«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРКӘСІП ҚУАТЫ мен ӨНІМ САПАСЫН АРТТЫРҒАН мұнаймаштықтар бәсекеге қабілеттілік таныта бастады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” Жолдауында: “Индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз. Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді. Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс”, деген міндет қойған болатын. Осы маңызды мәселеге биылғы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында қайыра тоқталып, екі жылдан кейін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудың бірінші бесжылдығы аяқталатынын ескерте отырып, осы мемлекеттік бағдарламаны өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттауға тиісті екенімізді айтты.

Осы мақсаттар үдесінен табылуды көздеген Петропавлдағы “Мұнаймаш” АҚ-ы 2012 жылдың 2-тоқсанында ТМД-да теңдесі жоқ 12 дана америкалық “HARDIMQE, жапондық “Nakamura Tome”, бразилиялық “ROMI” қондырғыларымен жабдықталды. Оған “Қазақстанның даму банкі” арқылы 1,5 млрд. теңгенің инвестициялық қаржысы жұмсалды. Жүргізілген жаңғыртуларды пайдалана отырып, зауыттағы еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру, қазақстандық үлесі бар өнім өндіруді 70 пайызға өсіру, өнімнің өзіндік құнын 20 пайызға арзандату міндеттерін жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сол сияқты өндірілетін өнімдердің дүниежүзілік стандартқа сәйкес келуін жеделдету шараларын мықтап қолға алу да қарастырылып, барлық технологиялық үдерістерге қатаң талап қойылды.

Бүгінде индустриялық жаңа сипатта жұмыс жүргізіп отырған кәсіпорын осы жылдың алғашқы жартыжылдығында айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Өткен айдың қорытындысы бойынша былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өндірілген өнім көлемі 0,8 пайызға өсіп, 1070,0 млн. теңгені құрады. Нақты сандық көрсеткіштермен айтар болсақ, есепті кезеңде 3178 бірлік мұнай сорғылары шығарылды, ол өткен жылғы деңгейден 3,7 пайызға жоғары.

Осындай өндірістің жедел деректерін келтірген облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы мамандарының айтуынша, кәсіпорынның негізгі тұтынушысы “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы болып табылады. Жалпы дайын өнімдерді өткізуге жасалған келісімшарттар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 есе өсті. Кәсіпорын мұнай сорғыларының жиынтықтарын экспорттауға кірісе бастады. Алдымен Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде көршілес Ресей елінің мұнай өндіру компанияларымен тығыз ынтымақтастық жұмысты қолға алынды. Сөйтіп, зауыттың экспорттық мұнай сорғылары жиынтықтары Ресей мұнай өндірушілеріне жөнелтіле бастады. Техникалық жаңғыртудан өткен кәсіпорындағы орташа айлық еңбекақы көлемі облыс машина жасаушылары ішінде ең жоғарғыларының бірі саналады. Жаңаша инновациялық серпінмен жұмыс істеп жатқан еңбек ұжымы алдағы уақытта өнім сапасын одан әрі жақсарта түсіп, тауарлар нарығында мықты бәсекелестік танытуға ұмтылып отыр.

СУРЕТТЕ: зауыттағы жаңа қондырғылар жұмыс үстінде.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp