Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінде электрондық түрде лицензия беру мәселесін сөз еткен кеңес өтті. Оған мемлекеттік органдардың, Тұрғындарға қызмет көрсету орталығының және басқа да лицензия алушы ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңесті жүргізген департамент директорының орынбасары Нелла Бабакехян күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасады.
Онда айтылғанындай, “Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 19 маусымдағы №346 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігіне өнеркәсіп саласындағы кейбір қызмет түрлері бойынша лицензиялау функциясы берілген болатын. Агенттік 2009 жылдан бастап облыстық департаментке лицензиялау және лицензиялық бақылау жасау функцияларын атқаруға рұқсат етті. Атқарым міндеті жүктелгеннен бері департамент 72 лицензия берді және қайта ресімдеді, сонымен бірге бұрын берілген лицензияларға 14 қосымша толтырды және оның біреуінде де беру мерзімдері бұзылған жоқ.
Баяндамашы соңғы заң талаптарына сәйкес агенттіктің магистральды газ, мұнай және мұнай өнімдері құбырларын пайдалану мен қуат үнемі мақсаттарында электр қуатын сатып алу қызмет түрлеріне ғана лицензия бере алатынын айтты. Енді ол осы жылдан бастап тек электрондық түрде ғана жүзеге асырылатын болды.
Ақпараттық қоғам аясын кеңейтуде “Электрондық үкіметтің” алатын орны зор. Қазір мемлекеттік органдардың көпшілігі ақпараттық инфрақұрылымдардың көмегімен жұмыс істейді. Департамент 2011 жылғы 1 қарашадан бастап мемлекеттік Е- лицензиялау базасы деректерінің ақпараттық жүйесі бойынша жұмыс істеуге көшті. Жоғарыда аталған қызмет түрлері бойынша департамент лицензия беру мемлекеттік қызмет стандарттарын атқара алады.
Кеңесте бұл мәселе бойынша департаменттің техникалық реттеу бөлімінің меңгерушісі Павел Мощин де түсініктеме берді. “Дөңгелек үстел” басына жиналғандар осы маңызды мәселе төңірегінде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті, электрондық қызмет көрсетудегі іс-тәжірибелерін ортаға салды. Бұл орайда Тұрғындарға қызмет көрсету орталығының өзгелерден оқ бойы алда тұрғаны анық. Онда электрондық түрде 80-нен аса қызмет түрін көрсету мүмкіндігі бар. Оларды пайдалану үшін мемлекеттік қызмет алушылардың электрондық сандық қолы болуы керек. Департамент арқылы электрондық түрде лицензия алушыларға да осындай талаптар қойылады.