Өңіріміздегі жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың бірі – “Вектор-Сервис” ЖШС-нің директоры Станислав Чернышевке хабарласып, одан серіктестікте еңбек ететін, Петропавл – Астана бағыты бойынша жолаушылар тасымалдайтын тәжірибелі әрі еңбек өтілі мол жүргізушімен таныстыруды сұрағанда ол мүдірместен Николай Плаксинның есімін атады. Соған орай озат жүргізушіні сөзге тартқан едік.
– Николай Петрович, Сіздің Петропавл – Астана – Қарағанды бағытында жолаушылар тасымалдап жүргеніңізге қанша жыл? Бұл мамандық өзіңізге ұнайтын болар?
– Менің жүргізушілік өтілім – 40 жыл. Оның 10 жылында сіз айтып отырған бағытта еңбек етіп келемін. Алғашқы жылдары Петропавл қаласы ішінде жолаушылар тасымалдайтын көлікті жүргізуден бастадым, кейін Түмен бағытындағы халықаралық рейсте еңбек еттім. Бүгінде күн демей, түн демей жолда жүруге дағдыланып алыппын. Керісінше, үй жағдайында екі қолыңды бос қойып, назарыңды алдыңдағы қарайғанға тіремеу қиын сияқты.
– Астана қаласының қалыптасу кезеңі көз алдыңызда шығар?
– Астана аз уақыт ішінде іргелі, әсем қалаға айналды. Мен алғаш рет осы рейске шығып жүрген кезде ол енді-енді қалыптасып, қаланың көрінісінде қалқиып тұрған көтергіш крандар мен қабырғалары сағат сайын өсіп жатқан ғимараттар, қасыңнан жолдың шаңын көтеріп өткен жүк машиналары болатын. Сол кезде ойлайтынмын: осы қарбалас тіршіліктің шегі болар ма екен, деп. Сөз жоқ, аз уақыттың ішінде қала көркейді, жолдар да жөнделді. Енді, міне, Щучье қаласынан Астанаға дейін салынған автобан жол жүргізушінің бақыты деуге болады. Үш-төрт жылда біздің Петропавлға дейінгі жолдар жөнделіп бітсе, ондай жолдың үстінде көлікпен зымыраудың өзі ләззат шығар.
– Сонда автобусыңыз Астана қаласының ішінде қанша шақырым жол жүреді?
– Қалаға кіргеннен сапаржайға дейін – 15 шақырым. Онда бір сағат аялдаймыз. Бұл үдеріс күнде қайталанады деп айтуға болады. Бүгін Қарағандыға қарай өтсек, ертеңіне Петропавлға қарай сапарлаймыз. Жолдағы ең ұзақ аялдама – Астана қаласы.
– Жалпы өзіңіз қаланы аралап көрдіңіз бе?
– Әлбетте. Бұрын Целиноград болғанда талай келгенім бар. Астана болғалы жұмыс бабымен жаңа қала ішінде саяхат жасадым. Біздің серіктестік Астанаға экскурсия жасауға құрылған топтарды тасымалдау қызметін көрсетеді. Соның есебінен екі-үш рет мен де қыдырдым. Бізге де демалуға осындай мүмкіндіктер туып тұрады.
– Астананың жаңа кейпінен алған әсеріңіз қандай?
– Бүгінгі бас қаламыздың әсемдігін, көркемдігін, сәулеттілігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны Целиноград кезіндегі көрінісімен салыстыруға тіпті болмайды. Астанадағы ғимараттардың композициясы бірін-бірі қайталамайды. Көшелер кең, таза, көгалдандырылған. Әсіресе, Есілдің сол жақ жағалауы. Мен шетелдерге шығып, қыдырып көрген жанмын. Бірақ аз ғана 15 жылдың ішінде дәл Астанадай жерұйыққа айналған жер жоқ шығар. Мен әр рейске шыққан сайын қаланың қай жері өзгерді екен деп қадағалаумен боламын. Өзгерісті әр уақытта табамын. Өйткені, қала әлі де жаңарудың, үлкеюдің, көркеюдің үстінде. Енді 5 жылдан кейін бас қаламыздың, тіпті, әсем көрініске енері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.