Астананың 15 жылдық мерейтойы республикамыздың театрларының өнер серпілісіне арқау болды. Елорданың осынау тойына орай Астанадағы Горький атындағы академиялық драма театрында республикамыздың сахна шеберлері фестивальға қатысып, қойылымдарын көрсетті.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Фестивальды ұйымдастырушылар оған қатысушы өнер шаңырақтарының комедиялық шығармаларды қоюын талап етті.
Осы шартқа орай Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры ағылшын драматургтері Джон Чэмпен мен Дэйв Фрименнің “Бір әйелдің екі ашынасы” деген комедиясы бойынша қойылымды аталған фестивальда сахналауды ұйғарды.
Мен спектакльді қоюшы-режиссер Виктор Шалаевпен жүздесіп, әңгімеге тартқанымда ол былай деді:
– Бұл комедия жеңіл жанрға жатады. Бір әйелдің және оның екі ашынасының қатысуымен махаббат хикаясы баяндалады. Петропавлдық көрермендерді күлкіге бөктірген қойылым сәтті шыққан еді. Сондықтан Астана мерейтойына арналған фестиваль күндері сахнаға шығаруды ұйғарғанбыз.
Шілденің 2-ші жұлдызында Горький атындағы театрдың сахнасы погодиндіктердің еншісіне тиіп, қойылым астаналықтардың талқысына салынған.
– Қойылым өткеннен кейін хабарласқанымызда оның өте сәтті сахналанғанын естіп, қуанышқа кенелдік, – деді Н. Погодин атындағы театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Людмила Лошакова. – Спектакль аншлагпен өтіпті!
Астана сахнасында қойылған осы спектакльде театрдың Татьяна Афанасьева, Алексей Никулин, Виталий Алфимов, Евгений Потешкин, Елена Покрас, Татьяна Терлецкая, Марина Залевская сияқты шеберлері өнер көрсеткенін білдік.
– Елорданың мерейтойы сахнагерлеріміздің шеберлігін шыңдай түсуге серпін береді, – деді Л. Лошакова.