9 шілдеде Қазақстанның салық органдары өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Осы саланың қызметкерлері бюджетті толтыру арқылы мемлекетіміздің экономикалық мүддесін қорғап, тұрғындарды тиімді әлеуметтік қолдауға жағдай жасайды. Мереке қарсаңында өңірдегі салық жүйесінің дамуы туралы облыстық Салық департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетовті сөзге тартқан едік.
– Қайрат Басқараұлы, кәсіби мереке ведомство жұмысының қорытындысын шығаруға жақсы себеп қой. Үстіміздегі жылдың алты айын қалай аяқтап отырғандарыңызды өз аузыңыздан естісек.
– Салық жүйесі нарықтық қатынас жағдайында басты экономикалық реттеушілердің бірі, экономиканы мемлекеттік үйлестіруде қаржылық-кредиттік тетіктің негізі болып табылады. Өйткені, барлық халық шаруашылығының тиімді жұмыс істеуі салық салу жүйесінің қанша-лықты дұрыс құрылғанына байланысты. Қазақстан салық заңнамасын жетілдіруде салықтың ставкасы мен санын өсіруге саналы түрде бармай отырғанын атап айту керек. Бұл мемлекеттік бюджеттің мұқтажын қамтамасыз етуде техникалық жағынан ең жеңіл жол екендігі де түсінікті. Алайда, бизнесті дамыту, мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету, елде инвестициялық жағдайды қалыптастыру үшін мұндай қадамның нәтижесі өте-мөте жайсыз болар еді. Сондықтан салық органдары үшін бюджетті толтыруға әсер ететін бірінші кезектегі міндет пен негізгі фактор салықтық басқаруды жетілдіру болып табылады.
Мемлекеттік орган ретінде салық қызметінің басты миссиясы – салықтың толық түсуін қамтамасыз ету.
Облыстық Салық департаменті осындай жұмыстың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Нақты мысалдармен айтатын болсақ, ол мынадай: жарты жылда тұтастай алғанда облыс бойынша 27 390,7 млн.теңге көлемінде салық пен басқалай міндетті төлемдер түсті, оның ішінде республикалық бюджетке – 14 963,3 млн. теңге, жергілікті бюджетке – 12 426,9 млн. теңге, сөйтіп мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіші 109,6 пайызға орындалды, артық түскен түсім 2 405,6 млн. теңгені құрады (жергілікті бюджет жоспары 1 094,6 млн. теңге – 109,7%, республикалық бюджет 1 311,1 млн. теңге – 109,6%).
Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттің өсімі 2 841,5 млн. теңге, оның ішінде жергілікті бюджет бойынша 1 652,3 млн. теңге болды.
Бюджеттің кіріс бөлігі болжамы көрсеткішінің орындалуын қамтамасыз етудің негізгі әдістерінің бірі – камеральды бақылау жүргізу. Бірінші жартыжылдықта салық органдары осындай әдіспен 188 салық төлеушінің заң бұзушылығын жойды, соның нәтижесінде сомасы 400,1 млн. теңгенің қосымша салықтық есебі берілді.
Заңды және жеке тұлғалардың салық салу базасын көбейту, салық салынуға жататын жасырып қалған нысандарды анықтау есебінен резервтерді табу бағытындағы жұмыс жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен бірге жүргізіледі. Салықтық әкімшілдіктің сапасын жақсартуға арналған бірлескен шараларды үйлестіру үшін облыс әкімі мақұлдаған “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жергілікті бюджетке түсімдерді көбейтуге және өкілетті органдардың өзара әрекет етуін күшейтуге арналған шаралар жоспары” жұмыс істейді.
Бірлесе жүргізген жұмыс жергілікті бюджетке 334,2 млн. теңге сомасында қосымша салық түсуіне жағдай жасады. Салық төлеушілерден салықтық қарызды өндіріп алуға арналған шаралар да бір мезгілде қолданылады. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы салықтық берешек сомасы 1 423,0 млн. теңгеге немесе 17,6 пайызға азайып, 6 648,1 млн. теңгені құрады.
Салық департаменті 2012 жылғы 8 қазаннан бастап облыстық департамент деңгейінде міндеттерді орталықтандыру бойынша өңірдің аудит бөлімдерін қайта құрылымдаудың қанатқақты жобасына қатысады. Қайта құрылымдаудан кейін тексеріспен айналысатын мамандардың саны 78-ден 47-ге дейін азайды, алайда ол тексеріс сапасына әсер етіп отырған жоқ.
Аудит бөлімдерін қайта құрылымдау салықтық тексеру жоспарын жасаған кезде жоғары қауіп деңгейін иеленетін салық төлеушілерді қамтуға мүмкіндік берді. Бұрын тексеріс жоспарын қалыптастырған кезде жекелеген аудандық Салық басқармаларында жоғары қауіп деңгейі бар, атап айтқанда, салық жүктемісінің төменгі коэффициентімен қызметін жүзеге асыратын, негізгі қаражаты жоқ, жалған кәсіпорындармен өзара есеп айырысатын салық төлеушілер болмайтын, сондықтан таңдау қалған санаттарға жүргізіліп, тексеріс жоспарының сапалы жасалуына әсер ететін. Нәтижесінде тексеріске шығу таңдау арқылы жүргізіліп, жақсы жақтарын көрсететін.
2013 жылдың бірінші жартыжылдығында 2192 салықтық тексеріс жүргізіліп, сол бойынша қайта есептеу сомасы 2 075,6 млн. теңгені құрады, ал өткен жылдың осы кезеңінде жүргізілген 4122 тексерістің қайта есептеу сомасы 722,5 млн. теңге ғана болған еді, яғни тексеріс жүргізу екі есе қысқарғанмен, қайта есептеу сомасы 2,5 есеге артты.
Сөйтіп, аудит бөлімдерін қайта құрылымдаудан кейін экономикалық бақылау жұмысына жүргізілген сараптама салықтық тексеріс тиімділігінің арта түскенін көрсетті.
– Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына көп көңіл бөлінеді. Сіз басқаратын ведомствода осы бағытта қандай қадам жасалып жатыр?
– Қоғамның қанағаттануын қамтамасыз ету салық қызметін дамытудың басым бағыттарының бірі саналады. Ол салық мәселелерінде және салық қызметін көрсету сапасын көтеруде қоғамның хабардар етілуін жақсарту жолымен жүзеге асырылады.
Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Үкіметі салық органдары көрсететін мемлекеттік қызметтің жаңа стандарттарын бекітті. Олардың саны 20-дан 33-ке дейін өсті.
Облыста ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығы (ҚӨО) бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқ, онда тұрғындар салықтық заңнамада қарастырылған қызметтің барлығын ала алады. ҚӨО-да салық төлеушілерге қолайлы жағдайда дайын құжаттар, білікті ақыл-кеңес беріледі, салық төлемі жасалады. Жартыжылдықта біздің орталықтар арқылы 110 мыңдай құжат өңдеуден өтті, күніне орта есеппен 950 құжат. Петропавл қаласындағы ҚӨО қызметін пайдаланатындар легі өте көп, сондықтан онда кезекте күту уақытын реттеуге арналған электронды кезек жүйесі жұмыс істейді.
Қызмет көрсету барысын оңайлату мақсатында электронды түрде қызмет көрсету шоғыры үнемі кеңейтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер бірінші кезекте автоматтандырылуға жатады. Олар: жеке кәсіпкерлерді тіркеу, ЖК-ге патент және салықтық қарызының жоқтығы туралы анықтама, алкоголь өнімдерін бөлшек сату мен сақтауға лицензия беру, яғни алкоголь өнімдерін шығарған аумақта оны бөлшек сату және сақтау, алкоголь өнімдерін көтерме сату және сақтауға лицензия беру қызметінен басқа, алкоголь өнімдерін шығарған аумақта оны көтерме сату мен сақтауға арналған қызметтен басқа.
Салықтық есеп беру түрін (СЕТ) электронды әдіспен тапсырудың және СЕТ толтыруды қадамдап үйретудің, есеп беруді жөнелтудің артықшылығын түсіндіру жөніндегі жұмыс өзінің нәтижесін беруде – салық төлеушілердің 96,4 пайызының электронды кілті бар және СЕТ-ті Интернет арқылы тапсырады. Ал Интернетті пайдалана алмайтын тұлғалар үшін ҚӨО-да, сол сияқты жекелеген ауылдық округтерде “Салық төлеушілер терминалы” орнатылған: шағын бизнестің, оның ішінде шаруа қожалықтарының Салық басқармаларына бармай-ақ жергілікті жерде СЕТ тапсыруларына жағдай жасалған.
Салық төлеушілерге практикалық көмек көрсету мақсатында облыстың салық органдары семинарлар мен “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырады, жергілікті және республикалық газет-журналдарға мақалалар жариялайды, теледидар арқылы хабар таратады.
Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін Петропавл қаласындағы К.Сүтішев, 65А, 205-кабинет мекенжайында әр бейсенбі сайын сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін Бірыңғай консультация күні жұмыс істейді, бейімді басқарманың мамандары ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге туындаған барлық мәселелер бойынша түсінік береді.
Біздің жоғары салық органдарында салық органдарының қызметін тоқсан сайын бағалау критерийлері үлгісі әзірленген, онда қызмет сапасына 3 негізгі параметр бойынша баға беріледі: салық қызметін көрсету сапасына тұрғындардың, кәсіпкерлік субъектілердің қанағаттану деңгейі бойынша, салық мәселелеріне кәсіпкерлік субъектілердің хабардар болу деңгейі бойынша. Сауалнама жыл сайын тәуелсіз социологиялық ұйымдар арқылы жүргізіледі. Осы сауалнаманың нәтижесі бойынша алдағы жылға салық қызметінің сапасын жақсарту бойынша шаралар жоспары әзірленеді және бекітіледі, көрсетілетін салық қызметінің сапасына салық төлеушілердің қанағаттануының мақсатты көрсеткіштері әзірленеді. 2012 жылы енгізілген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілгенін және артығымен орындағанын атап айтқым келеді. Сол сияқты біздің орталықтарда болған кезде арнайы сауалнаманы толтыру арқылы салық төлеушілердің өздері де көрсетілетін қызметтің сапасына баға бере алатындығына назар аудартқым келеді.
Бұдан басқа біздің бастамамызбен мамандар арасында салық қызметінің сапасын жақсарту үшін “Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығының үздік қызметкері” конкурсы өткізіліп тұрады. Ол қызметкерлер мәдениеті деңгейін көтеруге мүмкіндік береді, мамандарды шығармашылығы мен іскерлік белсенділігі жағынан ынталандырады. Үздік қызметкерлер салық төлеушілермен қарапайым сауалнама жүргізу арқылы олардың жұмысына баға беру жолымен анықталады, сонымен қатар электронды нұсқа арқылы және әрбір айдың қорытындысы бойынша сыйлық беріледі.
– Қайрат Басқараұлы, Сіздің айтқандарыңызды қорытындылайтын болсақ, Салық департаменті жұмысының жетістігі әрбір маманның іскерлігіне тәуелді екен. Өздеріңіздің кадрларыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Біздің департаментте жоғары деңгейлі кәсіби мамандар еңбек етеді. Ерік Құрмашев, Жанболат Батырбеков, Алма Туғанбаева, Римма Плесковских, Оксана Краденова, Евгений Яковенко, Оксана Гернер, Талғат Әбілпейісов сынды қызметкерлерді атап айтқым келеді.
Салық инспекторларының жұмысы белгілі бір қиыншылықтармен қабаттасып келетіндігіне қарамастан, облыстың салық органдарында құрылған сәттен бастап, күні бүгінге дейін адал қызмет атқаратын және өз міндеттерін кәсіби орындайтын, өздерінің бай кәсіби тәжірибелерін әріптестеріне беретін білікті мамандар еңбек етеді. Олар: Александр Божок, Валерий Судаков, Александр Кирьяков, Жанат Махметов, Самат Есмұқанов, Зәуреш Сұрағалина, Гүлназ Тәженова, Наталья Некрасова, Марина Жақыпова, Алма Қазбекова.
Жас мамандардың білікті қызметкер болып қалыптасуына ерекше назар аударылады, ол үшін тәлімгерлік жүйесі әзірленген. Бұл бағыттағы жұмыс жас мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, департаментте, тұтастай алғанда, барынша тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Салық қызметінің қалыптасуына мол үлес қосқан, көптеген салық қызметкерлерін тәрбиелеген біздің ардагерлерге ерекше алғыс айтқым келеді. Зияда Бекназарова, Сәуле Мүсілімова, Алла Қамзина, Эльза Толуспаева, Күлмәзия Мұхамеджанова, Қаратай Қаптаев, Рауза Аяғанова, Наталья Ковалева, Мария Мовилян, Наталья Овденко, Үкіжан Кенжеғозинова – сондай жандар.
– Кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?
– Бүгінгі құрмет пен алғыс біліктілігімен, адалдығымен және жан-қиярлығымен мемлекет қазынасын толтыруға үлес қосып отырғандардың барлығына арналады.
Мереке қарсаңында салық органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта да жемісті еңбек ете берулеріне, отбасының қызығын көрулеріне, денсаулықтары мықты болуларына тілектестік білдіремін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.