Айгүл МҰСТАФИНА,
даму мүмкіндіктері шектеулі жетім балалар мен ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларға арналған Соколовка арнайы мектеп-интернатының директоры.
Біздің даму мүмкіндіктері шектеулі жетім балалар мен ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларға арналған Соколовка арнайы (коррекциялық) мектеп-интернатында жазғы уақытта балалардың толыққанды демалуы үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
Мектеп тәрбиеленушілері жыл сайын Есіл өзенінің көрікті қайыңды орман шоғында орналасқан “Орленок” еңбек және демалыс лагеріне шығып тұрады. Балалар бұл мезгілді әрдайым асыға күтеді. Енді таң атқаннан күн батқанша таза ауада демалады. Ертеңгілік тәтті ұйқыны қимайтындар керіліп-созылып жата берулеріне де немесе ерте тұрып, топ жетекшілерімен бірге балық аулауға баруларына да болады. Уақыт бәріне жетеді: атыздағы көкөністердің арамшөбін отап, суарады, өзен суына шомылады және лагерь ішіндегі спорттық ойындарға қатысады, енді біреулер құмнан қамал тұрғызып жатса, біреулер сурет салумен, ән айтумен және тағы басқаларымен айналысады.
Балалар үшін әрбір жаңа күн жаңалыққа толы, одан ғажайыптар күтеді. Топ жетекшілерінің ой-қиялынан туындайтын: “Денсаулық күні”, “Үндістің күні”, “Туған күн тойы”, “Балықшы күні”, “Саяхатшы күні”, “Табиғат күні”, “Желаяқтар күні” сияқты әртүрлі мерекелер өтеді. Әрбір демалушы күштілер белдесуінде, баскетбол, волейбол, дартс, армрестлинг және үстел теннисі жарыстарында өз күштерін сынай алады. Жүгіру мен секіруден шаршаса, тыныш отырып сурет салуларына, қызықты кітаптар оқуларына, теледидар көрулеріне болады. Қалалық демалыс саябағына саяхат ұйымдастырылады, онда балалар түрлі аттракциондарда ойын қызығына батып, қала кинотеатрлары мен мұражайларды тамашалайды.
Бір сөзбен айтқанда, жазғы лагерьде зерігетіндей емес, балалар шексіз қуанышқа бөленуі үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Сондай-ақ, әрине, демалушылардың ас мәзірінде жемістердің, шырындардың, витаминді тағамдардың көбірек болуына көңіл аударады. Осылардың бәрі мектеп-интернат ұжымы мен лагерь директоры Әсем Ахметованың қамқорлығының арқасында іске асқан іс-шаралар десе болады. Олар демалыс лагерін жабдықтауға, тәрбиеленушілерге жақсы жағдай жасауға барынша күш салып, оған көптеген жанашыр демеушілер таба білді. Осындай ауқымды жүргізілген дайындық жұмыстары нәтижесінде лагерь балаларды жаңартылған жатын орындарымен, тамаша жабдықталған асханасымен және дәрігерлік қосынымен қарсы алды. Сондай-ақ лагерь аумағының көрікті келбеті де бірден көзге түседі, онда демалып отыратын шатыршалар, әткеншектер мен айналдырғыштар әсем безендірілген. Лагерь тынысынан көз тартарлық суреттер ілінген баннерлер бар.
Мұндай лагерьде балалар тамаша көңіл күйге бөленіп, ерекше күш-қуат алары сөзсіз. Балалар осында өздерінің алған әсерлерімен бөлісіп, басқа балаларды да жазғы лагерьде демалуға шақырады.