Биылғы жылғы әлемдік үлкен спорт оқиғасы – Қазан қаласында өтіп жатқан ХХVІІ Бүкілдүниежүзілік универсиада. Студенттердің осынау спорт сайысына Қазақстан Республикасының жоғары оқу орыдарында білім алып жүрген спортшылар да қатысуда.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бүгінгі таңға дейін біздің спортшылар ел құрамасының қоржынына екі алтын алқа салды. Алғашқы алтынға ауыр атлетші Фархад Харки қол жеткізсе, тоғызыншы шілде күні жерлесіміз, жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева 800 метр қашықтыққа жүгіруде алдына жан салмай, топ жарды. Ол осы қашықтықты 1 минут, 58.96 секундта жүгіріп өтіп, өзінің жеке рекордын жаңартты.
Шал ақын ауданындағы Новопокровка ауылында туған М. Мұқашева – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында аталған қашықтықта оныншы орын алған еді. Оны 1999 жылдан бері Петр Литвиненко жаттықтырып келеді.
– 2005 жылдан бері Қазақстан Республикасының құрамасына қабылданған. Ол өте ыждағатты, топ жаруға лайық шеберлікті меңгерген. Соны айғақтап, универсиаданың алтынын жеңіп алып, баршамызды қуанышқа бөледі, – деді бапкері Петр Николаевич.
Айтпақшы, осы универсиадада оған қатысқан екінші жерлесіміз – Евгений Эктов үш дүркін секіруде 16 метр 57 сантиметр көрсеткішпен қола алқаны қолға салды.
Бүгінгі күнге дейін ресейліктер алда келеді. Олар 20 алтын, 7 күміс және сонша қола алқа жеңіп алды. Қазақстандықтар тоғыз алқа иеленді.
СУРЕТТЕ: М. МҰҚАШЕВА.