«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛОРДА ТОЙЫ – ЕЛДІҢ ТОЙЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенбі күні еліміз Астана күнін атап өтті. 15 жылдық мерейтойын тойлаған елордаға солтүстікқазақстандықтар да өз құрметін көрсетті. Облыс орталығының негізгі көшелерінде, қоғамдық демалыс орындарында мерекелік концерттер, түрлі көрмелер мен байқаулар, спорт жарыстары ұйымдастырылды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мерекелік көңіл күйге бөленген қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға жиналды. Қазақстан Конституциясы көшесі бойында елорданың ажары мен айбынын асқақтататын фото және кітап көрмелерінен басқа ұлт пен ұлыстың рухын көтеретін қолөнер бұйымдарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы құрамындағы этнобірлестіктердің құрған шаңырақтарын аралаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жиналған қауымды өңір басшысы Самат Ескендіровтің атынан мерекемен құттықтап:

– Қысқа мерзімде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемде теңдесі жоқ жобаны жүзеге асырды. Бүгінгі таңда Сарыарқа төсінде бой көтерген Астана еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналды. Бүгін елорда тұрғындары үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін салтанатты күн, – деді.

Бұдан кейін Айдарбек Сейпілұлы көпбалалы аналарға “Күміс алқа” тапсырды. Солардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Жаңасу бастауыш мектебінің меңгерушісі Анаргүл Назарова.

– 2 ұл мен 4 қыздың анасымын. Оларды болашақта елдің игілігін ойлайтын азамат ретінде тәрбиелеуге аса көңіл бөлемін. Ал өзім Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде 2 жоғары білім алдым. Үлкен қызым да сонда оқыды. Кейінгі балаларымды да сапалы білім алулары үшін елордаға жібереміз. Біздей отбасыларға мемлекет жақсы қолдау көрсетуде, – дейді “Күміс алқа” тағынған ана.

Баланы бақыт деп білген аналардан басқа мәдениет, білім, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау саласының жемісті еңбек еткен өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды. Сондай-ақ сахна төріне Астананың құрдастары да шақырылды. Өскелең ұрпақтың атынан елдің дамуы мен гүлденуі үшін сапалы білім алып, адал қызмет атқаратындарын жеткізген оларға облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан Астанаға саяхат жолдамалары тапсырылды.

 

Осындай жағымды сәтпен басталған “Әлемге мақтан етем Астанамды!” атты мерекелік шара өңіріміздің үздік өнер ұжымдары қатысқан концертке ұласты. Бас сахнада ән шырқалды, би орындалды. Ал осы уақытта Абай мен Пушкин ескерткішінің түбінде киелі домбыраның құлағында ойнаған дарын иелері ұлттық өнерді паш етіп, тыңдаушылардың айызын бір қандырды. Жұртшылыққа “Домбыра party” деген атпен белгілі флешмобта ұлттық аспапты серік еткен 20 адам өнер көрсетті. Ал “Спорт бульвары – 2013” үстел ойындары түрлерінің фестивалінде қала тұрғындары теннис, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан бақ сынады. Ал бұл ойын түрлерін меңгермегендер асық атып, балалық шақтарын естеріне түсірді.

Астана күні салтанатына орайластырылған әлеуметтік-бұқаралық іс-шаралардың бірі – “Океан” сауда үйі алдындағы алаңда ұйымдастырылған арзандатылған бағамен жүргізілген мерекелік сауда жәрмеңкесі. Әдеттегі ірі сауда орталықтарында сенбі күндері өткізіліп жүрген дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен қалыпты сауда-саттық іс-әрекеттері өз алдына, ал осы арнайы көтерме сауда бағасымен ұйымдастырылған жәрмеңке шарасы оған келген қала жұртшылығының көңілінен шыққаны сөзсіз. Алаңда оннан аса сауда шатырлары мен жаймалары жұмыс істеп, оларда қаладағы көтерме сауда кәсіпорындары мен тауар өндірушілері тұрғындарға арзан бағамен өз өнімдерін ұсынды. Аталмыш іс-шараға “Океан” сауда үйі мен қалалық Мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастырған концерттік бағдарлама да мерекелік шырай қосты.

Қазқатар жайғасқан сауда шатырларын аралағанда ондағы қойылған тауарлардың бағасы бөлшек саудадағыдан анағұрлым арзандығына көз жеткіздік. Мысалы, “СКБ-Север” ЖШС-і шекердің килограмын 126 теңгеден және 2 килограмдық орамадағы жоғары сұрыпты ұнды 195 теңгеден сатты. Ал олардың бөлшек саудадағы бағасы анағұрлым жоғары екені белгілі. Сол сияқты өсімдік майлары, шай, кофе, томат пастасы және тұрмыстық химия тауарларымен көтерме сауда жасаған “Сауда” ЖШС-інің менеджер жігіттері тауар бағасының дүкендегіден 10-25 пайызға арзандығын айтады. Ал Одессаның балалар тамағы зауытының өнімдерін өткізумен айналысатын “ҚазКад” ЖШС бір литрлік шырындарды 170 теңгеден сатып жатты.

Жәрмеңкеде “Евразиан Фудс Корпорейшен” ЖШС қала тұрғындарына ұсынған кетчуп, өсімдік майлары, майонез, маргарин, қойытылған сүт өнімдері зор сұранысқа ие болды. 200 грамдық маргарин – 49 теңгеден, 1 литрлік жоғары сапалы өсімдік майы – 266 теңгеден, қалбырдағы қойытылған сүт – 185 және бір килограмдық майонез 192 теңгеден сатылды. Сондай-ақ кондитерлік өнімдер саудасын жүргізген “Опт ПродСервис СКО” және “Деметра” ЖШС-тері өздері ұсынған тауарлар түрлерінің көптігімен көзге түссе, “Алхор” ЖШС-нің сауда өкілі Юлия Баймышева тұрғындарға бүгінде жоғары сұранысқа ие болып отырған “Жемчужина Нила” және “Шах” шайларының шын мәніндегі тамаша дәмділігін таныта түсу үшін келушілерге осы жерде ыстық шай ұсынды. Сол сияқты тағы да осы “Алхор” ЖШС-нің екінші бір сауда жаймасында фирма менеджерлері көз тартарлықтай әдемі орамалардағы түрлі шырындар саудасын қызу жүргізді.

Мерекелік саудада өзі өндірген өнімдерімен ерекше көзге түскен омарташы-кәсіпкер Олег Гаврилов болды. Оның “Пасека Қызылжар” ЖШС-і қала тұтынушыларына бал өнімдерінің 15-ке жуық түрін ұсынды. Олар сапасы мен сұрыптарына қарай килограмы 1000-1300 теңгеден сатылды. Сондай-ақ кәсіпкердің емдік бал өнімдері жоғары сұраныс тапты.

Бір сөзбен айтқанда, көтерме сауда бағасымен өткен осы мерекелік жәрмеңке қаладағы сауда-саттық кәсіпорындарының тұрғындар сұранысын өтеуде зор мүмкіндігі барын аңғартты.

Осы күні түс ауа “Солтүстік жұлдызы” саябағында жағажай футболынан, волейболдан және стритболдан ойындар ұйымдастырылды. Жағажайға демалуға келгендердің қатысуымен өткен спорттық ойын қызықты әрі тартысты өтті. Күні бойы спорттық ойындарға атсалысқан жағажай демалушылары назарына кешкілік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp