңғы 60 жылда Жер шарында ауызсуды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады”, – деген жолдар кімді болсын ойға жетелейді. Шынында да, су – шектеулі қор. Сондықтан ол қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторларының біріне айнала бастады.

“Су – тіршілік нәрі”, “Сулы жер – нулы жер” деген халық даналығы тектен-текке айтылмаған. Оның тұтқасын ұстаған елдің мерейі үстем болатындығы қазірдің өзінде байқалып отыр. Сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір. Бізге сапалы ауызсу жетіспейді. Бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартуда. Сондықтан еліміз осы аса маңызды мәселеге ерекше назар аударуда. Елбасы Үкіметке су жөнінде ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламаны талдап жасауды тапсырды. Оның 2020 жылы аяқталатын бірінші кезеңінде еліміздің тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету межеленсе, 2040 жылға қарай мәреге жететін екінші кезеңінде суару мәселесін шешу жүктеледі. Бұл үшін тағы үш мәселені шешіп алу көзделіп отыр. Олар: басқа елдердегі, мысалы, Австралиядағы сумен қамтамасыз ету проблемасын шешудің озық тәжірибесін мұқият зерделеп, оны біздің жағдайымызға пайдалану; біздегі елеулі қоры бар жер-асты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологиясын енгізу; агроөнеркәсіп секторында ылғал үнемдеу технологиясына кешенді түрде ауысу. Ең бастысы, су ысырабына жол беруді үзілді-кесілді тоқтату қажет. Былайша айтқанда, ең қымбат табиғи байлығымыздың бірі болып табылатын суды үнемдеудің барлық қолдан келетін шараларын атқаруға тиіспіз. Одан басқа жол жоқ. 2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіс.

Қазіргі таңда Жер шарында көмірсутегі өзінің бірте-бірте сарқылар шағына жетіп келеді. Соған орай адамзат баласы мұнай мен газдан басқа қуат көздерін іздеуге, оларды кеңінен пайдалануға мәжбүр болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс”, – деп атап көрсетті. Осы басты құжатта айтылған идеяны жүзеге асыру – болашағын ойлаған елдің басты міндеттерінің бірі болып қала береді. “ЭКСПО – 2017” көрмесін Астанада өткізу жөніндегі конкурста еліміздің осы идеямен жеңіске жеткендігі баршаға аян. Елбасы айтқандай, Қазақстан дамудың “жасыл” жолына көшуге тиіс. Сонда қол созып отырған “болашақтың энергиясын” өз көзімізбен көре аламыз.

“Дағдарыстан кейінгі әлем институты” қорының сарапшылары ең соңында әрбір мемлекеттегі этностық, мәдени және конфессияаралық бірлік пен келісімнің мәні барған сайын жоғары бола түсетініне назар аударып, 2050 жылы жетістікке жетуге үміткерлер қатарында Қазақстанды да атайды. Оған еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауы мен халықаралық беделі негіз етіп алынғаны сөзсіз.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp