Еліміз жас та болса, әлемдік саясаттың шиеленіскен мәселелерін шешуге келгенде бас боларлық дәрежеге жеткен мемлекет. Оған өткен 22 жылдың ішінде Қазақстанның бастама көтеріп, түрлі ұйымдарға мүше болып, төрағалық етіп, елордасы – Астанасын геосаяси мәні жоғары шаһарға айналдыруы дәлел-ақ. Осы орайда Қазақстанның Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕурАзЭҚ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымына (ҰҚҰ) мүше ел ретінде атқарған жұмысына тоқталсақ.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ғасыр бойы Азияда аймақтық проблемаларды тиімді шешу үшін ортақ тұғырнаманы қалыптастырудың көптеген әрекеттері қолға алынды. Азияда мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тетіктерді жасауға ұмтылыс жанданды. Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымының құрылуына түрткі болды. Өткен жылы Қазақстан аталмыш ұйымға төрағалық етіп, өзіне артылған міндетті абыроймен атқарды. Себебі, аталмыш ұйымға мүше елдер Қазақстанның төрағалығы кезеңінде шиеленістер мен қолайсыз қоғамдық-саяси құбылыстар орын алмағанын айтуда. Сондықтан өткен жыл ҰҚҰ-ға мүше елдердің экономикалық дамуына қолайлы жыл болды деген баға берілді.
ЕурАзЭҚ-тың құрылуы посткеңестік елдер арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастар тарихында елеулі оқиға болып, ол елдер арасындағы байланыстардың сапалық тұрғыда жаңа интеграциялық дамуға көшкендігін бейнелейді.
Нұрсұлтан Назарбаев айтқан Еуразиялық одақ құру туралы идея көршілес елдердің экономикалық байланыстарын тиімді пайдалану және нығайту қажеттілігі жөніндегі ұзақ ойларының нәтижесі болатын. Бұл ой жүзеге асты. Осылай 2000 жылы құрылған ЕурАзЭҚ-тың 10 жылдығында оған мүше елдердің басшылары Астана қаласында бас қосты.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясындағы өзара әрекеттесу Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Оған ШЫҰ-ның құрылуы, қалыптасуы және дамуына қосқан қомақты үлесі айқын дәлел. Бүгінгі күні Шанхай ұйымының құрылғанына он екі жыл толғанына қарамастан, жалпы “Шанхай үдерісіне” жиырма жыл толды деген пікір айтылады. Себебі, 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Минск қаласында бұрынғы Кеңес Одағына кірген мемлекеттер – Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Қытай Халық Республикасымен шекара мәселелерін реттеу туралы Бірлескен комиссиясы құрылған болатын. Аталған комиссия мүшелерінің қытайлық әріптестерімен бірігіп атқарған еңбегінің нәтижесінде 1996 жылы Шанхайда Шекара маңында сенім шараларын нығайту туралы және 1997 жылы Мәскеуде Шекара маңында Қарулы Күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге бес мемлекеттің басшылары қол қойды. Бұл келісімдерге қол қою арқылы бұрынғы КСРО мемлекеттері және ҚХР арасындағы шекарада сенім шараларын нығайтып, жүз шақырымдық аймақта қару-жарақ пен әскери техниканы қысқартуға қол жеткізілді. Қауіпсіздік саласындағы бұл уағдаластық өңірдегі мемлекеттердің бар назарын өз экономикалық даму және халқының әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне шоғырландыруға мүмкіншілік берді. Ал 2011 жылы 15 маусымда Астанада ШЫҰ құрылуының он жылдығына арналған мерейтойлық саммит өтіп, Астана декларациясы қабылданды. Ұйым үшін осындай маңызды іс-шараның біздің елімізде өтуі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық сахнадағы жоғары беделінің, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылуы мен қалыптасуына қосқан ерекше үлесінің нәтижесі екені, сондай-ақ Қазақстанның саяси, демократиялық, әлеуметтік-экономикалық, индустриялық және мәдени-гуманитарлық дамуда қол жеткізген қомақты жетістіктерін мойындау болып табылады.
Жоғарыда аталған үш маңызды ұйымның белсенді мүшесі болып, түрлі бағыттар сілтеп, тың бастамалар көтерген Қазақстанның астанасы түрлі мемлекеттердің басшылары мен өкілдері Сарыарқаның төріне жиналып, әлемдік маңызы бар мәселелерді талқылайтын геосаяси ортаға айналды.