Жылдың он екі айының тоғызын мектепте өткізетін балғындар үш ай демалысты асыға күтеді. Жаздың жайма-шуақ күндерінде балалар ұйқыларын қандырып, суға шомылып, жидек пен саңырауқұлақ теріп рахатқа бөленеді. Осындай демалыс сыйлайтын орынның бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Березка” лагері көп жылдан бері қызмет көрсетіп келеді.
Медет БЕКІШЕВ,
қоғамдық тілші.
Лагерь директоры Салтанат Мәдиеваның айтуына қарағанда, оқушылардың алаңсыз демалуына мұнда барлық жағдай жасалған. Қайта жөндеуден өткен лагерьде сегіз үй, асхана, клуб, монша, спорт алаңы және тағы басқа қажетті орындар бар.
– Сауықтыру лагерінің “Жастар KZ” деп аталатын екінші маусымында он мен он бес жас аралығында 117 бала демалуда. Балалар жас ерекшеліктеріне қарай сегіз топқа бөлінген. Тәуліктің үш мезгілінде ыстық тамақпен, екі мезгіл қосымша тамақтанған оқушылар уақыттарын босқа өткізбей, тәрбиешілері ұйымдастырған іс-шаралардан қалыс қалмайды. Мұнда әр күндерін мәдени, спорттық, саламатты шаралармен жоспарлап қойған тәрбиешілер балалардың зерігіп кетпеулеріне баса назар аударады. Басты мақсат – қазақ тілінде қарым-қатынас жасап, іс-шаралардың мемлекеттік тілде өткізілуі шарт, – деген демалыс орнының басшысы төрт маусым жұмыс істейтін “Березка” сауықтыру лагерінде аудан балаларының ақылы түрде, ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың бүлдіршіндеріне тегін жолдама берілетіндігін айтты.
Бір маусымда 100-ден 120 балаға дейін қабылдауға қауқарлы демалыс орнының психологі, екі медбике және тәрбиешілері маусым сайын тынығатын балалардың денсаулығы мен тәртібін қадағалайды. Әр жасаққа екі-екіден бөлінген тәрбиешілер қызықты ойындар ұйымдастырып, демалушыларды серуенге шығарады. Мұнда демалушылардың тамақтану мәселесі де оңынан шешілген. Күнделікті ас мәзірінен көкөніс, жеміс-жидек пен қуатты тағамдар да түспейтін көрінеді. Таза су да уақтылы жеткізіледі. Сонымен қатар лагерьде қазақ, ағылшын тілдері, би, шахмат пен дойбы және қолөнер үйірмелері ұйымдастырылған. “Биылғы маусымда лагерь жұмысына аудандық бюджеттен 680 мың теңге қаржы бөлініп, сол қаражатқа лагерьге жетпіс төсек орын, ыдыс-аяқ, дәрі-дәрмек, қалам-қағаздар және тағы да басқа қажетті керек-жарақ сатылып алынған. Дегенмен, балалар орналасқан үйлердегі жиһаздар көнелеу, болашақта ауыстыру жоспарымызда бар”, – дейді Салтанат Мәдиева. Сондай-ақ аудан әкімі үстіміздегі жылы лагерьге “Жигули” жеңіл көлігін бөлген. Бұл жергілікті билік тарапынан лагерьге жасалған үлкен қамқорлықтың бірі.