Сәрсенбі күні облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Самат Ескендіров жеке мәселелерін айта келген азаматтарды қабылдады.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қала тұрғындары Олег Пономарев пен Азамат Сәрсенбаев мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары үшін елімізге бейімделген операциялық жүйе ойлап тауыпты. Бүгіндері шетелдік лицензиялық бағдарламаларды сатып алу үшін қыруар қаржы төлеп отырған ұйымдар үшін бұл операциялық жүйе тиімді әрі үнемді көрінеді. Енді оларға аталмыш операциялық жүйені енгізу қажет. Осы орайда бірқатар ұсыныстарын айтқан екі азаматқа Самат Ескендіров бағдарламаны мамандар сараптамадан өткізгеннен кейін нақты жауап беретіндігін айтты.
Облыс орталығындағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының хореографы Ольга Ростовщикова құлақтары естімесе де, талай би байқауларының бірнеше мәрте жеңімпазы болған балаларды Болгарияға байқауға апаруға демеушілік көмек сұрады. Самат Сапарбекұлы балаларды аталмыш байқауға жіберу үшін барлық жағдай жасалатындығын айтты. Қоғамдық қабылдауда жол жөндеу мәселесі де көтерілді. Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылының тұрғыны Ерғали Ғабдуллин ауылға дейінгі 3 километр жолды жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттың дайын екендігін жеткізді. Осы орайда Самат Ескендіров үстіміздегі жылы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге қыруар қаржы бөлінгенімен, аудандық жолдардың жағдайы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында жақсартылатындығын айтты. Аталмыш жолды 2014 жылы жөндеу жоспарланған.
Облыстық “Молодежная-Жастар” газетінің бас редакторы Ақләйлек Жаукина басылымның таралымы аздығынан баспа шығынын жаба алмай отырғандығын жеткізді. Бұл мәселеде өңір жетекшісі басылымның таралымын көбейту үшін тиісті көмек көрсетілетіндігін айтты.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.