«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН БАБА РУХЫНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Темірғали КӨПБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Халықаралық “Алаш” әдеби
сыйлығының лауреаты.

 

“Қожаберген ғаділ ер,
Қадірін білген қалың ел.
Бөгенбайдай батырға,
Билігін берген ардагер.
Қожа-екеме Бөгенбай,
Шәкірт болған жан еді.
Сайлатқан оны ұстазым,
Қарадан шыққан хан еді”.

Бұқар жырау.
(“Ғаділ ер”).

Халықтың сөнер болса шамшырағы,
Тарих та көз жасына малшынады,
Басына туған елдің күн туғанда,
Қарадан халқын сүйген хан шығады.

Шер тұнып домбыраның шанағында,
Батқанда қасіреттен дала мұңға,
Қолбасшы, сардарбегі – Қожаберген
Қазаққа тұтқа болған заманында.

Астарлы ақиқаты ашылмаған,
Жоңғардан жапа шеккен ғасырда алаң,
Шындықты шырқыраған шежіре етті
Ғаділ ер – Қожаберген, асыл бабам!

Ақтабан, сұлама күн елестеді,
Басынан бұл қазақтың не көшпеді?
Жұртымыз жылағанда “Елім-айлап”,
Жұбатқан Қожаберген емес пе еді?

Тұс-тұстан ата дұшпан анталаған,
Үмітін Үш жүзімнің балталаған.
“Елім-ай!” – қиын күндер дерегі ғой,
Халқымның қайғы-шерін арқалаған.

Қайғырса, “Елім-айлап” жылап алып,
Қайралып, қайта көшкен бұла халық.
Тарпаң жыр,
Тархан ғұмыр тарих сырын
Тұмардай еске салып тұрары анық.

Қалмақтар қанға малып кең өлкесін,
Көшкен жұрт жау көргенде көлеңкесін.
Қайтпас ер, қажымас нар – Қожаберген
Көтерген жасын жырмен ел еңсесін.

Жанарын ыстық жасқа бұлауменен,
Босқан ел жанға сауға сұрауменен.
Баталы Бұхар бабам сол заманда:
“Ұстазым – Қожаберген жырау” деген.

Танылып заңға жүйрік кемел жері,
Ел үшін маңызды істе еленді ері.
Әз Тәуке “Жеті Жарғы” заң жаздырған,
Даланың дарқан ойлы кемеңгері.

Көгерткен көрікті оймен көсегені,
Қазақтың Қожаберген көшелі ері.
Билерден беделімен басым түсіп,
Абылайға ақыл айтқан көсем еді.

Қалардай қарсы келсе, қаймығып хан,
Ақберен ақын ел деп қайғы жұтқан.
Үмбетей, Ақтамберді, Тәтіқара
Өр жырын бабамыздың үлгі тұтқан.
Бөгенбай, Көшек батыр, Асқан, Жабай,
Ақпанбет, Жайнақ жаудан
жасқанбады-ай.
Болған соң пірі олардың Қожаберген,
Қала ма батыр рухы аспандамай?

Бесігін “бозым-айлап” тербеткенмен,
Қайран ел үміт күткен жөргекті ерден.
Қазақтың арғы-бергі бар тарихы,
“Елім-ай!” дастанында өрнектелген.

Бірлікті айнымайтын мұрат қылып,
Басынан күйкі мұңды лақтырып,
Бабаның өзі айтады өз жайында,
Байқасаң әр сөзіне құлақ түріп:

“… Атанған бабам Ғали “Ашамайлы”,
Өсірген мыңдап тайлақ, құлын-тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып,
Ел болып ерте кезден қанат жайды.

Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ен даласын,
Сауықшыл Орта жүздің Керейі едік,
Үш жүздің жат көрмеген еш баласын”.

“… Арғы атам – ту ұстаған ер
Көшебе,
Қай батыр тең келіпті Көшебеге?
Қазақтың кейінгі жас батырлары,
Жұрт ұстап, Көшебедей меңгере ме?”

“… Атыма көптен қанық Қазақ, Ноғай,
Есімім – Қожаберген, әкем – Толыбай.
Бөгенбайдан бұрынғы ордабасы ем,
Үш жүзде сардар болған қалың
қолға-ай”.

“… Қалмақтың қамалдарын бұзған талай,
Әз Тәуке тұсындағы қолбасы едім.
Кейінгі ақындарға нұсқа айтқан,
Қазақтың аға жырау жорғасы едім”.

Жайылған сахараға күллі атағы,
Жампозым осылай деп тіл қатады.
Жылдардың желкенімен жеткен үні
Көз жасын жылағанның құрғатады.

Тұлпарды тани білген жүрісінен,
Қарт бабам, қазыналы ырысым ең.
Дауылпаз ақын да өзің, батыр да өзің,
Қаламын тең ұстаған қылышымен.

Ел үшін басты тігіп бір өлімге,
Түн қатқан талай жылдар сүреңінде.
Ұрпақтың қамын жеген ұлы бабам,
Халқыңның мәңгі қалдың жүрегінде.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp