Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.
Ай аунап, жүйрік жылдар оза берген,
Ғасырлар көш-керуен соза берген…
“Елім-ай!” болып жұртқа сәлем айтқан,
Есіл ер, ерен жырау Қожаберген.
“Елім-ай!” – өлең шығар, дастан шығар,
Дастанға сыймай тасып, асқан шығар.
“Қарындастан айрылған…” деген кезде,
Қазір де қара көзден жас тамшылар.
“Елім-ай!” – зарым менің, шерім менің,
Шебімнен шарасыздан шегінгенім,
Біртұтас Алаш жұрты жау тигенде,
Білеміз бөлшектеніп, бөлінгенін…
“Елім-ай!” – еңіреген ер ұраны,
Еңкейсе не болады ел ұланы?!
Ескерткіш мәңгілікке соғып кеткен
Жырауды ардақ тұтсын Елі мәңгі!
“Елім-ай!” – шежіремнің тармақтары,
Ескерген келер күнге арнап бәрін.
“Елім-ай!” – туым болып желбіреген,
Ерлерім ата-жұртын қорғап қалып!
Бас иіп Бұқар жырау “Ғаділ ерге”,
Тайдырмай бастан жыға әбігерде,
Ұрпаққа жеткізіпті жырыменен,
Ұстазын ардақ тұтып қалың елге!
Әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы,
Әлдилеп “Елім-айды” көкей үні,
Өсиет “Бабаңды сүй!” қалдырыпты,
Өмірден өкінішсіз өтейіні…
Жатқанда тоқсан тарау жол айрылып,
Жұртына оғыз-түрік орай бұрып,
Рухына Қожаберген тағзым жасап,
Жыр төкті Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Мына жыр – сол сарынның жалғасқаны,
Жорықта “Елім-ай!” жыр қол бастады!
Жұртымен Қожаберген қауышты ғой,
Жарқылдап асыл сөздің алдаспаны!