Аяжан БІРЖАН,
Тауағаш орта мектебінің
3-сынып оқушысы.
Мен таяуда мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен бастауыш сынып оқушылары арасында өтетін “Нұрлы көжек” ғылыми жобалар байқауына қатысып, үшінші дәрежелі дипломмен марапатталдым. Онда зерттеу нысаны ретінде Астана қаласындағы “Қазақ елі” монументін алдым.
Ондағы мақсатым – “Қазақ елі” монументі туралы кеңірек мәлімет алу, еліміздің тарихымен жете танысып, оның ерекшелігін, даралығын ашуды, болашағына көз жүгіртуді, өзімнің оқып-білгенімді басқа оқушыларға да таныстыруды көздедім. Зерттеу жұмысын бастамас бұрын әкем мені Астана қаласына апарып, оның көрікті жерлерін аралатты. Жоба жетекшісі ұстазым Жанар Сағындықова болды. Өзімнің көріп келгеніме қосымша мұғалімімнің нұсқауы бойынша “Қазақ елі” монументі туралы баспасөз беттерінен, электрондық оқулықтардан мәліметтер жинадым.
“Қазақ елі” монументі Астана қаласында екенін бәрі біледі. Бірақ оны салудағы негізгі мақсат не, “Қазақ елі” монументі қай жылы салынды, оның ұшар басына қандай құс қондырылған және не мақсатпен? “Қазақ елі” монументі нені меңзейді, монументтің биіктігі неліктен 91 метр?” – деген сұрақтарға көбі жауап бере алмады. Оны сауалнама жүргізу барысында анықтадық. Сауалнамаға барлығы 55 адам қатысты. 30-ы – бастауыш сынып оқушылары, 15-і – ата-ана, 10-ы ұстаздар мен мектеп қызметшілері болды.
Есіл өзенінің сол жақ жағалауында бой көтерген “Қазақ елі” монументінің биіктігі – 91 метр. Бұл еліміздің Тәуелсіздік алған жылын білдіреді. Оның ұшар басына Самұрық құсы қонып тұр. Ол Тәуелсіз қазақ халқының дамуға, гүлденуге ұмтылған ынта-жігерін, асқақ рухын бейнелейді. Сәулетті кешеннің “Қазақ елі” атануы да тегін емес. Бұл – Тәуелсіздік нышаны. Монумент еліміздің сан ғасырлық тарихын, басынан кешкен небір аумалы-төкпелі замандарды, азаттықтың ақ таңы атқалы бері жеткен жетістіктерімізді әспеттейтін, дәуірлік маңызы бар тарихи кешен. Оның төрт қабырғасының әрқайсысы: “Елбасы және халық”, “Қаһармандық”, “Жасампаздық”, “Болашақ” тақырыптарына бөлініп, әр кезеңнен сыр шертеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Астананың 10 жылдық мерекесіне орай ашылған “Қазақ елі” монументі халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып тұратын мәңгілік ескерткіш. Бұл монумент – тарихымыздың қастерлі беттері, біздің ата-баба аманатына деген адалдығымыз бен ұрпақ жалғастығының жарқын көрінісі.
“Қазақ елі” монументі 2008 жылы ашылған. Жалпы аумағы 5,2 гектар жерді алып жатыр. Қоладан құйылып, алтын жалатылған құс мүсінінің салмағы 2,5 тоннаны құрайды.
Мен “Қазақ елі” монументінің тарихына зерттеу жүргізе отырып, оның кішкене үлгі макетін қағаздан ата-анамның көмегімен жасап шықтым. Болашақта өз қиялымдағы “Қазақ елі” монументін құрастырып, оны ауылымыздың көрнекті жеріне немесе мектеп ауласына орнатқым келеді. Монумент басына Самұрық құспен бірге күллі халыққа күн жылуын сыйлайтын алтын жұмыртқасын салып, еліміздің шежіресін алтын түспен жазсам деймін.
Осы жобаны зерттеу барысында өзіме көптеген мәліметтер алып, оларды сыныптас достарыммен бөліскеніме қуаныштымын. Астанада Тәуелсіздік алғаннан бері бой көтерген тарихи маңызы бар нысандар өте көп. Олар да болашақ зерттеулерімнің тақырыбына негіз болар.
Есіл ауданы.