Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚМДБ-ның СҚО бойынша
өкіл имамы, “Қызылжар”
орталық мешітінің бас имамы.
Биылғы Рамазан айы 9-шы шілдеде басталады.
Рамазан айында ораза ұстау парыз. Бұл туралы Құран Кәрімнің “Бақара” сүресінде: “Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді (ауыздарың ашық кездің қазасын өтеп), ораза күнінің санын толтырыңдар. Сендерді тура жолға бастаған Алланы мадақтаңдар. Оған шүкіршілік етіңдер” (185-аят), – делінген.
Ораза ғибадаты мұсылман үмбетіне парыз болғандай, бізге дейінгі үмбеттерге парыз етілген. Бұл туралы “Бақара” сүресінің 183-аятында айтылған: “Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілген сияқты, сендерге де парыз етілді”.
Осы аят ораза ұстаудың парыз амалдарына жататынын анықтайды. Барша үмбеттерге парыз болған ораза ғибадатының әжірін Алла тағалаға артығымен бермек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан мына құдси хадисте Алла тағала былай деп бұйырады:
“Ораза Мен үшін (Маған тән). Пендем Мен үшін шаһуатын (жыныси қажеттерін), тамағын тәрк етті. Мен де оны қалағанымша сыйлыққа бөлемекпін!”.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға: “Жаннаттың есігін үнемі қақ!” – деген. Сонда әзіреті Айша анамыз: “Немен қағамын, ей, Алланың Елшісі?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Оразамен” деп жауап береді. Расулуллаһ ендігі бір хадисінде: “Расында, шайтан Адам баласының денесінде қанның айналғанындай жүреді. Оның жүретін орындарын шөліркеу және аштықпен жабыңдар”, деп бұйырған.
Жоғарыдағы аяттар мен хадистер оразаның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Барша мұсылмандардың Рамазан айы жақындаған сайын қарбалас дайындық жасауы, рухани һәм дүниелік толғаныстың пайда болуы, қоғам өмірінде әжептәуір өзгерістердің сезілуі де сондықтан, ағайын! Хазіреті Расулуллаһ тағы бір хадисінде: “Ораза ұстаушы аузының иісі қиямет күні Алла тағаланың құзырында мискінің иісінен де хош болмақ”, – дегенін еске алғанда, ораза ұстаушының дәрежесінің биіктігі анық болмақ.
Әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көп хадистерінде ораза ғибадатын мадақтап, мұсылман үмбетіне осы құлшылықтың рухани һәм дүниелік артықшылықтарын түсіндірген.
Рамазан айы – Құран айы. Бұл айда Алла тағаланың күллі адамзатқа жіберген соңғы кітабы – Құран Кәрім түскендіктен, мүміндер осы айда қасиетті кітапты көбірек оқып, мағынасын зерделегені жөн. Рамазан айында өткізілген сұхбаттар, тарауық уағыздары, күндізгі ғибадаттар – мұның барлығы да мүмін қауымын біріктіреді, жаңа рухани һәм ғылыми жетістіктерге жетектейді. Әсіресе, ифтар (ауызашар) дастарқандары әлеуметтік және рухани мәжілістерге айналады. Рамазан бойы мұсылмандар қоғамдық ынтымақтастықтың, жарлы-кедейлерге көмек берудің, ағайын мен көршілердің көңілін сұрап, мұқтаждарға жәрдем берудің ең үздік үлгілерін көрсетеді. Сондықтан олар ифтар мен сәресі дастарқандарға кембағал мүміндерді шақыруға тырысады. Пайғамбарымыз да мына сөзімен ифтар беруді насихаттаған: “Кім бір ораза ұстаушыға ауыз ашқызса, оған сол ораза ұстаушының сауабындай сауап жазылады. Ауыз ашқан ораза ұстаушының сауабы (кемітілместен) сақталады”.
Жоғарыда Рамазан айының шарапаты және оразаның парызы хақындағы мәліметтерді келтірдік. Енді оразаның мәнмаңызы туралы да сөз ете кетейік.
1. Ораза – Пайғамбарымыздың “Ислам бес нәрсеге (ұстынға) негізделген” деп басталатын хадисінде: “Иман ету (кәлима), ораза, зекет, қажылық” келтірген. Демек, ораза исламның бес негізгі шартының бірі саналады. Белгілі жазушы Сәбит Мұқанов “Қазақ қауымы” атты еңбегінде былай деген: “Намаздан кейін әрбір мұсылман орындауға міндетті “ораза” бар. Ол жыл сайын арабша: “рамазан” аталатын айда болады. “Аузын бекіткен” адам таңсәріден күн батқанға дейін, дәм тартпай аш жүруге мәжбүр болады… Оразаны мадақтайтын арабша: “Йа, шаһри Рамазан”, қазақша “жарапазан” аталатын жыр бар. Оны ел ақтап айтатындарды қазақ “жарапазаншы”, дейді…
2. Ораза – нәпсіні тізгіндеудің, нәпсіні тәрбиелеудің басты құралының бірі. Ораза – надандықтан құтқаратын, иман көзін ашатын, мұсылман үмбетін ұйымдастыратын ғибадат. Әл-ауқаты жоғары адамдар ораза ұстағанда жеуге асы, ішерге суы жоқ кедей-жарлылардың жағдайын еске алады, олардың ахуалын түсінеді, ұмытпайды. Зекет беретіндей мал-мүлкі барлар зекеттерін береді, қайырымдылық көмек жасайды. Пітір садақа бергендер материалдық жағдайы нашар мұсылманға жәрдем етеді. Ауызашар дастарқандары, садақа, т.т. бәрі де әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтады, әлеуметтік әділеттіктің күшеюіне септігін тигізеді.
3. Ораза ұстап, ауыз бекіткен мұсылман таңсәріден ауызашарға дейін жемек-ішпектен тыйылады. Мүмкіндігі бола тұра, Алла тағаланың “Ораза ұстандар!” бұйрығын ескеріп тағамдарға көз тікпейді. Ифтар дастарқанында алуан түрлі тамақтар, ләззатты ризықтар тұрғанымен, ауызашар уақытын күтеді, сабыр сақтайды. Ауызашар уақыты болғанда ғана Аллаға дұға айтып, ауыз ашады. Міне, осылайша күллі жаратылысты жаратқан Алла тағала екенін түсініп, өзінің пенде екенін сезінеді.
4. Ораза – Алла тағаланың біздерге берген нығметтеріне жасаған шүкіршілігіміздің жоғары дәрежесі. Өйткені, Құран Кәрімде:
“Сендерге Алла сұрағандарыңның бәрін берді. Алланың ондай игіліктерін санап тауыса алмайсың. Ал кәпір деген, сөз жоқ, азғын және күпірлік иесі” (“Ибрахим” сүресі, 34-аят), – делінген.
Ия, Раббымыздың біздерге берген ризығымен, нығметтерін бір сәт ойлап көрейікші. Дүниеге келуімізден бастап, алуан түрлі жемістер мен өсімдіктер, байлық пен дүниелік рахат, т.т. Адам баласы осыншама ризықты сыйлаған Раббысына шүкірлік етуі керек. Ғибадаттардың негізінде, тіпті, жаратылыстың негізінде осы шүкіршілік етудің мақсаты жатады.
5. Ораза – қоғамдық өмірді тәртіпке келтіретін маңызды ғибадат. Ораза ғибадаты бай-кедей, кәрі-жас, еркек-әйел деп бөлмей, барша мүміндерге парыз болған. Түн жарымда шам жағып, сәресіне тұрушыларға, ауызашар кезінде үй-ішімен, көрші-қолаңмен дастарқан басында жиналушылар, ауызашар азанын сабырлықпен күтушілер, тарауих намазында тағы да бас қосушылар… міне, осының бәрі де жамағаттық өмірді қуаттайтын мүміндердің арақатынастарын нығайтатын, қоғам мүшелерінің етене араласуына мүмкіндік беретін игі амалдар.
6. Ораза – нәпсіні тыятын һәм тәрбиелейтін ғибадат. Адамның нәпсісі рухтың талаптарына қайшы нәрселерді адамға уәсуәсә етеді, азғырады. Рухқа азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерді үгіттейді. Сондықтан нәпсіні тізгіндеуді мақсат тұтқан мұсылманға ораза ғибадаты жәрдемдеседі. Ораза кезінде жемек-ішпектен белгілі уақыт шеңберінде аулақ болу, мүміннің өз-өзіне деген сенімін арттырады, нәпсінің бұғауынан құтқарады, кісілік тұлғаның мықты қалыптасуына көмектеседі, қызбалықтан, көрсеқызарлықтан сақтайды. Ал таңертеңнен кешке дейін қалағанын жеп, тілегенін ішіп жүрген адамдардың нәпсісі күштірек келетінін айтсақ, жаңалық ашқандық болмас. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жорықтан қайтып келе жатқанда: “Енді кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайтып (оралып) барамыз!” – деген, осы нәпсімен күресті білдірген еді. Демек, мүміннің үлкен жиһадтағы, яғни өзінің нәпсісімен болатын күресіндегі ең үлкен құралының бірі – осы ораза.
7. Ораза – денсаулықтың, есендіктің рухани рецепті. Медицина саласының ғалымдары мұсылман үмбеті ұстайтын оразаның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін дәлелдеген. Ораза – дененің иммунитетін (қорғанысын) күшейтеді, ас қорыту жолдарын тазалайды һәм емдейді, жүйке ауруларына дауа болады, адамның өзін-өзі сергек сезінуіне дәнекер болады.
Кез келген ауруды емдеуге дәрігерлердің диеталық рецептен бастайтыны баршаға белгілі. Тіпті, кейбір асқынған ауруларды емдеуде Батыс елдерінде құдды мұсылман оразасына ұқсас тәсілмен емдеушілік те бар. Заманауи медицина ғылымы соңғы ғасырларда ғана ашқан үшбұ емдеу тәсілін, Алла тағала осыдан XIV ғасыр бұрын жіберген Құран Кәрімінде мұсылман үмбетіне парыз ету арқылы паш еткен. Алла тағаланың һәм Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оразаны мадақтап, ораза ұстаушылардың мәртебесін көтеруі осы ғибадаттың рухани пайдалыларымен қатар денсаулыққа деген игі әсерлеріне назар аудартпақ.
8. Ораза – күнәдан сақтайтын қорған, қалқан. Ораза ұстаушы мүмін нәпсісін, өтірік, өсек, мақтаншақтық, ғайбатқорлық, жалақорлық сықылды жағымсыз қылықтардан аулақ болады. Оразаға ниет еткен сәтте мұсылман пендеде өздігінен күнәдан қорғаныс қалқаны іске қосылады. Осы рухани қалқан оны ірілі-ұсақты күнә немесе қатеден сақтайды. Өзінің ораза екенін сезінетін мұсылман тәнді ғана тиып қоймайды, сонымен қатар нәпсіні де тиғандықтан шайтанның арандатуына көнбейді, нәпсінің пендесі болмайды. Оразаны ұстаушы өмірінде харамға орын болмайды, тек халал нәрселерге ғана орын табылады.
9. Ораза – адамға үнемдеуді, ысыраптан аулақ болуды үйретеді. Осы тұрғыдан алғанда, ораза азаматтардың һәм ұлттық ресурстардың зая етілуіне кедергі болады. Қалаған сәтте қаражатын жұмсауға үйренген адамдар ораза кезінде қанағаттылықты, сабырлықты, ынсаптылықты үйренеді. Ифтарға дейін жемек-ішпектен аулақ болған адамдар қарапайым өмір салтын бастан кешеді, бұл олардың үнемдеушілігін күшейтеді. Сондықтан, ораза ғибадаты тек рухани ләззат беретін, рухани табыстарға жеткізетін, әлеуметтік тәртіпке, экономикалық тұрақтылыққа апаратын маңызды құрал.
10. Ораза дегенде тек дененің оразасын ойламау керек. Ораза денемен қатар рухани жағынан да тыйылуды көздейді. Жемек-ішпектен аулақ болып, аузына, тіліне, құлағына ораза ұстатпаған адамның оразасы толық болмайды. Ондай адам жай қарын аштырған болады. Алайда, оразадан мұрат және денеге һәм рухқа ораза ұстату; ғайбаттан, харамға қараудан, харамды естуден, өтірік айтудан, жаман сөздер айтудан, жала жабудан тыйылу.
Ифтар уақытында, ауыз ашқан соң мына дұғаны айтқан абзал: “Ей, Алла! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым, Саған иман еттім, Саған ғана сүйендім, Сенің ризалығыңмен ауыз аштым, Рамазан айының ертеңгі күнгі оразасына да ниет еттім. Енді, менің болған һәм күнәларымды кешір!”.
Халқымыздың Рамазанға байланысты ғасырлар барысында қалыптасқан игі дәстүрлері бар. Қазақ халқы мүбарак Рамазан айын асыға күткен, алдын ала дайындығын жасап, әзірленген.
Еліміз азаттықа қол жеткізген он үш жылда асыл дәстүрлеріміз, діни ғұрыптарымыз жаңару үстінде. Соңғы жылдары ораза ұстаушылардың саны көбейіп келеді. Әсіресе, ораза ұстаушы жас інілеріміз бен қарындастарымыздың қатарының көбеюі аса қуантарлық жағдай.
Мүбарак Рамазан айы баршамызга құтты болсын, бауырлар! Алла тағала Рамазан айын лайықты өткізіп, Ораза айтқа аман-есен жетуді нәсіп қылсын! Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен жасаған қайыр-садақаларыңыз қабыл болсын! Ұлық Раббымыз мүбарак Рамазанды күллі Ислам әлеміне қайырлы-берекелі етсін! Барша мұсылман ағайын болып, келесі Рамазанға аман-есен жетуді баршамызға нәсіп етсін!