Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры Марат Мұстафиннің төрағалығымен қоғамдық тыңдау өтті. Энергетиктер өткізген жиынның күн тәртібінде “СҚ ЭТЖ” АҚ-ның 2016 жылға дейін нормативтік-техникалық шығындар көлемін 12 пайызға дейін азайту мәселесі қаралды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алқалы жиынды ашқан Марат Мұстафин бүгінде пайдаланып отырған нормативтердің 2013-2015 жылдарға арналғандығын айта келіп, департаментке электр желілерін таратушы мекеменің 2016 жылдың шығындарын бекітуге өтінім жасағандығын хабарлады.
Жиын барысында баяндама жасаған “СҚ ЭТЖ” АҚ президентінің міндетін атқарушы Вячеслав Утябаев мекеменің облыс бойынша жалпы аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын, ұзындығы 13,6 мың километр болатын электр желісін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырғандығын тілге тиек етті. Ал 2013 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап барлық электр желілерін таратушы компаниялар жаңа әдіс бойынша жұмыс істеуде.
Оның айтуына қарағанда, сараптамалық тәсіл 3 жылға енгізілген. Бүгін осы жүйенің тиімділігін сезініп отырған өңіріміздің энергетиктері нормативтік-техникалық шығындар алдағы уақытта біртіндеп азаятындығына сенімді. Мұндай шығындар көлемін 2000 жылғы 17,17 пайыздан 2012 жылғы 13,16-ға дейін кеміту құрылғыларды жаңарту мен желілерде жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында мүмкін болды. Жалпы қолға алынған бұл шаралар келешекте тарифтің өсуін ауыздықтауға, электр энергиясын үнемдірек пайдалануға септігін тигізбек.
– Бүгінде кешенді жоба аясында жұмыс істеудеміз. Еуропалық жаңғырту және даму банкінен 9 миллион АҚШ долларының несиесін алдық. Бұл қаржы 2013-2015 жылдар аралығында электр энергиясын есептеудің автоматты жүйесін енгізуге, электр желілерін жаңартып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. Сондай-ақ шығынның орнын толтырып, қызмет сапасын арттыру үшін энергия, ресурс үнемдеу бағдарламасы қолға алынды. Алдағы уақытта біз шығын көрсеткішін 12 пайызға дейін азайтуды көздеп отырмыз, – деген Вячеслав Утябаев алдағы үш жылда жарық үлестіретін сымдар оқшауланған үлгілеріне алмастырылатындығын атап өтті. Маманның айтуына қарағанда, бұл өз кезегінде желіге қосылып, ток көзін ұрлайтын азаматтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл болмақ.
Жиынды қорытындылаған Марат Мұстафин жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Мемлекет басшысы мен ҚР Үкіметі қойған міндеттерді іске асыруда оң нәтижелерге қол жеткізу қажет екенін атап өтті.