Роза СҮЛЕЙМЕНОВА,
“Молпродукт” ЖШС-нің директоры.
“Молпродукт” ЖШС-і – өңіріміздегі іргелі және көне кәсіпорындардың бірі. Индустриялық-инновациялық даму жолына түсіп, жаңа серпін алған кәсіпорын бүгінде үлкен өндіріс орнына айналуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп, 2012 жылдың қыркүйегінде серіктестіктің жаңа ғимаратының тұсауын кескен болатын.
Бұрын серіктестік тәулігіне 20 тонна сүт және сүт өнімдерін өңдесе, бүгінде бұл көрсеткіш 250-300 тоннаға дейін көтерілген. Бұл да межелі деңгей емес. Бүгінгі заманауи техниканың арқасында серіктестік өнімділігінің қуаттылығын 500 тоннаға дейін жеткізуге болады. Бүгінде кәсіпорындағы жұмыс орны 50-ден 216 адамға дейін артты. Әлбетте, зауыттағы өнімділікті өсіріп, жұмыс орнын көбейтудің мүмкіндігі техникалық жаңғыртудың арқасы екендігі сөзсіз. Серіктестік ғимаратты іргетасынан бастап қайта салып қана қоймай, оның ішіндегі құрал-жабдықтарды толығымен жаңғыртты. Бұл, әрине, үлкен қаражатты талап ететін шаруа. Сондықтан кәсіпорын екінші деңгейлі банктің өңірлік филиалы арқылы 3,5 миллиард теңге несие алып, бүгінде оның оң нәтижесіне қол жеткізіп отыр. Ал ол несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесіне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша демеуқаржы беріліп, мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ кәсіпорын өзінің автопаркін жаңартуды да ұмыт қалдырған жоқ.
Мұндай жаңғыртудың сапа көрсеткішіне тигізер әсері мол екендігі сөзсіз. Швеция, Голландия, Франция елдерінен әкелінген еуропалық стандарттарға сай құрал-жабдықтар өнімділікпен қатар сапа көрсеткішіне де өзгеріс енгізді. Осындай заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған зауыт өңіріміз тұрмақ, Қазақстанда жалғыз кәсіпорын. Бұл өндіріс орнының басқа бәсекелестеріне қарағанда басты айырмашылығы – мұндағы жұмыс үдерісінің толық автоматтандырылғандығы. Өндірісте бұрынғыдай қолмен бұрап істелетін тетіктер жоқ, адамдар тек компьютердің басында отырып, ондағы ноқаттарды басу арқылы өз міндеттерін атқарады. Яғни, өндірістен адами факторлар мүлде алшақтатылған. Біздің зауыт осептикалық тәсілмен жұмыс істейді. Яғни, өндірілетін шикізат жабық ыдыстар мен құбырлар арқылы ауамен ешбір тоғыстырылмай тазартылады, пісіріледі, өндірістік үдерістерден өтеді. Бүгінде біз олардың өнімді жоғары сапалы ететін заманауи құрылғылар екендігіне көз жеткіздік. Сондықтан біздің зауыттан шыққан өнімдердің сапасы қандай тексерістен өтсе де, күмән тудырмайды. Осы осептикалық өңдеудің арқасында өнімдердің сақталу мерзімі де әлдеқайда ұзартылды. Енді олардың қаптамасында 40 күннен бастап, бір жылға дейін сақталу мерзімі көрсетіледі.
Қазіргі техникалық даму үдерісі сүт өнімдерінің табиғи құнарын ұзақ мерзімге дейін сақтауға мүмкіндік береді. Осептикалық тәсілмен сүт және сүт өнімдерін өңдеген кезде ондағы адам ағзасына қажетті микроэлементтердің барлығы қалдырылып, шикізаттың құрамын бұзатын бактериялар мен оттегі толығымен сорылып алынады. Ол жаңа құрал-жабдықтарда оңай жүргізіледі.
Сүт және сүт өнімдерімен жұмыс істеу оңай емес. Бұл тамақ өнеркәсібі болғандықтан, оған қойылатын талап та қыруар. Азық-түліктегі ең басты көрсеткіш – сапа. Ендеше біз өнімнің сапалы болу мерзімін ұзарту арқылы тауардың сатылу географиясын кеңейттік. Бұрын осы солтүстік өңірге ғана тауар өндіретін кәсіпорын бүгінде Қазақстанның барлық облыстарын қамтып отыр. Өйткені, сақталу мерзімін ұзартқаннан олардың сатылу уақыты созылды. Серіктестіктің республика аумағында 18 сауда орталығы бар. Тәулігіне өндірілетін 250-300 тонна өнімнің басым бөлігі басқа облыстарға жіберіледі. Біз өз облысымызға аз ғана тауар таратамыз. Бұл жерлес әріптестерімізге өз тауарларын өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, олар сырт аймақтарға бізше оңай шыға алмайды. Сондай-ақ тауардың сапа көрсеткіші мен сақталу мерзімін ұлғайтудың арқасында тауарларды экспортқа шығару бағыттары кеңеюде. Ресейдің нарығын бағындыра бастағанымызды мақтанышпен айта аламын. Омбы, Новосібір, Екатеринбург, Иркутск, Краснодар, Дондағы Ростов сияқты аймақтарға біздің тауарларымыз үздіксіз жіберілу үстінде. Біздің мақсат – Ресейдің шығыс өңірлерін толық қамту. Сондай-ақ болашақта Беларусь, Моңғолия елдеріне сауда көпірін орнатсақ деген ойымыз да бар. Шетелдерге тауар шығару үшін өнімдер халықаралық стандарттардың талаптарына сай болуы керек. Өндіріс басында басталған тексерістер тауар тұтынушысына жеткенге дейін бірнеше мәрте қайталанады. Біздің тауар ол талаптардың барлығына төтеп бере алады. Өнімдер саудаға темір жол қатынасы мен автотрасса арқылы жөнелтіледі.
Зауыттағы жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылуда. Әсіресе, жастар. Еңбеккерлердің орташа еңбекақысы – 67 мен 71 мың теңге аралығында. Сондай-ақ ғимараттағы бос орындарда балмұздаққа арналған сұйық қоспа, йогурт пен қаймақ шығаратын желілер ашу жоспары жақын арада жүзеге аспақ. Осы кезде де жаңа жұмыс орындары пайда болады. Еңбекшілерге жұмыс жағдайы жасалуда. Бізде жұмыстан кейін жуынып-шайынатын, демалатын орындар бөлінген. Болашақта асхана ашу жоспарланып отыр. Өйткені, оған жұмысшылар саны көбейген сайын қажеттілік өсуде.