«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТ ТАПТЫМ ӨЗІҢНЕН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәмила ҚАБЫКЕН.

Бұл 2008 жыл болатын. Жастық, алып-ұшқан көңіл мені Еуразияның кіндігінде орналасқан еліміздің жас қаласын көзіммен көруге жетеледі. Осы ойымды құрбы қызыма айтып едім, ол қуана қолдап, екеуміз Астананың 10 жылдығын сонда қарсы алуға белімізді бекем будық. Алдын ала жол жүру билетін сатып алып, ол күнді тағатсыздана тосып жүргенімізде құрбымның отбасыда кездейсоқ оқиға болып, оның сапарға шығуға мүмкіндігі болмай қалды. Мен де билетті кері өткізейін деп едім, құрбым қарсы болып:  

– Бұл екеуіміздің арманымыз ғой. Қалайша оның орындалмауына жол береміз?! Тым болмаса біреуіміз саяхат жасайық. Сен барып кел, суретке түсесің, оларға қарап, мен де қасыңда жүргендей боламын, – деді жалынған кейіппен.

Оның жағдайын түсініп, сөзін тыңдамауға қысылып, келістім. Үш күннен кейін шағын жол сөмкемді сүйретіп, темір жол вокзалына жеттім. Пойыздың аттануына бір сағаттай уақыт бар. Асықпай перронға шығып, өз вагонымды іздей бастадым. Вагонның терезелеріне телміре қарап, ондағы жазылған сандарды санап келемін. Бір уақытта қарсы келе жатқан адамға соғылып, қолымдағы сөмкем жерге түсіп кетті. Ол бейтаныс жан да вагонын іздеп жүрген болу керек, алды-артына қарамай соғылып, маған жайсыздық танытқанына ұялды ма, сөмкемді тұтқасынан шап беріп көтерді де, ілезде қолыма ұстатты. Сол сәтте екеуіміздің көздеріміз түйісіп, бір-бірімізге үндемей қарап тұрып қалдық та, аузымызды ашпастан, тек басымызды изедік те, әрқайсымыз өз жөнімізге кеттік. Осы оқиға көңілімді тебірентіп жіберді ме, өзіме керек вагоннан асып кетіппін. Әйтеуір, вагоныма отырып, көңілім жай тапқандай болды. Пойыздың қозғалар уақыты жетті-ау, әйтеуір….

Менің пәтер жалдап, тоқтаған жерге “Бәйтерек” жақын көрінгенімен, оған жаяу жету үшін жарты сағатым кетті. Басқаларға ілесіп, мен де билет алып, лифтімен жоғары көтеріліп, білгенімді істеп жүрмін. Бірақ жалғыз жүргендіктен бе, көңілімде бір кірбің тұрғандай. Құрбыма уәде еткендей, суретке түсе бердім. “Бәйтеректің” маңайындағы әсем ғимараттарды тамашалап, 2-3 сағат жүріп қалыппын. Одан әрі елордамыздың төріндегі “Думан” ойын-сауық орталығына қарай жол тарттым. Оның кіреберісіндегі кассаға кезек алып, үнсіз тұрмын. Бір уақытта артымдағы адамның “қарындас” деген дауысын естіп, бұрылғаным сол еді, бір таныс көздердің маған тесіле қарап тұрғанын аңғардым.

“Жанары мен дауысы таныс бұл адамды мен қайдам білемін”, – деп ішімнен жүз сауалды қоя бастағанымды түсінді ме, ол іліп алғандай:

– Кеше Қызылжар вокзалында бір-бірімізге соғысып қалып едік қой, – деді жымиып. “Е, бәсе!” – деймін ішімнен. Менің де жымиғаным оған күш берді ме, әлгі жігіт мені бұрыннан танитындай, маған сауалдарын қоя бастады. Билет алудың кезегі де жетіп қалыпты. Бірінші мен алдым, сосын ол алды.

– Мынаның ішін бірге араласақ қайтеді? Көңілді болады, – дейді ол менің оң жауап бергенімді күткендей, жалынышты жүзбен қарап.

Мен де күн ұзаққа өзім жалғыз жүргеннен жалыққан болуым керек, көп ойланбастан келістім. Кешке дейін жүріп, “Сіз”-ден “сенге” көшіп, ескі таныстардай достасып кеттік. Бір қызығы – Дәуреннің анасы мен менің әкем бір ауылдың тумасы болып шықты. Астана төрінде жүріп, бір-бірімізге Қызылжардың жаңалығын айтамыз. Осыдан кейін кешкі Астананы да бірге қызықтадық. Салтанатты мерекеге арналған бағдарламаларды тамашаладық, көңілді болды. Дәурен мені таң атып келе жатқанда тоқтаған үйіме жеткізіп салды. Қоштасарда бір-біріміздің телефонымызды жазып алдық.

Ол ертеңіне Алматы қаласына жолаушылап кетті, мен Қызылжарға оралдым. Үш күннен кейін телефон соққан Дәурен өзінің Алматыда жүргенін, бірақ бұл қала да әсем болғанымен, Астанада өткізген бір күнге жетпейтінін жеткізді. Көзбе-көз емес, телефон арқылы байланысып тұрғандықтан ба, мен да қысылмай, ол күннің әр минуты есімде екенін айттым.

Он бес күннен кейін Дәурен тағы хабарласты. “Мен Петропавлдамын. Кешке кездесейік”, – дейді. Осы күннен бастап біздің достығымыз ұлғайып, екі жылдан кейін бірге шаңырақ көтердік. Енді биылғы Астананың 15 жылдығына екі жасар қызымыз – Іңкәрді алып бармақшымыз. Билетіміз қолда, арман қала, бақ қала бізді тағы өзіне шақырады!

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp