Бүгін Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында “Эталон-Авто Ресурс” ЖШС-і Астана күні мерекесіне орайластырып 17-ші жанар-жағармай құю стансасын ашпақшы.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
ЖШС-нің өкілі Раул Ақмолдиннің айтуынша, бүгінгі таңда Саумалкөл ауылында бәсекелі орта құратын жанар-жағармай құю стансасы жоқ әрі олардың саны тым аз. Бүгінде ауданға тек 5 жанар-жағармай құю стансасы қызмет көрсетуде. Олардың барлығы бірдей жоғары сапалы қызмет көрсетпегендіктен, “Эталон-Авто Ресурс” ЖШС-і аудан орталығында жанар-жағармай құю стансасын ашуға бел байлаған.
– Біздің жанар-жағармай құю стансасында бір мезетте 6 көлікке қызмет көрсетіледі. Құрылысқа заманауи қондырғылар пайдаланылды. Стансаның жалпы құны – 50 миллион теңге, – дейді ЖШС-нің техникалық директоры Камиль Наргузин.
Жанар-жағармай құю стансасының арқасында 8 жаңа жұмыс орны ашылған. Орташа еңбекақы көлемі – 40 мың теңге. Алдағы уақытта аталмыш ЖШС Тайынша, Сергеевка қалалары мен Тимирязево ауылында да жанар-жағармай құю стансасын ашуды жоспарлап отыр.
– Біздің желіміздегі жанар-жағармай құю стансалары тәулігіне 5 мың текше метрден 25 мың текше метрге дейін жанар-жағармаймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ЖШС-нің өзінің мұнай базасы бар. Бұл – “Эталон-Авто Ресурс” өз стансаларын үздіксіз жанар-жағармаймен қамтамасыз ете алады деген сөз, – дейді “Эталон-Авто Ресурс” ЖШС-нің қаржылық сату жөніндегі өңірлік өкілі Раул Ақмолдин.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.