Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының жаңа елордасы Астана бүкіл әлемге салтанатты түрде таныстырылған болатын. Сол уақытқа дейін елорданы ауыстыру туралы идея тұжырымдамалық тұрғыдан ой елегінен өткізіліп, мәселе шешілген, орталық мемлекеттік органдарды қабылдап, орналастыру бойынша қажетті дайындық жұмыстары жүргізілген және оларды Алматыдан ұйымдасқан түрде көшіру жүзеге асырылған күрделі де драмаға толы жылдар артта қалған еді. Енді, міне, 15 жыл бойы біз шын мәнінде еліміз тарихының АСТАНАНЫҢ ҰЛЫ ДӘУІРІ деп атауға толық құқымыз бар жаңа кезеңінің есебі жүріп жатыр…
Елорда этюді
Ақорда резиденциясындағы менің жұмыс кабинетімнен біздің жаңа елордамыздың жүрек толқытар панорамасы көрініс береді. Көптеген кездесулерден, кеңестерден және құжаттармен жұмыстан тұратын тығыз жұмыс кестемде бос минут пайда болған сәтте мен қайта-қайта терезеге қараймын.
Мен кең дала төсімен есіле ағып жатқан Есілдің бүлкілсіз суы бетіне қазақстандық күннің қалай сәуле шашып шағылысқанын көремін. Ол қала шегіндегі адам қолымен жасалған жаңа өзен арнасы суында шомылып жүреді.
Кей кездері мен түнгі Астана көшелерінде көлікпен немесе жаяу жүремін. Әр кез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кернейді. Өзіме – иә, біз осыны жасадық деймін!
Ақорданың айналасы мен Есілдің қос жағалауында өсіп тұрған қарағай мен шырша, қайың мен шетен барған сайын аспанға қол соза биіктей түсуде. Жаз кезінде даланың шөптері мен гүлдерінің хош иісін төңірекке таратқан саумал самал олардың бастарын қалай тербейтіні қазірдің өзінде айқын көрінеді.
Өзеннің келесі бетінде орналасқан Бейбітшілік және келісім сарайының әйнектерінен зеңгір көк аспан шағылысады. Оның ар жағында қала үстінде жарыса қалықтаған ұлпа бұлттарды алтын найзағаймен қиып түсуге дайындалғандай болып, еңсесі биік «Қазақ елі» монументінің ұшар басында отырған қыран құстың сұлбасы көрінеді.
Елорданың жаңа құрылыстары көкжиекті әлі де болса толықтай жаба қойған жоқ. Сол көкжиектен ауаның жазда қалай қызып ысығанын және қыста қалай күміс шаша шаңытқанын көруге болады.
Бәйтерек пен әлемдегі ең үлкен архитектуралық шатыр – Хан Шатырды барлық жағынан қоршай Астананың сол жағалауындағы жаңа орталықта тұрғын үй орамдары қалай қанат жайып келе жатқаны алақандағыдай көрінеді. Елорданың оң жағалауы бөлігін жаңадан салынған аспанмен таласқан биік ғимараттар барған сайын ажарландыра түссе, Ақорданың екі жағынан салынған Есіл арқылы өтетін көпірлермен көліктер жүйткиді.
Осыдан бар-жоғы он бес жыл бұрын бүкіл төңірек Қазақстанның енді ғана жаңа елордасы атанған және өзінің осы жаңа тағдырға ие болғанына әлі де толықтай сенбеген провинциялық қаланың түкпірдегі саяжай орналасқан шеті ғана еді.
Қазір Астана өзінің қонақтарын қала бет-бедерінің әсемдігімен және архитектуралық шешімдерінің батылдығымен, тұрғындарының жылы шырайлылығымен және қонақжайлығымен таңғалдырады. Қаланың өзгергені соншалықты, оны кейде, тіпті, осында бір кездері тұрғандар немесе басқа дәуірде болғандар да танымай қалады.
Кейде біздің елордамызды жаңа Қазақстанның беткі бейнесі деп те атайды. Мен мұнымен мүлдем келіспеймін.
Біздің елордамызда жасанды ештеңе жоқ, өйткені, жаңа Қазақстан дегеніміздің өзі осы.
Астана тағдыры – екі ғасыр шебінен батыл аттаған барлық қазақстандықтардың тағдыры.
Бұл – белгісіз, ыдыраған супер державаның қиыр шетінде жатқан ешкім танымайтын республикадан бүгінде жаһандық қоғамдастықта бәрі білетін және құрметтейтін серпінді заманауи мемлекетке дейінгі үлкен жолдан өткен тәуелсіз Қазақстанның тағдыры.
Бүкіләлемдік тану
Міне, 15 жылдан бері Қазақстанның халықаралық даңқы Астана даңқымен еселене түсуде.
Біздің елордамыздың аты қазірдің өзінде Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 елдің мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХІ ғасырдағы алғашқы саммиті өткізілген жер ретінде жаһандық тарихқа енді.
Тек өткен төрт жыл бедерінде ғана қала VII Азия ойындарын, Бүкіләлемдік туристік ұйымы Бас ассамблеясының XVIII сессиясын, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің XXXVIII сессиясын қабылдады.
Осында, 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезі, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті.
Бүгінде бүкіл әлем Астана туралы «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтетін халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесінің болашақ қожайыны ретінде айтады. Планетаның 150-ден астам елі қатысатын осы бүкіләлемдік оқиғаға дайындық үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр.
1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына лайық деп табылса, 2011 жылы «ТМД мен ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы құрметті миссиясын табысты орындап шықты.
Біздің елордамыздың архитектуралық келбетінен қазірдің өзінде аты әлемге әйгілі бүгінгі сәулет өнерінің хас шеберлері – жапондық Кисе Курокаваның, британдық Норман Фостердің, италиялық Манфреди Николеттидің техникалық деңгейі жөнінен теңдессіз бірқатар тамаша жобалары көрініс тауып үлгерді.
Астана құрылысы қазақстандық қала салуды дамытуға тыңнан серпін қосып, көптеген отандық сәулетшілерді бүкіл әлемге танытты.
Бүгінде Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер басшыларымен менің жыл сайынғы кездесуім дәстүрге айналды.
Мен ол кездесулерді, соның ішінде, шетел елшіліктеріне біздің жас астанамызды «игеруге» көмектесу үшін де өткізе бастадым.
Шетелдік дипломаттарды алғаш рет Алматыдан Астанаға көшуге шақырған кезімде олардың көпшілігінің жүздерінен таңырқаушылық пен абыржушылық аңғарылғаны әлі есімде. Олар сол кезде бұрынғы астанаға енді ғана бой үйретіп, орналаса бастаған еді.
Шетел дипломаттары үшін біз тұтастай елшілік қалашығын тұрғыздық және бірқатар елдер соған өздерінің дипломатиялық миссияларын қайта орналастырды.
Бетбұрысты кезең біздің жетекші стратегиялық әріптестеріміз – Ресей, АҚШ, Қытай, содан кейін Түркия елшіліктерінің ғимараттар кешені салынып, «илеуден» өткеннен кейін барып туды.
Бүгінде көптеген шетел елшіліктері Астанада орын теуіп, өз елдерінің Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастарын нығайту және кеңейту бойынша жемісті жұмыс жүргізуде.
үгінде көптеген шетел елшіліктері Астанада орын теуіп, өз елдерінің Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастарын нығайту және кеңейту бойынша жемісті жұмыс жүргізуде.
Дипломатиялық корпустың көшіп келуі біздің жаңа елордамызды халықаралық танудың ұжымдық актісі болды.
Мен шетел дипломаттарына Астанадағы өздерінің қызметтерімен елордаға ерекше реңк беріп, қайталанбас елордалық менталитетті нығайтуға орасан үлес қосып отырғандары үшін ризамын.
Осының барлығы Астананың танымалдығы ұлттық шекарадан асып, оны заманауи әлемдегі «астаналар клубына» лайықты қатысушы еткенін білдіреді.
Астананың серпінді экономикасы
Шынымды айтсам, 15 жыл бұрын жаңа елорданың экономикасы мен халқының бүгінгі жоғары даму қарқынын болжау қиын еді.
Бар-жоғы он бес жылдың ішінде Астананың өңірлік жалпы өнім көлемі 45 есеге жуық өсіп, 60,5 миллиард теңгеден 2,7 триллион теңгеге жетті.
Осы уақыт ішінде елордаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 4 триллион теңгеден астамды құрады.
1998 жылы Астанадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20,2 миллиард теңгені ғана құрағантын. 2012 жылдың қорытындылары бойынша елордада 196,4 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өсім – 10 есе дерлік!
Астана тепловоздар, вагондар мен тікұшақтар, күн батареяларының модульдерін және басқа да көптеген өнімдер шығаратын Қазақстан үшін мүлдем жаңа өнеркәсіп салаларының негізін салушы болды. Осының барлығы тұтастай ел экономикасын дамытуға қосылған үлкен үлес.
Елорда экономикасын дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтар мен технопарктер құру, қала экономикасының түрлі секторларына жоғары технологияларды енгізу секілді тиімді тетіктер белсенді пайдаланылды.
Қала инфрақұрылымдарын жаңғырту мен кеңейту үдерістері белсенді жүріп жатыр. Қаланың жылу коммуникациялары мен электр желілерінің қуаттары айтарлықтай ұлғайтылды. Қазақстанның орталық өңірлерін, бірінші кезекте, Астананы жаңа газ жүйесімен қамтамасыз етумен байланысты елорданы газбен жабдықтау үдерісі аяқталатын күн де алыс емес.
Көлік инфрақұрылымдарын жаңарту да серпінді жүруде. Осы жылы-ақ қалада жүрдек жеңіл рельсті трамвай құрудың нақты жұмыс кезеңі басталады. Жүздеген шақырым қала жолдары қайта жөнделді немесе жаңадан салынды, Есіл арқылы 4 жаңа көпір тұрғызылды.
Қала экономикасының флагманы құрылыс саласы болып табылады. 15 жыл бұрын бар болғаны 139,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген еді. 2012 жылдың қорытындылары бойынша бұл көрсеткіш 1,3 миллион шаршы метрге жетті. Тұтастай алғанда, осы кезең ішінде салынған тұрғын алаңдардың көлемінің өзі 11 миллион шаршы метрден астам.
Бұл жыл сайын ондаған мың отбасылық қоныстойлары өтеді деген сөз!
Еліміздің инновациялық жүрегі
Өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде мен жаңа елордамен байланысты алғашқы шешімдерімнің бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін құру туралы Жарлығым болғанын ерекше атап өткенмін. Ол 1996 жылы әлі сол кездегі Ақмоланың елорда функцияларын қабылдауға орай ауқымды дайындықтар басталуымен бір мезгілде құрылған еді.
Мен үшін бұл қағидатты шешім болды. Мен жаңа Қазақстан елордасын, бірінші кезекте, еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы ретінде көрдім.
Сондықтан менің ерекше қамқорлығымдағы мәселе Астананың жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарын дамыту және жаңаларын құру болды. Жұмыс істеп тұрған өңірлік жоо-лар нығайтылды және жаңғыртылды. Осылайша С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы (бүгінде – Астана медицина университеті) пайда болды.
2001 жылы Ресей басшылығымен уағдаластық бойынша Астанада М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылды.
Мемлекеттің белсенді ықпалымен Астанада бірқатар мемлекеттік емес жоо-лар – Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Қазақстан-Ресей университеті, Еуразия гуманитарлық институты және басқалары жұмыс істей бастады.
2010 жылы қазірдің өзінде инновациялы Қазақстан үшін кадрлар дайындауға бағыт ұстанған, Қазақстанның мүлдем жаңа ғылыми-білім беру жүйесінің жетекші флагманы болып табылатын Назарбаев Университеті ашылды. Ол мамандарды халықаралық үлгі-қалыптарға сәйкес дайындайтын, автономдық пен академиялық еркіндік қағидаттарына сай жұмыс істейтін тұңғыш қазақстандық университет болды. Назарбаев Университеті әлемдегі 30 үздік жоғары оқу орындары рейтингіне кіретін жетекші шетелдік ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтасып отыр.
Оның инженерлік, ғылым мен технология, медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектептерінде, Бизнестің жоғары мектебінде, Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебінде, Білім берудің жоғары мектебінде бір жарым мыңға тарта студент білім алуда.
Қазір Назарбаев Университетінің арқауында Энергетикалық зерттеулер орталығын, Өмір туралы ғылымдар орталығын, Білім беру саясаты орталығын қамтыған ұлттық инновациялық-зияткерлік кластер жедел қалыптастырылуда.
Қазір Қазақстанның барлық ірі жоғары оқу орындарының жұмыстары Назарбаев Университеті үлгісі бойынша құрылып, соған ұқсастырыла жүргізілуде.
Бүгінгі күні 14 жоғары оқу орнындағы Астана «студенттік халқының» саны 50 мыңға тарта адамды құрап отыр. Мен тек елорданың ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Қазақстанның болашағын олардың әлеуетімен, білімімен, азаматтық ұстанымымен байланыстырамын.
Астана – Қазақстанның инновациялық жүрегі. Мен бұл жүректің Қазақстанды прогресс пен өркендеудің жаңа шыңдарына жетектей отырып, еліміздің дамуымен жарыса, жараса соғатынына сенемін.
Астаналық социум
15 жылдың ішінде астаналық социум танымастай өзгерді. Биыл Астана халқының саны 15 жылдың ішінде 4 есеге жуық өсіп, 800 мыңға жетті.
Астананың бас жоспарын әзірлеу барысында 2030 жылға таман бізге елорда жобасын қандай адамдар санымен жоспарлау керек деген мәселеде мамандар арасында талас туындағаны менің есімде.
Шетелдік кеңесшілердің пікірлері екіге жарылды. Еуропа мамандары өз әдістерін қолдана отырып, жоғарыдағы мерзімге таман Астана халқының саны 650 мың тұрғынды құрайтындығын есептеп шықты. Олардың жапондық әріптестері сол тұста Астанада 800 мың адам өмір сүреді деген қорытындыға келді. Қазақстандық демографтар есебі 1,5 миллион адамды көрсетті.
Сөйтіп, 800 мың тұрғын цифрына табан тіредік. Бірақ қазір шындыққа біздің отандық мамандардың неғұрлым жақын келгендігін көріп отырмыз. Өйткені, 800 мыңдық көрсеткішке біз 30 жылда емес, небәрі 15 жылдың ішінде жеттік.
15 жылдың ішінде елордада бала туу көрсеткіші 2 есе өсті, ал халықтың табиғи өсу көрсеткіші бір мың тұрғынға шаққанда 1,4-тен 21,6 адамға артты.
Ана мен бала өлімінің көрсеткіштері 5 еседен астамға төмендеді.
Мұндай серпінде елорда медицина саласын дамытуға арналған мемлекеттік шаралар үлкен рөл атқарды.
Қазіргі Астана денсаулық сақтаудың қуатты әлеуетіне ие. Мұнда 6 заманауи клиниканы: Нейрохирургия ғылыми орталығын, Балаларды оңалту орталығын, Диагностикалық орталықты, Ана мен баланы қорғаудың ұлттық ғылыми орталығын, Жедел медициналық көмек ғылыми орталығын, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықты біріктірген жаңа медициналық кластер құрылды. Оларда адам мүшелерін ауыстыру жөнінде ғажайып операциялар жасалуда. 2012 жылдың өзінде ғана үлкендер мен балаларға бүйрек, кемік майы және тіпті жүрек трансплантациясының 40-қа жуық сәтті отасы жасалды.
Елордалық клиникаларда емдеуден өткізілгендердің 60 пайызға жуығын басқа өңірлерден келген емделушілер құрағандығының өзі елеулі көрсеткіш. Мұның сыртында емделу үшін шетелдерден келетін емделушілер саны да арта түсіп отыр. Бізге әлемнің 20 елінен 200-ден астам адам келіп емделді.
Мұнымен қатар, Астанадағы денсаулық сақтау жүйелері де нығайтылуда, жаңа спорт ғимараттарының кең желісі құрылып отыр.
«Қазақстан» мен «Алатау» спорт кешендері, «Алау» жаңа мұз спорты сарайы, Республикалық велотрек, «Астана-Арена» жабық стадионы, ондаған спорт алаңдары, клубтары мен фитнес орталықтар – міне, осылардың барлығы қала тұрғындары үшін салынған және солармен белсенді түрде игерілу үстінде.
Біз Астананы денсаулығы мықты да белсенді адамдар тұратын саламатты өмір салтының қаласы ретінде дамытудамыз.
Ақорда терезесінен көз салғанымда, Есілді жағалай серуендеген, велосипед мінген астаналықтар санының ұлғайған үстіне ұлғая түскенін көремін. Өзен бетінде байдарка мен каноэнің тұтас бір флотилиясы бірін-бірі қуалай жүзіп жүреді. Осыларды көру, маған үлкен қуаныш сыйлайды.
Астана – жоғары білімді адамдардың өсіп келе жатқан агломерациясы. Жалпы білім беретін оқу орындарының елордалық желісі қазір 70 мемлекеттік және 12 мемлекеттік емес мектептерді, 78 мемлекеттік және 60 мемлекеттік емес мектепке дейінгі мекемелерді құрайды. 15 жылдың ішінде елордада 33 жаңа мектеп, 40 балабақша мен 22 шағын орталық салынды.
35 техникалық және кәсіптік білім беру колледжінде 31 мыңға тарта оқушы білім алуда. Бұл бүкіл Қазақстан үшін инновациялық түрдегі жаңа өндірістердің алғы шебіндегілер болмақ.
Астана жаңа экономикасының дамуы қала халқын еңбекпен қамту құрылымдарының өзгеруіне үлкен ықпал жасады. Халықтың үлкен бөлігі мемлекеттік басқару, қызмет көрсету салаларында еңбек етуде. Астаналықтардың 60 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласында.
15 жылдың ішінде қаладағы жұмыссыздық деңгейі 2 есе төмендеді. Қазір бұл көрсеткіш шамамен алғанда, орташа республикалық 5,6 пайыз деңгейінде. Мұның себебі, елордаға еліміздің басқа өңірлерінен жаңа жұмыс күштері тұрақты түрде келуде.
Тек 2009 жыл мен 2012 жыл аралығында Астанада, орта есеппен алғанда, әр жыл сайын 17-18 мың жаңа жұмыс орындары құрылып отырды.
Бүгінде біздің елордамыз халқының табысы жоғары қала ретінде қалыптасып келеді. Астаналықтардың орташа еңбекақысы 148 мың теңгені құрайды. Астананы осында ауыстырған кезеңнен бері номиналдық есеп бойынша оның мөлшері 11 еседен астамға өсті.
Әлеуметтік өзгерістердің жағымды динамикасы астаналықтардың жаңа бейнесін нағыз елорда тұрғындары ретінде қалыптастыруға ықпал етуде. Осыдан он бес жыл бұрын маған жаңа қала салу ісі оның тұрғындарын өмір мен жұмыстың жоғары мәдениетіне тәрбиелеуден жеңіл түсетіндігі туралы айтылған еді.
Бірақ өмірдің өзі бұл күдікті жоққа шығарып отыр.
Астаналықтар өз бойларына тамаша ұжымдық астаналық менталитетті жедел жұғыстыра, еңбекте, мәдениетте үлгі бола отырып және патриоттық сезімдерін білдіруде де кез келген астана тұрғындарын қай жағынан алып қарағанда да ерекшелендіріп тұратынындай, біздің көз алдымызда өзгеріп келеді.
Креативті «жасыл» қала
Бір шетелдік зерттеушіден болашақ – креативті, яғни жасампаз қалаларда деген ойды оқыған едім. Мұнымен толық келісемін.
Біз Астананы ерекше сәулеткерлік және табиғи-ландшафт аясындағы, кез келген жігерлі адамның өзіндік зор шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына көмектесетін нақ осы креативті қала ретінде салудамыз.
Креативті қала – ең алдымен экологиялық жағынан мұнтаздай таза қала.
Ежелгі дүниеде Рим жеті төбеде орналасқан деген сөз бар. Мәскеу туралы да осылай дейді.
Астана туралы сегіз желдің өтінде тұр деп айтуға болады. Мұнда желдің соғысы өте жиі, тіпті күніне бірнеше рет өзгеріп тұрады.
Бірақ астаналық тұрғындардың ерік-жігері Сарыарқадағы жел қуатымен тең түседі деп нық сеніммен айта аламын. Міне, сондықтан да біздің жас елорданың табыстары соншама сәтті де ұлан-ғайыр болып отыр.
Біз алдымызға Астананың «жасыл қалқанын» қалыптастыра отырып, жел ағынын саябырлату міндетін қойдық. Қала айналасында астана осында ауыстырылған алғашқы жылдары отырғызылған «жасыл белдеу» ағаштарының бойы 10 метрден астамға көтерілді.
Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар құрылды, ал көгалды алаңдар көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр. Бүтіндей алғанда, елорда айналасындағы қолдан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, мұның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді.
Бұл жұмыс жалғасуда. 2020 жылға дейін, тұтастай алғанда, қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары көгалдандырылатын болады.
Осының нәтижесінде қаланың климаты елеулі өзгеріп келеді.
Біздің «жасыл құрылыс» жөніндегі өзіндік тәжірибеміз жинақталып таратылуда, мен оны «Жасыл көпір» жаһандық идеясы аясында табысты модель ретінде ұсындым. Бұл бағдарламаны, сондай-ақ Жаһандық энерго-экологиялық стратегия жөніндегі қазақстандық бастамашылықты 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен бүкіләлемдік саммитке қатысушылар қолдады.
«Болашақтың энергиясы» – осындай тақырыпты біз «ЭКСПО – 2017» бүкіләлемдік көрмесін өзімізде өткізу туралы Астана құқын қорғаған кезімізде ұсындық.
Біздің бұл өтінімімізге әлемнің 100-ден астам мемлекетінің өкілдері қолдау білдірді.
Астана қазірдің өзінде осы оқиғаға мұқият дайындалу үстінде. Жаңа көрме кешені орналасатын орын айқындалды. Қалалық инфрақұрылымды 3 айдың ішінде 5 миллионға тарта туристі қабылдай алатындай етіп дамыту туралы шешім алынды. Тек қана баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін тұтас бір қала орамы тұрғызылмақ.
Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстанға және көрменің барлық қатысушыларына технологиялық және экономикалық дамуының мүлдем жаңа деңгейіне шығу мүмкіндігін беретіндігі күмәнсіз.
Мұның өзі Астананың және бүкіл Қазақстанның жаһандық орнықты дамуға қосатын өлшеусіз үлесі болып табылмақ.
Жаңа Қазақстанның рухани орталығы
Бүгін Астана бір мезгілде жаңа Қазақстанның жоғары руханилығының фабрикасы және сақтаушысы ретінде қалыптасты деп нық сеніммен айта аламын.
Өткен кезең тек экономикалық немесе әлеуметтік көрсеткіштермен ғана таңғалдырмайды. Бұл ретте біздің елордамыздың мәдени және рухани тұрғыдан өсіп жетілгендігін де көрмеуге болмайды.
15 жыл бұрын менің тапсырмам бойынша елордада Ұлттық музыка академиясының негізі қаланды. 2011 жылы ол Қазақ Ұлттық өнер университеті ретінде қайтадан құрылды. XXI ғасырдағы бүкілқазақстандық мәдениеттің алғашқы кадрлары осында «тағалана» бастады.
2000 жылы мен Астанада Күләш Байсейітова атындағы жаңа Ұлттық опера және балет театрын құру туралы Жарлыққа қол қойдым.
Бейбітшілік және келісім сарайындағы 1500 орындық концерт залының өзі ерекше. Ол небір құрметті қонақтарды – Әлемдік діндер көшбасшылары съездерінің қатысушыларын, Қазақстан халқы Ассамблеясы сессияларының делегаттарын, осызаманғы өнердің аса заманауи көрнекті қайраткерлерін қабылдап үлгерді. 2006 жылы бұл залды әлемдік опера жұлдызы Монсеррат Кабальенің ашуының өзі бекер емес. Жоғары мәдени және өркениетті үнқатысу рухы бұл сахнаны қашанда кернеп тұратын болады.
Тәуелсіздік сарайы біздің елордамыздың шын мәнінде мақтанышы болып табылады, ондағы сыртқы сәулеткерлік «қаталдық» пен ішкі тартымдылық бір-бірімен үйлесім тапқан. Сарайда қолданбалы және қазіргі заманғы өнер галереясы, Астана тарихының музейі, 4D кинотеатры және электронды кітапхана орналасқан. Үш мың адамдық Конгресс-зал сахнасында концерттер мен ресми шаралар жүйелі түрде өтіп отырады. Мұнда 2011 жылы біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған салтанатты жиынның өтуінің өзі кездейсоқтық емес.
2009 жылы бірегей үлгідегі «Қазақстан» концерт залы ашылды. Бұл ғимарат бүкіл Орталық Азия өңірінде теңдессіз болып табылады және әлемдік үздік сәулеткерлік шешімдердің қатарына кіреді. Оның акустикалық мүмкіндігін әлемге аты әйгілі көптеген тамаша музыканттар мен опера орындаушылары жоғары бағалады. 3500 көрермендік зал тек Астананың ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Қазақстаннан музыкалық өнерді сүюшілерді толтыра өзіне жинап жүр.
Елорданың 15 жылдығының дәл қарсаңында Астананың ортасында жаңа опера және балет театрының құрылыс жұмыстары аяқталды, оған менің Жарлығыммен «Астана Опера» атауы берілді. Оның сахнасында қазақстандық опера өнерінің классикасы – «Біржан-Сара» спектаклі қазіргі замандық аранжировка және авторлық шешім негізінде қойылды.
Сәулеткерлігі бойынша классикалық, бірақ техникалық орындауы және ішкі жабдықталуы жөнінен нағыз инновациялық болып табылатын бұл театр да біздің Астанамыздың тағы бір таңдай қақтырар ғимараты.
«Астана Опера» Еуразия мен бүкіл әлемнің неғұрлым тартымды сахналық алаңдарының біріне айналатындығына сенімдімін.
Астана теле және радио хабарларын таратудың жалпы ұлттық орталығы ретінде де белсенді дамып келеді.
Менің тапсырмам бойынша «Қазмедиа орталығы» жаңа телерадио кешені салынып, белсенді жұмыс істеуде. Онда панорамалық студиялар, ньюсрумдар және мәжіліс залдары орналасқан. Ол заманауи аппараттық-студиялық және дыбыс жазба құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған.
Қазір ол жерден бүкіл жетекші ұлттық телерадиокомпаниялар эфирге шығады.
Тағы бір астаналық ірі жоба жаңа Оқушылар сарайын салу болып табылады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған бұл ғажап әмбебап нысанды біз Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында аштық. Бұл жерде біздің өскелең ұрпаққа қажетті жағдайлардың бәрі қарастырылған. Мұнда – мұз айдынынан, теннис корттары, бассейн, жеңіл атлетикалық манежден бастап, театр кешендері, би залдары және обсерваторияларға дейін бар. Өткен екі жыл ішінде Оқушылар сарайы біздің жас жеткіншектерімізді дене тәрбиесіне және рухани құндылықтарға баулитын басты орталыққа айналды.
Біздің Астанамызға Қазақстанның бүгінгі таңдағы рухани орталығы болуды тағдырдың өзі жазған. Оның көшелерінің атаулары арқылы біз қазақстандық бұрынғы астаналар мен көне қалалардың сан ғасырлық шежіресін мәңгілікке қалдырдық. Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сарайшық, Сауран, Сығанақ – міне, осы атаулардың бәрі астаналық топонимикаға бірегей үндесіп, оған тарихи мазмұн берді.
Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу идеясын осы жерде туып және осы жерде жүзеге асырылғандығын кездейсоқтық емес деп санаймын. Әртүрлі діндердің рухани көшбасшылары мен жетекшілерінің әрбір үш жыл сайын басын қосып отыратын бұдан басқа елорда бүгінгі әлемде жоқ. Олардың Қазақстанға бейбітшілік және өркендеу тілеген батасымен осымен төртінші рет Астананың қасиетті топырағы мен ауасы дәріптелді.
Астанада мұсылман әлемінің беделді имамдары мен дін сөзін ұстаушылары бірнеше рет болды. Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл біздің астанамызға екі рет келді. Біз Рим Католик шіркеуінің понтифигі Иоанн Павел Екіншіні, Константинополь Патриархы Варфоломейді, Армян апостол шіркеуінің католикосы Гарегин Екіншіні, сонымен бірге, басқа да көптеген конфессиялардың өкілдерін қонақжайлылықпен қабылдадық.
Астанада аз уақыттың ішінде – «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттері, православиелік Успен Кафедралдық Соборы, католиктік Құдай Ананың Тынбайтын Көмек Соборы, «Бейт Рахель – Хаббад Любавич» синагогасы сияқты тамаша діни-рухани нысандар салынып, жұмыс істеп тұр.
Менің бастамаммен Астанада бүгінде бүкіл қазақстандықтар үшін нағыз архитектура киесіне айналған біздің халқымыздың бірлігінің тұғыры ретіндегі Бейбітшілік және келісім сарайы салынды.
Мұнда Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың басты тетігіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы жыл сайын өткізіледі.
Іс жүзінде біздің елордамыздың барлық қонақтары біздің жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықты, елорда тұрғындарының толеранттылығын ерекше атап көрсетеді. Бүкіл қазақстандық қоғамның бірлігін, Қазақстандағы барлық этностар мен конфессиялардың достығын нығайта отырып, бұл қасиеттерге Астана сәуле шашады.
Астана және қазақстандықтар
Астана тақырыбы бүгінде қазақстандық қолөнер шеберлерінің және суретшілердің, жазушылардың және ақындардың, сазгерлердің және кинематографистердің шығармашылығына берік кірікті.
Ол туралы поэмалар жазылып, әндер шығарылады, оның көзге таныс қалалық көріністерін біз бүгінгі фильмдерден жиі-жиі көреміз. Елорда туралы кітаптар жазылды.
Нақ осының өзі халықтың өзі салған Астанаға деген бүкілхалықтық махаббаттың көрінісі емес пе?
Мен қазір біз өз қолымызбен тұрғызып жатқан Астана әрбір қазақстандық үшін оның жүрегіне жақын біздің жаңа Отанымыздың бір бөлшегі екендігіне сенімдімін.
Астананың құрылысына Қазақстанның барлық өңірлері үлес қосты. Елорданы көшіру қарсаңында әрбір өңір осында өз бетімен екі көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салу жөнінде міндеттеме қабылдады.
Орталық мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасылары осы үйлерден пәтер алды. Пайдалануға берілген әрбір үйді дерлік өзім аралап көріп және өзім қабылдап алған кездерімнің болғаны да әлі есімде. Бүгінде бұл үйлердің тұрғындары өз үйлерін қай өңірдің құрылысшылары салғанын біледі. Мәселен, соған сәйкес бұл үйлерді – алматылық, қарағандылық, қостанайлық деп атайды.
Астананың өмірге келуі және қалыптасуы – біздің бүгінгі тарихымыздың тұтас бір дәуірі. Ол алғаш Астананың іргетасын қалаушылардың – архитекторлардың, инженерлердің, прорабтардың, көші-қонды ұйымдастырушылардың, жұмысшылардың нағыз ерлігі туралы сыр шертетін көптеген шежірелерді топтастырған.
Бүгін мен Қазақстанның жаңа елордасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, күрделі міндеттерді шешіп, менің жанымнан табылған көптеген азаматтарды шынайы ризалықпен еске аламын.
Олар В.Ни, А.Бөлекбаев, Ж.Кәрібжанов, Ә.Жақсыбеков, Т.Досмұхамбетов, Н.Макиевский, Ф.Галимов, Б.Нұрпейісов, О.Песков, В.Иванов, Қ.Омаров, Р.Бекболатов, Ә.Аубеков, Н.Тихонюк, А.Рүстембеков және көптеген тағы басқалар.
Қазіргі таңда бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Қаланың қазіргі басшылығы да елорданың дамуына өз қолтаңбасын қалдыруда. Солай бола тұрса да, бұл мәселе тек әкімдіктің ғана міндеті емес, сонымен бірге, Үкіметтің және бүкіл еліміздің алдында тұрған ауқымды мәселе.
Астана құрылысшыларының еңбектегі ерлігі – бүгінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құрушы бүкіл қазақстандықтар үшін, біздің жастарымыз үшін үлгі тұтатын жарқын өнеге болмақ. Мен Қазақстанның алдындағы өздерінің патриоттық парыздарын орындай отырып, Астананың құрылысын салуға қатысқандарға және қатысып жүргендердің барлығына ризамын.
Әлемде әртүрлі мемлекеттердің азаматтарының өздерінің елордаларына деген айрықша ізгі сезімдерін білдіретін мысалдар аз емес.
Бұл ретте Таиландтың мысалы өте қызықты. Олардың астанасы Бангкокты сонау ХVІІІ ғасырда қазіргі билік басындағы Чакри әулетінің негізін қалаушы король Бірінші Рама кішкентай деревняның орнына тұрғызған болатын.
Қалаға мемлекет үшін оның маңызын атап көрсететін 33 эпитетті білдіретін атау берілген. Өздерінің астаналарының осы қасиетті атауын есте сақтау үшін оған арнап музыка шығарылған, соның нәтижесінде әдемі ән дүниеге келген.
Содан бері бұл әнді бастауыш мектепте үйретеді. Әрбір тайлық астананың осы бір романтикалық атауын біледі және өзінің бүкіл өміріне арқау етіп, оның мәңгі сөнбес құндылықтарын келесі ұрпаққа ұлағат етеді.
Астананы құру тарихының да қырлары көп, айтары мол. Келешекте біздің барлық мектептерімізде Қазақстан тарихы бойынша Астана тарихы атты жеке арнаулы курс өткізілетініне сенімдімін.
Бүгінде біздің елордамызды аралауға келетін қазақстандықтардың саны барған сайын өсіп барады. Астанада болып, оның архитектуралық таңғажайыптарын өз көзімен көру әрбір қазақстандықтың жеке өміріндегі ерекше маңызды оқиғалардың бірінен саналады. Мұнда Қазақстанның басқа қалаларынан арнайы турлар ұйымдастырылады.
Астана қазақстандықтарды өзіне тартатын аяулы орталыққа, жалпыға бірдей қимас құндылыққа, айрықша мақтанышқа айналды. Қазақстанның көптеген қалаларында елорданың атауымен аталатын алаңдар, көшелер, саябақтар және гүлзарлар пайда болды.
Астана – Қазақстанды әлемге танытқан, дамудың жаңа биіктеріне бастаған, халықты топтастырған біздің бүкіл қазақстандық жалпы-ұлттық идея.
Астана және «Қазақстан – 2050» Стратегиясы
Әлемдік тәжірибеде ұлттық мемлекеттердің жаңа даму дәуірін айқындаған астаналарды көшіру мысалы аз емес.
Қазақстан – осындай жобаны іс жүзіне асыруға әлеуеті жеткен ТМД мемлекеттерінің ішіндегі бірден-бір ел.
90-шы жылдардың ортасында бұл идеяның жүзеге асатындығына сенім білдіргендердің қатары тым сирек еді. Алайда, сәуегейлер бұл жолы да қателесті.
Астана аз уақыттың ішінде салтанат құрды және жалпы бүкіл жаңа еліміздің даму әлеуетінің қуатын көрсетті. Бұл біздің алғаш рет ойдағыдай іс жүзіне асырылған стратегиялық мақсатымыз еді.
Қазақстанның жаңа тарихындағы екі елеулі оқиғаның іс жүзінде тұспа-тұс келуінің де нышандық мәні бар. Мен бұл жерде елорданы көшірудің басталуын және «Қазақстан – 2030» Стратегиясының қабылдануын айтып тұрмын.
Астана еліміздің дамуында басымдық берілген алғашқы ұзақ мерзімге арналған бағдарламалардың барлығының мерзімінен бұрын іс жүзіне асырылуында шешуші рөл атқарды.
Елорданы көшіру еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтты. Қазақстан экономикасының аса жоғары экономикалық өсу қарқынына қол жеткізуде елорданың өлшеусіз үлесі бар. Ол дамудың үлгісін көрсетті, Қазақстанның барлық өңірлері осы жолмен жүрді.
Астана біздің қоғамымыздағы бейбітшіліктің және келісімнің негізгі тұғырына айналды, қазақстандықтарды берік топтастырды.
Жаңа елорда көптеген инфрақұрылымдық жобаларға бастау болды. Бурабайға дейінгі, ал қазір Көкшетауға және Петропавлға дейін құрылысы жалғасып жатқан бірінші қазақстандық автобан да бастауын осы жерден алады. Ал оңтүстікте бұл автобан Қарағанды арқылы Алматыға дейін созылатын болады. Елорда жаңа темір жол тораптары жүйесі арқылы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерін жалғастыратын алтын көпірге айналды.
Астана – бүкіл қазақстандықтар үшін саламатты өмір салтының және сапаның жоғары көрсеткіші.
Ол әлеуметтік дамудың жаңа қазақстандық үлгі-қалыптарын қалыптастыруда, біздің бүкіл қоғамымыз осы деңгейге қол жеткізуге ұмтылады.
Біздің елорда – тиімді және кәсіби мемлекеттік басқару жүйесі. Сонымен бірге, Астана ұлттық дамудың қуатты локомотиві ретінде бүгінде халық пен билік бірлігінің нышаны болып табылады.
Бүгінде елорданы «Қазақстан – 2050» Стратегиясының өмірге жолдама алған жері деп айтуға толық негіз бар. Осы жерде «инемен құдық қазғандай» оның тұжырымдамалық бейнесі жасалды. Осы жерде ол көптеген сараптамалық талқылаудан өтті. Осы жерден ол бүкіл халықтың назарына ұсынылды.
Еліміздің дамуы жөніндегі Жаңа саяси бағытты іс жүзіне асыру жөніндегі басқару тетіктері де Астанадан таралуда.
Бүгінде елордада Қазақстанның қуатты зияткерлік ядросы топтастырылған. Астана Қазақстанның XXI ғасырдағы креативті экономикалық өсімін және әлеуметтік жаңғыруын, оның ішінде «жасыл» экономиканы қамтамасыз ететін инновациялық дамудың берік іргетасына айналды.
Осы аймақтық және жаһандық саясаттың жаңа полюстерінен біздің бүкіл әлемге бағытталған батыл бастамаларымыз туындауда. Ол G-GLOBAL қағидаттарымен және әлемдік құрылымның тұжырымдамалық үлгі-қалыптарымен үйлесім тапқан.
Астана сайын далада тұрғызылған жаңа қала ғана емес. Бұл Батыстың сырбаздығы мен Шығыстың терең рухани дәстүрлерін бойына берік сіңірген қазақстандықтардың тұтас дүниетану жүйесі және оны елорданың тамаша сәулет өнерімен айшықтау көрінісі.
Астана әлі де қарқынды дамиды, ол бұдан да сымбатты, бұдан да заманауи болады. Қазірдің өзінде аспанмен таласқан 80 қабатты жаңа зәулім ғимарат «Абу-Даби плазаның», «Ритц-Карлтон» қонақүйінің құрылысы басталды, «ЭКСПО – 2017» ғимараттарының құрылысы бастау алады. Өскелең ұрпақ елорданың бай архитектуралық ансамбліне жаңа мән мен мазмұн әкеледі.
Мерзімді баспасөз беттерінен мен туралы айтылған Астананың «бас архитекторы», ал елорда туралы менің «ең сүйікті перзентім» деген пікірлерді жиі кездестіремін.
Шындығында, маған жаңа елордамыз үшін жан-жүрегіммен алаңдай отырып, талай мәрте жобалар мен сызбаларды зерделеп, ұйқысыз түндер өткеруге, нақты құрылыс басында кеңес өткізуге тура келді.
Мен «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан Шатыр», «Астана Опера», «Мәңгілік Ел» кешендері сияқты Астананың бірқатар ғимараттарының үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсындым.
Иә, мен де бүкіл қазақстандықтар сияқты бұл қаланы бүкіл жан-жүрегіммен қатты жақсы көретінімді жасыра алмаймын. Шетелдерге немесе Қазақстанның өңірлерінде болған алыс сапарлардан оралып келе жатып, мен әрқашан туған Астанаммен жүздесуді тағатсыздана күтемін, иллюминатордан елорданың панорамасын көргенше асығамын.
Менің туған күнімнің елорда күнімен тұспа-тұс келгенін айрықша мақтан тұтатынымды ашық айтқым келеді, өйткені, Тәуелсіз Қазақстан, оның жаңа елордасы Астана менің тағдырыма, менің өміріме, менің зор бақытыма айналды.
Бұл сезімімді менің миллиондаған қымбатты отандастарымның бөлісетіні күмәнсіз.
Астананың 15 жылдығы – біздің ортақ мерекеміз.
Астана күні құтты болсын, қадірлі қазақстандықтар!
(“Егемен Қазақстан”, 2013 жылғы 6 шілде.)