«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАС САРДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.

Батыр десем, жауға түскен салмағы,
Түмен-түмен қол төңкерген арланы.
Ширек ғасыр Жоңғарменен соғыста
Қол бастаған қазақтың бас сардары!

Жырау десем, биік қойған мұратын,
Таңдайынан дауылды сөз туатын.
Отты жырын тыңдағанда сарбаздар,
Жалау тіктеп, “жау қайдалап”
шығатын.



Күйші десем, жорықтарда түн қатып,
Келген абыз сақалына мұз қатып.
“Елім-ай!” боп төгіледі пернеден,
Домбыраның тұла бойын сыздатып.

Дана десем, асу бермес асқарым,
Тарихынан сыр шертеді тастағы үн.
Тәуке ханның жарғыларын жасасып,
Жазып кеткен “Жеті Жарғы”
дастанын.

Елші десем, хандықтардың санасын,
Билей білген ерді қайдан табасың?
Парасатпен елдестірген сол қазақ,
Түркімен, Парсы, Хиуа, Қоқан арасын.

Діндар десем, Алла деуден танбаған,
Араб, парсы тілдерінде сарнаған.
Шариғаттың шамын іздеп шарқ
ұрып,
Самархан мен Бұқараны шарлаған.

Ұстаз десем, айналаға жөн айтқан,
Асыл құны ат көтермес сөз айтқан.
Тәтіқара, Үмбетейлер үлгі алып,
Бұхар жырау “Ұстазым” деп өзі
айтқан.

Асыл текті Қожаберген ер бабаң,
Өр тұлғасын уақыт өзі сомдаған.
Ей, қазағым, сол жыраудың тілімен
“Елім-ай!” боп төгіліп ед шер-налаң.

Енді, қазір сол хас батыр хақында,
Айтар наз көп алабүйрек ғасырға.
Жасықтарды алмастырып шатастық,
Ақ алмастай жарқылдаған асылға.

Қайран бабам…
Езді бүгін ер қылды,
Құл-құтанның сөйлер жерін төр қылды.
Көлеңкеде қалмау үшін мәстектер,
Алыптардың атағына тор құрды.
Бодандыққа бой үйреткен боркемік,
“Елім!” деген ердің сөзін қор қылды.
Төрт ғасырдан бері қарай қазақтың,
Көкірегінде аунақшыған сол жырды,
Көбесінен сөккісі кеп біреулер,
Төбесіне қарға-құзғын қондырды.
Айтпайды олар Бөгенбайға
қалдырған
Хан тағынан кем соқпайтын
орныңды.

Қайран қазақ!
Самға, талма, көкті кез,
Қайда сол бір хас қыраның
отты көз?!
“Елім-ай!” деп өткен есіл бабаңды,
“Ерім-ай!” деп еске алатын жетті кез!

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp