Осы күндері барша Қазақ елі елорданың 15 жылдық мерейтойын атап өтуде.
5 шілдеде осынау ойын-тойдың, қызық-думанның ең басты шарасы “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрында шымылдығын түрді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтар мен астаналықтарды және Астананың мәртебелі меймандарын бас қаланың 15 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жақсыбай САМРАТ,
“Егемен Қазақстан”.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзін: “Қымбатты отандастар! Құрметті Астана қонақтары! – деп бастады. – Тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың айшықты нышаны – Астана қаласы бүгін 15 жасқа толды. Бас қаламыздың мерейлі мерекесі құтты болсын! Біз дүйім дүниеге Қазақ елінің жаңа астанасын паш етіп, беташарын жасағанымыз күні кеше ғана болатын.
1998 жылы Астана Есілдің оң жағалауында иін тірескен ескі үйлерден тұратын шағын ғана шаһар еді. Небәрі 15 жылда сәні мен сәулеті келіскен заманауи қалаға айналды. Бас қаламыздың 15 жылдығын әлемнің әйгілі театрларымен бәс таластыра алатын «Астана Опера» театрында өткізудің үлкен нышандық мәні бар”.
Мемлекет басшысы өткен жылы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясын осы шаңырақтан жария еткенін есіне алды. Бұл арқылы стратегияда айтылған ұрпақтар сабақтастығы идеясы Астана шежіресінен көрініс тапты, деді Президент. Алатаудан Арқаға бет алған ұлы көш тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтуда тарихи қадам болды. Тұтас ел болып жүзеге асырған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға әбден болады. Ұлы көш арқылы біз шын мәніндегі тәуелсіздікке ие болдық.
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда,
Еркіндік қайда болса, елдік сонда, – деген бабалар сөзіне біз ісімізбен көз жеткіздік. Еркін ойлап, дербес шешім қабылдайтын, тәуелсіз әрекет қылатын азат ел екенімізді таныттық. Сондықтан да, Астана – біздің егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаттығымыздың айнасы.
Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» концерт залы, Ұлттық музей сияқты ғимараттар мен олардың ішкі мазмұны біздің бүгінгі азат рухымыздың айқын көрінісі екенін атап көрсете келіп, Қазақ елінің жасампаздығын паш еткен ұлы көш оңай болмағанын, оны бәріміз бірге жүзеге асырып, бүгінгі биіктерге жеткенімізді көлденең тартты.
Тәуелсіздіктің тұғырын мызғымастай берік етіп нығайта отырып, Мәңгілік Ел болуды мақсат еттік, деп жалғады сөзін Президент. Астанасына қарап елін таниды. Астана келбеті – ұлт келбеті. Мен «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деп бекер айтқан жоқпын. Соңғы 15 жылда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі Астананың үлесі 45 есеге өсті. Тек 2009-2012 жылдар аралығында Астанада жыл сайын орта есеппен 17-18 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Астана тұрғындарының орташа жалақысы соңғы жылдары 10 есеге өсіп, 141 мың теңгеге жетті.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы елорда болашақтың, жастардың қаласы екенін айтып өтті. Мұнда халықаралық білім ошақтары, зияткерлік мектептер бой көтерді. Астанадағы 14 жоғары оқу орнында 50 мыңға жуық студент білім алады. Бір жарым мың жас өрен әлемдік деңгейдегі ғылым мен білім орталығы – Назарбаев Университетінің студенті атанды, деді Президент.
Егер 1998 жылы Астанада небәрі 200 мың тұрғын болса,бүгінде ол 4 есеге өсіп, 800 мыңға иек артты. Қаланың қаншалықты қарқынмен дамып келе жатқанын осы екі-ақ көрсеткішпен әйгілеуге болады. Ғасырлар тоғысында астанасын ауыстырған халқымыз небәрі 15 жылда осынау мыңжылдық қаланың берік іргетасын қалады. Бас қаламыздың құрылысы бүгінмен тоқырап қалмайды, ол мәңгілік жалғасын табады, деді Елбасы.
Бүгін Қазақстан бүкілхалықтық мереке – Астана күнін атап өтеді, деді әрі қарай Президент. Бұл ұлы дата біз үшін ерекше тарихи мазмұнға толы. 1994 жылдың 6 шілдесінде мен алғаш рет парламентшілер алдына астананы ауыстыру туралы мәселе қойғанымда, еліміздің Тәуелсіздігіне бар болғаны екі жарым жыл ғана толған еді. Бұл адам айтса сенгісіз фантастикалық идея болатын. Сөйтіп, осыдан 15 жыл бұрын еліміз үшін ұлт тарихының жаңа кезеңі басталды.
Елбасы бүгінде барша үшін қазіргі заманғы Қазақстан дамуында елорданың орасан рөлі бар екенін, бұл туралы сарапшылар да, қарапайым халық та айтып жүргенін, мұны, тіпті, 15 жыл бұрын астананы ауыстырудың дұрыстығына күмәнмен қарағандар да мойындайтынын айта келе, сол кезде қорқытып-үркіткен бірде-бір теріс болжам жүзеге аспағанын ерекше атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев түрлі қиындықтарға – табиғи, экономикалық және саяси күрделіліктерге қарамастан, бар-жоғы 15 жыл ішінде Астананың тек аяғынан ғана тұрып қоймай, ұлан-ғайыр даладағы ұлы шамшырақ секілді елімізге, бүкіл қазақстандықтарға өркендеудің оң жолын көрсеткенін және көрсетіп келе жатқанын көлденең тартты.
Астана біздің бүкіл елімізге қуатты пассионарлық серпін берді. Ол Қазақстанның көпэтносты халқына өзінің біртұтас тарихи тағдырының кереметтігін сезініп, өз күшіне сенуге көмектесті, деді Президент.
Астана – бүкіл Қазақстан үшін табыстың стратегиясы мен тактикасы, деп жалғады сөзін Елбасы. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, 15 жыл ішінде елорда қала экономикасының дамуы мен тұрғындар өсімінің адам сенгісіз жоғары қарқынын көрсетті.
Келесі кезекте Президент Астананың бүкіл Қазақстан экономикасының локомотивіне айналғанына тоқталды. Оның отандық құрылыс саласының тамырына қайтадан қан жүгіртіп, секірісін қамтамасыз еткен қуатты құрал болғанына назар аударды. 15 жылда елордада 11 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынғанын айтқаны да аталған тақырыптағы әңгімемен әдемі үйлесім тапты.
Астанада Қазақстанның жаңа инновациялық экономикасының ядросы қалыптасуда. Елорданың экологиясына да аса зор назар аударылып отыр. Бас қаланың көгалдандырылған аумағы миллиондаған шаршы метрлермен есептеледі. 2020 жылға дейін, тұтастай алғанда, қала ішіндегі және қала маңындағы 100 мың гектар жер көгалдандырылатын болады, деді Мемлекет басшысы.
Президент, сондай-ақ 15 жыл бойы Қазақстанның халықаралық беделі Астана даңқымен астасып келе жатқанын атап көрсетті. Біздің елордамыздың аты қазірдің өзінде жаһандық жылнамаға енді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елорданың дүниеге келуі мен қалыптасуы – біздің жаңа тарихымыздың тұтас бір эпопеясы. Мен күрделі міндеттерді шеше отырып, менің жанымда болғандардың, Қазақстанның жаңа елордаға ие болуына баға жеткізгісіз үлес қосқандардың бәріне шын жүрегімнен ризашылығымды білдіремін, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ертең баспасөзде менің елорданың 15 жылдығына арналған мақалам жарияланатын болады, деді сөзінің соңына таман Елбасы. Ол – менің жас елордамыздың өткені, бүгіні және болашақ дамуы тұрғысындағы ой-толғамдарым. Елорда – біздің халқымызды өсіп-өркендеудің жаңа белестеріне, Қазақстанды әлемдік танымалдыққа бастайтын жалпыұлттық идеямыз. Елорданы жаңа мыңжылдықта ғаламат болашақ күтіп тұрғанына менің ешқандай да күмәнім жоқ.
Мемлекет басшысы сөзінің қорытындысында былай деді:
– Әрбір қаланың өз тағдыры бар. Ол тұрғындарының, тұрған елінің тағдырымен тығыз байланысты. Біздің бас қаламыз Астана – тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Астананың болашағы – тәуелсіз еліміздің болашағы. Еркін еліміз өсіп, өркен жая берсе, елордамыз да алыс қиянға көз тігіп, дами беретін болады. Жас Астанамыздың қаласы да, оның тұрғындарының санасы да жаңа заманға лайық болса, шығар шыңымыз шырқау биікте болады. Халқымыздың жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі дәл осы жерде жазылып жатыр, жазыла да береді. Жасампаздықтың жарқын үлгісі, бейбітшіліктің бесігі Астанамыз еркін еліміздің түпкі межесі – Мәңгілік Елдің арқауы болып, жасай берсін!
Астана күні құтты болсын!
«Астана Опера» театрында болған шараға елімізге айрықша еңбек сіңірген ең атақты адамдар, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Парламент депутаттары, қоғам және мәдениет қайраткерлері, республикалық ұйымдардың басшылары, шетелдік ресми делегациялар мен дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, еліміздегі барлық беделді БАҚ-тардың басшылары қатысты. Қысқасы, бүгінгі таңда барлық жақсылар мен жайсаңдардың бәрі де осы мерекеге келген екен.
Осынша жақсыны құшағына сыйдырған Астананың бүгінгі таңдағы ең сәулетті өнер ордасы туралы да бір ауыз сөз айтпай кетуге болмайды. Сыртқы сәнінің өзі көрген адамға таңдай қақтырады. Мұндай театр Орталық Азия түгілі бүкіл ТМД, Шығыс Еуропа елдерінде жоқ. Ресейдің атағы жер жаратын Үлкен театрынан да, басқа да әлемдік айтулы театрлардан бұл орданың сахнасы анағұрлым биік әрі сапалы. Мұнда ең күрделі деген опералық және балет қойылымдарына қажетті техникалық жарақтар жеткілікті. Декорацияларды көзді ашып-жұмғанша ауыстыруға мүмкіндік беретін 127 көтеру машиналары бар. Ең ғажабы, мұнда қойылатын спектакльдер ешқандай микрофонсыз орындалады, өйткені, ғажайып акустикаға қол жеткізілген. Сахнаның едені мен қабырғалары қайың, шамшат және шие ағаштарынан жасалған. Бұл акустиканың барынша сапалы болуына мүмкіндік беретін материалдар екен. Осындай театр ХХІ ғасырда Еуропаның өзінде тек екі-ақ елде салынған. Олар Дания мен Норвегияның астаналары Копенгаген (2005 жылы) мен Ослода (2008 жылы) ғана. Енді осындай ғажайып өнер ордасын еуропалық биік деңгейде ұстау өнер адамдарының мойнында. Мерекелік концертке қазақ опера мен балет өнерінің бүгінгі таңдағы ең таңдаулы өкілдері қатысты.
Сахна шымылдығы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан алынған «Тойбастар» шығармасымен ашылды. Оны осы театрдың симфониялық оркестрі мен хорының сүйемелдеуінде республикаға еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері А.Жылтыркөзов пен А.Ниязова орындады. Одан әрі «Астана Балет» би ұжымы Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы «Шашу» биін және Е.Құсайыновтың «Аққу» композициясын биледі. Қазақстандық опера өнері шеберлерінің шығармаларынан соң кезек әлемдік опера классиктерінің жауһарларына берілді. Соның ішінде П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінен алынған вальс биленді. Халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Ахметова Моцарттың «Сыйқырлы флейта» операсындағы патшайымның ариясын, ал С.Байғожин мен Б.Әндіжанов Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсындағы Дон Паскуале мен Малатестаның дуэтін шырқады. Көрермендерді барынша разы етіп, қазақтың төл өнерінен де шығармалар орындалып тұрды. Соның ішінде Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішевтің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні жаңа сахнадан өзгеше үнмен тамылжыта шырқалды. Ал «Серпер» домбырашылар ансамблі салтанатқа жиналғандарға «Ұлы дала сазы» шығармасын ұсынды. Әншілер Б.Сауытова, А.Құмарова және П.Тұрарова орындаған қазақтың халық әндерінен орындалған попурридің де көрерменге берген әсері керемет болды.
Мерекелік кештің соңында әнші С.Байғожин Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған композитор Т.Мұхамеджановтың «Менің қалам» әнін орындады. Бұл әннің әсері де бөлекше болды. Тамаша концерт А.Жылтыркөзов пен барлық концертке қатысушылардың қосылуымен орындалған «Жаса Қазақстан – Жаса Нұрсұлтан!» композициясымен аяқталды. Әбден риза болған көрермендер бұл әнге түрегеліп қол соғып, құрмет көрсетті.
(“Егемен Қазақстан”, 2013 жылғы 6 шілде).